Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында: “Әр адам мамандығы мен лауазымына қарамастан, өзінен: “Мен бірінші кезекте өз басымдағы инерцияны жеңу үшін не істедім?” – деп сұрауы тиіс… Шындықты мойындайық: болашақта, ХХІ ғасырда тек Еңбек қана барлық қазақстандықтардың Әл-ауқатқа және жаңа Өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады”, – деген сөздері тектен-текке айтылмағанын байқап та, көріп те жүрміз. Шал ақын ауданының Ы.Ыбыраев ауылындағы “Әлмира” дүкенінде болғанымызда осынау ұлағатты сөздің айна-қатесіз ақиқатқа айналып жатқандығына тағы да көз жеткізе түстік…
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кәсібінен нәсібін тауып отырған бизнес өкілімен таныстыруды сұрағанымызда Аютас ауылдық округінің әкімі, осы елді мекеннің тумасы Науқан Таласбаев ең бірінші болып Қайша Әлдименованы атап, өзі жол бастаған еді.
Міне, “Әлмира” деп аталатын азық-түлік және күнбе-күн тұтынатын тұрмыстық тауарлар дүкені. Ауқымды ғимараттың бір бөлігінде сауда жасалады да, екінші бөлігі ойын-сауық өткізетін орын екен. Оған 150-ден астам адам сиятын көрінеді.
– Алғаш дүкен ретінде салынған ғимарат тоқырау кезінде иесіз қалып, қираудың аз-ақ алдында тұрды. Соны заңдастырып, өз меншігімізге алғамыз. Бар қаражатымызды жұмсап, төрт қабырғасы ғана қалған нысанды күрделі жөндеуден өткіздік. Сөйтіп, немереміздің есімі берілген “Әлмира” дүкені дүниеге келді. Оған да 7 жыл болып қалды, – дейді Қайша Кәкімқызы. Күнбе-күнгі қажетті тауарлар, көкөністер мен жемістердің алуан түрі Петропавлдағы көтерме сауда орталықтарынан тасымалданады екен. Бағасы – қаланікіндей қолжетімді.
Жеке кәсіпкердің тағы бір жаңалығы наубайхана ашқандығы болып отыр.
– Сұранысқа қарай тәулігіне 120 бөлкедей нан пісіреміз. Биыл келісімшартқа отырып, тұрақтандыру қорының ұнын пайдалана бастадық. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка аулынан әкелінеді. Айына жеңілдетілген бағамен 1-2 тонна 1-ші сұрыпты ұн алып тұрамыз. Сондықтан 650 грамдық нанды 45 теңгеден көтеріп көрген емеспіз. Жергілікті мектептің нан-тоқаш өнімдеріне деген тапсырысын да қанағаттандырып отырмыз. Жаңа цехтың ашылуына байланысты жұмыспен қамту орталығынан арнайы дайындықтан өткен кондитер маманын жұмысқа алдық. Ол – өзіміздің ауылдың тумасы. Арнайы маман әзірлеген нан үйдікіндей көтеріліп піседі. Сондықтан ас атасы сөрелерде жатып қалмайды, – дейді Қайша Әлдименова.
Жеке кәсіпкердің Құдай қосқан қосағы Тәшет Байбатыров зейнеткерлікке шыққанға дейін мал дәрігері болып қызмет атқарыпты. Сондықтан болар, ынтымағы жарасқан отбасы қосалқы шаруашылықтарында мал басын көбейтуге де баса ден қойып отыр. Отыз шақты қара малы, соншалықты қойы, аз-мұз жылқысы бар көрінеді. Ерлі-зайыптылар биыл ақылдаса келіп, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы арқылы екінші деңгейлі банктен 2 млн. теңге несие алыпты.
– Бөлінген қаражатқа Тайынша ауданындағы “Алабота асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-ден қазақтың ақ бас мұқыл 5 тайыншасы мен герефорд тұқымды бұқасын алдық. Бұл етті бағыттағы мал ғой. Өзіміздің қотанда олардан туған үш бұзау сиырлармен бірге бағылып жүр. Мал басы көбейген соң 1 бақташы жалдадық. Ол да жұмыспен қамту орталығы арқылы. Енді осы бағытта жұмыс істеп көрсек деген ниетіміз бар. Үйдегі мал фермасының қыр-сырын отағасы жақсы біледі. Сол кісі басшылық етеді. Тек су құбыры мұнарасының алыстығы мен электр қуатының жетімсіздігі, мал жайылымының аздығы ғана қолбайлау болуда. Бұл мәселелер де алдағы уақытта шешімін табады деген үмітіміз бар. Әйтпесе, мал өсіруге, қалаған ісіңмен айналысуға Елбасымыз бен Үкіметіміз барлық жағдайды жасап жатыр. Ауылда тұрған соң бізге беріліп отырған барлық мүмкіндікті толық пайдаланып қалуымыз керек. Заман көшінен кейін қалуға болмайды. Жастар мен орта буынға біз сияқты үлкендер үлгі көрсетпесе, кім жол ашып береді? – дейді жекеменшік дүкенінде саудасын жасап, үй шаруашылығын да дөңгелетіп отырған Қайша Кәкімқызы.
СУРЕТТЕ: жеке кәсіпкер Қ.Әлдименова.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Түйін: Дастан, Дархан және Ғалым есімді ұлдарын өсіріп, жоғары білім алу-ларына барлық жағдайды жасаған, бұл күндері олардан 5 немере сүйіп отырған отбасының тірлігі осындай. Ешкімге жаутаңдамайды, шау тартқандарына қа-рамастан, кез келгенге үлгі боларлықтай тірлік жасап жатыр. Нарық заманына сай еңбектенуде деген осы емес пе?! Барлық ерлі-зайыптылар осындай болса ғой!