«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫНДЫ БӘЛДІКОВТЕР – бидай сеуіп, мал өсірген отбасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Қарағаш ауылындағы “Бәлдіков Қошан” ШҚ 1998 жылдан бері жұмыс аясын да, өрісін де кеңейтуде. Осы ауданға іссапарымызда аталмыш қожалықтың басшысы Мүбәрак Бәлдіковпен жүздесуді жөн санадық.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

90-шы жылдардың ішінде “бөліп ал да, билей бер” идеясы өршіп тұрған кезде Қарағаш ауылында 8 бірдей шаруа қожалығы құрылған екен. Сол уақытта 500 гектар жер алған Бәлдіковтер отбасы да “Бәлдіков Қошан” ШҚ құрды. Өз істерін егін шаруашылығынан бастаған ағайынды төрт жігіт бір-біріне сүйеу болды. Қазір сол қолдауларының жемісін көріп отыр. Өткен 14 жылдың ішінде манағы 8 шаруа қожалығынан тек екеуі нарық ағысында қалыпты. Оның бірі – біздің кейіпкерлеріміз.
“Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді” демекші, алғашқы жылдары шаруа қожалығының жұмысын жандандыруда қиналса да ебін тапқан Бәлдіковтердің отбасы қазір егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде шаруа қожалығының жұмысымен тікелей айналысып жүрген Мүбәрак Қошанұлының айтуынша, 2000-нан астам гектарға егін сеуіп, техника паркін қуаттандырып жатқан көрінеді. 4 “К-700”, 8 комбаин, 5 “КамАЗ”-ы бар шаруашылық жыл сайын қажетті техника алуды дәстүрге айналдырған.
– Биыл 130 гектар жерге майлы дақыл септік. Оның қалай өсетіндігін көрмекпіз. Егер бітік шықса, алдағы уақытта тек майлы дақылдар өсірсек деген ойымыз бар. Ал қазір астықты “Азық-түлік корпорациясы” АҚ-на тапсырамыз. Бізге ең жақын элеваторлар 19 және 32 шақырым жерде орналасқан, – деген Мүбәрак Қошанұлының мал шаруашылығына ден қойғанына да біраз жыл болған. Бүгінде өрісінде 138 жылқы, 600-ге жуық қой, алпыс шақты қазақтың ақ бас сиыры жайылып жүр. Ірі қара басын жыл сайын көбейтіп жатқан шаруашылық екінші мал қораны салу үстінде.
– Жаңа мал қораға қажетті материалдарды арнайы алдыртып жатқанымызға кейбіреулер “Неге қолда бардан сала бермейсің?”, – деген ақыл айтады. Өсірем деген мақсатпен мал жинағасын оларға жайлы қоныс қажет қой. Қолға алған шаруаға әу бастан немқұрайды қарауға болмайды, – деген “Бәлдіков Қошан” ШҚ-ның басшысы Мүбәрак жемшөп жеткілікті екендігін айтты.
Бүгінде аталмыш шаруашылықта 14 кісі тұрақты жұмыс істейді. Дені – Қарағаш ауылының тұрғындары. Арасында Шөптікөл жетім балаларға арналған мектеп-интернатының түлектері де бар. Барар жері, басар тауы жоқ жастарды жұмыспен қамтамасыз еткен шаруашылық иесі оларға ауылдан үй алып берген. Қазір елу шақты үй ғана қалған Қарағаш ауылы тұрғындарының қатарын осылай көбейтуді ойлаған басшы азамат бастауыш мектептің әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмаған. Мектеп оқушыларының түрлі байқаулар мен жарыстарға қатысуына мүмкіндік жасап, барлық қажеттіліктерімен қамтып отырғандағы көздегені – білім ордасын қайткенде де сақтап қалу. Себебі, мектеп болмаса, ауылдың да құрығаны емес пе?! Осы орайда қолдан келгендерін жасап жатқан шаруа қожалығы, ауылдың да өзімен бірге дамығанын қалайды.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp