«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қыдырәлі БОЛМАНОВ:“ДҮНИЕДЕН НЕ АЛАРЫҢДЫ ЕМЕС, АРТЫҢА НЕ ҚАЛДЫРАРЫҢ ДЫ ОЙЛА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Музыкант әрі продюсер Қыдырәлі Болманов “Ұлытау”, Қарақат, “АБК” сынды продюсерлік жобаларына 10 жыл толуына орай концерттік бағдарламамен өңірімізге келіп, қызылжарлықтарға екі мезгілде концерт берді. Әдетте танымал адамдар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен қашқақтап, уақыт жоқтығын сылтау етіп, жалтарып жатады. Бірақ Қыдырәлі Болманов ондай жандардың қатарына кірмейтінін бірден-ақ аңғартты. Есік сыртында газеттен келген тілшілер тұр дегенді естіген бойда гримдейтін бөлмеге кіруімізді өтінді…

–Қолға алған жобаларыңызға 10 жыл толуына орай ұйымдастырып жатқан концерттеріңіздің мақсаты қандай?
– Былтыр Астанада Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен бұл гастрольдық сапар басталған болатын. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстанның барлық қалаларын араладық. Енді Қызылжар өңіріне ат басын тіреп отырмын. Біз үшін гастрольдық сапар деген кәдімгі спортшылардың жаттығуындай дайындық тәрізді. Екіншіден, елмен кездесу. Ата-әжелеріміздің батасын алып, көрермендеріміздің ілтипатына бөлену. Көрерменмен қауышқан сайын әртістеріміз күш-қуат алады. Әр концерт бұл бір жағынан сын болғанымен, біз үшін мереке. Халықпен тілдесу. Өзіміздің не істеп жатқанымызды айтатын, көрсететін сын сағаты сынды. Құдайға шүкір, халқымызға көрсететін және айтатын дүниелеріміз жетіп жатыр.
– Қыдырәлі аға, сізді халық әнші ретінде таныды. Қазіргі таңда еліміздегі шоу-бизнес саласында өсіп- өркендеп келе жатқан продюсерлердің бірісіз. “Ұлытау”, Қарақат, “АБК”, “Бал-бала” сынды бірегей жобалардың авторысыз. Ісіңіздің жемісті болуының сыры неде?
– Қарапайым бір концерт ұйымдастыру үшін көрермен жинайтындай тиісті жұмыс атқару керек. Продюсерлік жұмыс тек қана клип түсіруден тұрмайды. Мәселен, менің продюсерлік жұмысым – ұйымдастыру, өсіру, жобаның одан арғы стратегиялық бағытын анықтау сынды бөліктерден тұрады. Өзімнің сахнада жүргеніме 19 жылдай уақыт өтіпті. Қай концертіміз болсын аншлагпен өтіп жатыр. Соған Құдайға шүкір деймін. 19 жыл сахнада жүру деген оңай емес. Біздің алдымызда мысалы Роза апамызды алатын болсақ, ондай танымал әншілер ілуде біреу ғана. Бүгінгі таңда біз сол әртістеріміздің ізін басып келе жатырмыз. Кеше ғана “Дос-Мұқасандағы” ағаларымызбен бір концертте кездесіп қалдық. Оларға қара-сам, өзімді баладай сезінемін. Ағаларымыздың аттан түспей жүргеніне қанша жыл болды? Менің бала кезімдегі “Дос-Мұқасан” – әлі күнге дейін сол “Дос-Мұқасан”. Ондай ағаларымыз бізге үлгі.
– Продюсерлік жобаларыңыз жайлы айта өтсеңіз.
– Қарақат, “Ұлытау” этно-рок тобы. Содан кейін “Бал-бала”. Бір “Ұлытаудың” өзін 14 жылдай “арқалап” келе жатырмын. Бұл бір адамға кәдімгідей жүк. Неге? Өйткені, олар шеберліктері өте жоғары музыканттар. Ол музыканттарға ақша төлеуім керек. Сіз, мәселен, газетте жұмыс істейсіз. Айлық аласыз. Айлық төлеу үшін ол газеттің таралымы көбеюі керек. Жылдан-жылға өсуі қажет. Ол да тынымсыз еңбек. Солай емес пе? “Ұлытау” да дәл солай. Ол да сондай еңбекті, қара тердің төгілуін қажет етеді. Бұл “Ұлытау” – әлемге ұмтылған “Ұлытау”. Бүгінгі таңда әлемнің барлығы “Ұлытауды” біледі, таниды. Қазақ тарихындағы алғашқы көкжиегі кең танымал этнорок тобы. Топтың географиясы өте кең. Елімізде танымал дәл сол “Дос-Мұқасанды” алып қарайтын болсақ. Ол әлемде “Ұлытау” сияқты танымал емес. Әрине, оларды салыстырудан аулақпын. Бірақ осы арқылы бұл жобаны алып шығудың өзі оңайға тимегенін айтқым келеді. Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсатым – домбыраның үнін көзден де, көңілден де кетірмеу. Дәстүрлі музыка жылына бір-екі рет шығуы мүмкін, оны жақсы білесіз. Ал эстрада күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан эстраданы құрал ретінде пайдаланып, “Ұлытау” арқылы домбырамен күй ойнауға және Голливуд оған Гран при береді деген психологияны қалыптастыра алдым. “Ұлытауды” продюсер ретінде өмірге әкелдім. Яғни, бапкер ретінде, мың құлынның ішінен бір құлынды таңдап алып, оны баптап, уақытында ұйықтатып, тазалап, тамағын ішкізіп, керекті дәруменін беріп, уақытында суарып, жуындырдым. Яғни, мен шеберханасы бар продюсермін. “Ұлытау” да, Қарақат та – менің шығармашылығымнан туған туындылар. “Бал-бала” компаниясы ол өз алдына бір төбе. Қарақатты концерттерге алып жүрудің өзі қиын. Балашағамыз бар. Соның барлығына қарамай үлгеру деген адамды кейде шаршатады. Тамағың дұрыс ішілмейді. Ұйқың қанбайды. Қарақат екеуіміз үйіміздің маңына жақындап тұрып, Астана әуежайының қонақүйіне орналасуға мәжбүр болдық. Шымкентте берілген концерттен кейін Қызылжарға ұшуымыз керек. Ал ол ұшақ 2 сағаттан кейін ұшады. Арасы 2-ақ сағат. 40 минутта үйге баратын болсақ, әуе-жайға 40 минутта қайтуымыз керек. 20 минут үшін үйге барудың еш мәні болмады. Жолсапар деген – ер адамға да, әйел адамға да үлкен сын. Үлкен жұмыс. Кейде шаршағанда шахтер болып неге қызмет етпедім деп ойлаймын. Ешқайда ұшпайсың, әйтеуір, жұмысың да, үйің де бір жерде. Сондай жұмыс оңай ма деп қаламын кейде. Өйткені, рухани жұмыс сырт көзге оңай көрінгенмен, оның артында кәдімгідей тұнып тұрған еңбек тұр.
– Алдағы жоспарларыңыз жайында бөліссеңіз.
– Ұрпақ тәрбиесімен, тіл дамыту саласымен айналысып келе жатқаныма көп уақыт өтті. Осы мақсатта “Бал-бала” компаниясын аштым. Бір дәнді алып, жерге отырғызып, суын, тыңайтқышын уақтылы беріп отырсаңыз, ол өседі, өнеді. Сол дәнім – “Бал-бала” компаниясы. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жоба. Осыған дейін баланың санасына нені сіңіріп жатқанымызды ескермеген екенбіз. Қазіргі балалар “Никельодеон” арнасын көріп, өсіп келеді. Ал мұны көріп өскен бала қазақ болып өспейді. Бұған сіз де, мен де келісемін. Барбимен ойнаған қыз да қазақ қызы болып өспейді. Өйткені, ол санасына жат дүниені қабылдап, толығады. Жат тіл ана тіліндей қабылданады. Сондықтан да ол қазақшаны білмей, жатсынады. Білемін деп те ұмтылмайды. Қазақ баланы 6 жасқа дейін патшадай күт, дейді. Неге? Себебі, 6 жасқа дейін баланың ой-санасы қалыптасып үлгереді. Ал 6 жасқа дейінгі бала не істейді? Ол ойнайды. Ойын арқылы оның санасы қалыптасады. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеуде ойыншықтар үлкен рөл атқарады. “Бал-бала” – ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды жобалардың бірі. Қазіргі таңда оны көбі түсінбей жатыр. Бірақ уақыт өте халық бұл жобаның мәнін ұғынады. Тіл, діл және мәдениет мәселесі балаға бесігінен жетпесе, одан кейінгінің барлығы құр бос сөз. Алаңға шығып айғайлаймыз ба? Шыңғырамыз ба? Ысқырамыз ба? Бәленбай ақша бөлеміз бе? Одан түк пайда болмайды. Ол құмға құйылған су сияқты.
– Сұхбат соңында өзіңіз жайында айтып кетсеңіз.
– Мен Жезқазған қаласының маңындағы Ұлытау ауданының, Қарсақбай ауылында дүниеге келгенмін.
– Топтың атауын сондықтан да “Ұлытау” деп қойған екенсіз ғой?
– Иә, әрине. Ұлытау – қазақ хандарының тоғысқан жері. Ел мен жер болашағына қатысты тарихи шешімдер қабылданған жер. Мен сол ауылда туып-өстім. Топтың атын естігенде шетелдік көрермендер қазақ халқының мәдениетін, тілін, ділін, ұлттық құндылықтарын бірден ұғынсын деп “Ұлытау” қойдық. Марқұм Ақселеу Сейдімбеков ағам қайтардың алдында 5-6 ай бұрын маған телефон шалып: “Ай, Қыдырәлі айналайын, үрдісті ұлы адамдар ғана жасайды”, – деді де, бір минуттай үнсіз тұрып: “Бірақ сен өзіңді ұлымын деп қалма”, – деді маған. Сол үнсіздікте қандай астар жатыр?! Маған лепіріп, лағып кетпе деп тұр ғой. Сондықтан мен жұлдызбын деп дандайсудан аулақпын. “Ұлытау” – қазақ ұлттық музыкасын әлемге танытқан формат. Ал формат дегеніміз – үрдіс, ол да бір ағым. Қарақат – шоу-бизнестегі қазақ қызының үлгісі. “Бал-бала” компаниясы да – келешек ұрпаққа қалатын мол мұра. Қазақ халқының төл ойыншықтары. Бұл жобалардың барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр. “Дүниеден не аларыңды емес, артыңа не қалдырарыңды ойла” деген амал жасап келе жатырмын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp