* желін ұшының түсіп қалуы;
* құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
* жілігі майсыз, ауру болуы;
* тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы;
* жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
* ауру екендігі анық белгілі болуы.
Құрбандық шалуға ниеттенген адамның сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда, жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен, осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі, жоқ-жітік жанға құрбандық шалу – нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.
– Құрбандыққа шалынатын малды кімдер және қалай союға тиіс? Кез келген адамның малды бауыздай беруіне бола ма? Малды союға жыққаннан кейін аят оқу шарт па?
– Мұсылман – Алла тағалаға толықтай мойынсынған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: “Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан”, деп айтылады (Хаж сүресі, 32). Сондықтан да Алла тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.
Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм):
“…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын”, – деген мына бір хадисінің астары терең.
Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шал-ғаны – мұстахап (ұнамды іс). Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.
Құрбандық шалған кезде тө-мендегі жайттарға да назар аударған жөн:
* құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
* құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
* құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу.
Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқығаны абзал:
“Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің Раббысына бағыттадым” (Әнғам сүресі, 6/79).
“Былай де: “Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін” (Әнғам сүресі, 6/162-163).
Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе “Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!” деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен “Алла акбар!” және “Лә иләһатиллаллаһ” деп айтылады.
* Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға бол-майды. Пышақ өткір болуы тиіс.
* Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін, оң қолымен “Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда “Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмиллаһи деп айтпаса, Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).
* Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
* Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.
* Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
– Құрбандыққа малды қай мезгілде сойған дұрыс?
– Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жа-рықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін, түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал Құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.
– Құрбандық мал сойдық делік. Енді оның еті мен терісін не істеуіміз керек? Кейбір жерлерде бес-алты үй қосылып, бірін-бірі кезектесіп шақырып, піскен етті өзара бөлісіп алады. Осы дұрыс па?
– Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедей-лерге жегізіңіздер”.
Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) бұл жайында: “Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні”, – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм): “Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады”, – десе, тағы бірде: “Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла тағаланы құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар”, – деп, құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.
Айттың алғашқы күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахап (жақсы амалдарға жатады).
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, “Айт құтты болсын!” айтысады. Айт күндері мейілінше көтеріңкі көңіл күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp