«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕЛҚОСТЫҚ — ҚАСІРЕТ БАСЫ, онымен күресті өз ортамыздан бастаған жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы уақытта қоғамда селқостық белең алып барады. Алайда, бұл жаман әдетпен күресу мүмкін емес деу қате. Бұл – баршамызға ортақ мәселе, сондықтан оның тамырына балта шабуға асыққанымыз жөн. Мәселен, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, біреуді қорлау немесе тіл тигізу, тұрғын жайларды бүлдіру, саябақтар мен демалыс орындарында қоқыс тастау – мұның барлығы айналамызға, жанымыздағы адамдарға немқұрайды қараудан басталады. Қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұзатын іс-әрекеттер үйреншікті жағдай болып кетті. Мұның соңы өмірімізде жайсыздық тудырып, аурудың, машақат пен өлімнің орын алуына әкеліп соқтырады. Сондықтан осындай келеңсіз әрекеттер жасаған адамдар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылуы тиіс.  

Асламбек КӨШЕНОВ,
Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

Бұған өлімнің қандай қатысы бар деп ойлауларыңыз мүмкін. Бұған жауабым: өлім өмір сүру деңгейіне, ділге тікелей байланысты. Өкінішке қарай, қылмыстың соңы өлімге әкеліп соқтырады. Дамыған елдердегі өмір сүрудің орташа ұзақтығының біздегіден артық болуы – осыған дәлел.
Селқостыққа селқостықпен жауап беруге болмайды. Мәселен, бір адам қоршаған ортаны ластап, айналасына селқостықпен қараса, бұған біз немқұрайды болмағанымыз жөн. Тіпті, соңғы кезде кісі өлтірген қылмыскерлер туралы хабарды да немқұрайдылықпен қабылдайтын болдық. “Мұнда тұрған не бар? Әр күн сайын кісі өлуде”, деп санамызға сіңген оймен жүре беруіміз мүмкін. Араларыңызда мұндай қылмыстармен, оларға кінәліні тауып, жазасын берумен күш құрылымдары айналысуы тиіс қой деп те ойлайтындарыңыз бар шығар. Бірақ шын мәнінде олай емес. Қылмыс жасаушы, ол – өзіміздің ортамыздан шыққан адам. Ол – біздің көршіміз немесе сыныптасымыз, яғни қоғамымыздың бір мүшесі. Сондықтан қылмыскердің арамыздан шыққанын, оның заңға қайшы әрекетке баруын өз ортамыздағы себептерден бастаған дұрыс деп ойлаймын.
Қылмыс қасіреттің соңғы сатысы болса, басы жоғарыда айтылған селқостықта. Егер біз оған немқұрайды болмай, қол ұшын созғанда, мұндай келеңсіз жағдайларға тап болмас едік. Мәселен, ол бастапқыда былапыт сөйледі, қоқыс шашты. Ал біз бұған мән бермей, жүре бердік. Мұның соңы қайғыға, қылмысқа әкеліп соқтырмауына кім кепіл? Құқық қорғау өкілдері осындай жағымсыз жайттардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізгенімен, өзіміз қоғам болып әрекет етпесек, жағдайдың оңалмасы анық. Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу және осыған орай басқа да іс-әрекеттер заң және басқа да имандылық нормаларына сәйкес төңiрегiндегiлердi сыйламаушылық деп бағаланады. Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу ұсақ бұзақылыққа жатады. ҚР ӘҚБтК 330-бабы 1-тармағына сәйкес, осындай әрекетке барғандарға айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынады немесе құқық бұзғандар он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынады. Жауапқа тартылған тұлға екінші мәрте осындай әрекетке барса, онда ол айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл төлеуге міндетті, не он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынады.
Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты осындай құқық бұзушылық бойынша жыл басынан бері 185 іс қарастырды. Нәтижесінде 179 тұлға жауапқа тартылды, 119-ы айыппұл төлеп, 60-ы тұтқындалды. Өткен жылы мұндай құқық бұзушылық екі есе аз болған.
Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу немесе белгіленбеген жерге қоқыс лақтыру – айналадағыларды құрметтемеудің белгісі. Мұнымен біз бірлесіп күресуіміз қажет.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp