«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНДАРЛАР СОТТАЛҒАНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайрат ЖАНАХМЕТОВ,
ЕС-164/3 мекемесінің бастығы.

Соңғы кезде Қазақстан аумағында діни экстремизм тақырыбын барынша ауқымды қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Өйткені, теріс ағымдарды қазақ қоғамына енгізуге әрекет етушілер жиі бой көрсетіп жүр. Сондықтан діни шараларды Құдайға құлшылық ететін жерлерде ғана емес, сонымен қатар қылмыскерлер жазасын өтеп жатқан мекемелерде де өткізу – заман талабы.
Осыған орай Павлодар облысы “Мәшһүр Жүсіп” мешітінің наиб имамы Батырбек Убаев, Ақмола облысы “Науан хазірет” мешітінің наиб имамы Қанат Алшымбаев және Дін істері агенттігінің басқарма бастығы Балтабай Мекежанов “ЕС-164/3 мекемесі” РММ-не ат басын тіреп, жазасын өтеушілермен жүздесті.
Кездесудің басты мақсаты – сотталғандардың рухани білімдерін көтеру, ислам дініне деген оң көзқарастарын қалыптастыру, жазасын өтеуші азаматтар арасында экстремистік идеялардың алдын алу.
Дін өкілдері елдегі діни ахуал жайлы баяндап, дәстүрлі Абу Ханифа мазхабы, дәстүрлі емес діни ағымдар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жиһад жайына, ислам дінінің рухани құндылықтарына, экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу шараларына тоқталып, олармен қандай күрес жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ жастар арасындағы суицид тақырыбы да назардан тыс қалмады. Қазақстандағы рұқсат етілмеген радикалды діни-экстремистік және лаңкестік ұйымдар жайында да әңгіме өрбіді. Елуден астам жазасын өтеуші на-сихат тобының әңгімелерін мұқият тыңдап, діни сауаттылығын арттырды. Әңгіме барысында сотталғандар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.
Кездесу соңында келген қонақтар жазасын өтеушілердің алдағы уақытта еліміздің абыройлы азаматтарының қатарына қосылуларына тілектестік білдірді.
Осындай кездесулер мекемеде жиі өткізіліп тұрады. Мұндай шаралардың жазасын өтеушілер үшін діни, рухани және тәрбиелік жағынан пайдасы зор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp