«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ӨТКІЗІЛМЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұсылман қауымының жылда асыға күтетін ұлық мерекесі – Құрбан айтты жоғары дәрежеде өткізу имамдар мен молдалардың іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне тікелей байланысты. “Қызылжар” мешітінде осы мәселеге орай қалалық және аудандық мешіттер бас имамдарымен өткізілген екі күндік семинар-кеңесте наиб имам Қадырбек Шәріпов осыны қадап айтты.
Басқосуда бас имамдар айтулы мерекеге дайындық ерте басталғанын айтты. Атап айтқанда, мешіттер, базарлар аулаларына, көшелерге баннерлер, плакаттар ілінуде, газеттерде мұсылман қауымына құттықтаулар, Құрбан айт туралы уағыз материалдар жариялануда, әкімдіктер, мекемелер, оқу орындары, емханалар мен ауруханалар басшыларына, мешіттердің жұмысына белсене араласып жүрген алқа мүшелеріне, намазхандарға құттықтау хаттар жіберілуде, студенттермен және мектептер оқушыларымен кездесулер, “дөңгелек үстелдер”, “Қазақстан-Петропавл” және “МТРА” телеарналарында арнайы хабарлар ұйымдастырылуда. “Құрбан айт” кітабы көп данамен бастырылып, жамағатқа таратылуда.
Осы басқосуға қатысқан республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері: Дін істері жөніндегі агенттіктің басқарма бастығы Балтабай Мекежанов пен Көкшетаудағы “Науан хазірет” мешітінің наиб имамы Қанат Алшынбаев жастар арасындағы тәрбие, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, маскүнемдік, нашақорлық, зиналық күнә, лаңкестік әрекеттер, кері ағымдар туралы уағыз айтқанда, неге баса назар аудару, қандай дәлелдерді пайдалану қажеттігіне тоқталды.
Семинар-кеңес барысында бас имамдарға уағыз бейнефильмдер көрсетілді. Содан кейін олар Құрбан айт күндері атқаратын жұмыстарының жоспарларымен бөлісті. Барлық мешіттерде мереке күндері жамағатқа, жетім балаларға дастарқан жайылатын, тұрмысы төмен отбасыларына құрбандық еті таратылатын болды. Құрбан айт құрметіне Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында жергілікті дін өкілдерін, ақындар мен әншілерді, күйші-бишілерді қатыстыра отырып, мерекелік рухани кеш ұйымдастырылады.
Өткен жылға дейін құрбан малы мешіттер ауласында шалынатын. Былтыр қаланың шеткері аймағында, яғни Жұмысшы кентінде мал соятын арнайы орын жабдықталған еді. Автобус қатынасы жақсы болғандықтан, көлік қоятын кең орын бөлінгендіктен, қалдық жинақтайтын үлкен ыдыстар қойылғандықтан, бұл қалалықтардың көңілінен шықты. Қала әкімі Болат Жұмабековтің тікелей басшылығының арқасында биыл да сол арада Құрбан шалатын кешен жабдықталды. Осы жерде қой сатып алып, ақысын төлеп сойғызып алуға және басын үйітуге мүмкіндік жасалады. Күн суық болған жағдайда құрбан шалғанда Құран оқып, бата беретін имам отыратын, малды асып соятын, ішекқарын тазалайтын орындар, дәретхана жабдықталды. Сол жерде жетім-жесірлерге, тұрмысы нашарларға құрбан малының еті таратылатын болады. Сайып келгенде, Қызылжар өңірінде Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдай жасалды.
Беттің материалдарын дайындаған
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
“Қызылжар” мешітінің
баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp