«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ҚУҒАН ЖАНДАР неге асаба болып жүр?..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мәдениет – халықтың рухани азығы” демес бұрын, “Осы саланың мамандары тоқ па?” деген сауалға жауап іздесек. Бұл жерде тоқтықты тікелей мағынада қолданып отырмыз. Біздің рухани жүдеулігіміз бен мәдениет саласы мамандарының еңбекақысының аздығы – бас пен мойын секілді бір-біріне тәуелді-ақ. 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Өңірімізде ғана емес, жалпы елімізде мұндай жағдайдың орын алуына мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысының өте төмен болуы себеп. Әсіресе, клуб мекемелері маман тапшылығын өткір сезініп отыр. Ауылыңызда клуб болса, оның бірді-екілі қызметкерлері қандай қызметтерді атқаратынынан, қанша еңбекақы алатынынан хабарыңыз бар ма? Тікелей міндеттерінен өзге сол мекеменің күзетшісі, еден жуушысы, от жағушысы міндеттерін атқарып жүрген олардың жүктемесі – 0,25. Мұны көпшілікке түсінікті тілмен айтар болсақ, клубтың барлық жұмысын атқаруға мәжбүр олардың еңбекақыларының көлемі 7-8 мың теңге көлемінде. Мысалы, Шал ақын ауданында мемлекет меншігіндегі 15 ауылдық клуб болса, оның тек біреуінің маманы 0,5 жүктемемен жұмыс істейді. Мұндай жағдайда біздің рухани аштығымыз жайлы сөз қозғауымыздың өзі ерсі. “Аш бала тоқ баламен ойнамайды” дегенді ауызға ала отырып, “Өнер десе ішер асын жерге қояр” мәдениет саласы мамандары өмір бойы ашқұрсақ жүріп, сахнаның көрігін алаңсыз қыздыра алмасы белгілі. Осыны жан-жақты зерделеместен: “Әнші, әртіс біткеннің бәрі асаба болып кетті. Өнердің құны түсті” деп мін тағамыз тағы да. Осы орайда облыстық мәдениет басқармасына мәдениет саласы мамандарының еңбекақысын көтеруге қатысты Үкімет деңгейінде қандай да бір жұмыстар атқарылып жатыр ма деген сауалымызды жолдаған болатынбыз.
– Нормативтік құжаттар мәдениет саласында ғана жоқ. Басқарма өз тарапынан мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге қолдау көрсету үшін еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ҚР Парламенті Мәжілісі және Сенат депутат-тарына өтініш білдірді. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігінде мәдениет саласының нормативтік құжаттарын қабылдау жөнінде жұмыстар жүргізілуде, – дейді басқарма бастығы Талғат Ақылбеков.
Айлығы шайлығына жетпейтін мәдениет саласына қазіргі таңда қанша өнер адамы жетіспейді? Өңірімізде клуб меңгерушісі, музыкалық жетекшілер, режиссерлер, халық аспаптар оркестрінің жетекшілері, хореографтар, сүйемелдеушілер, әдіскерлер сынды мамандар тапшы. Дәл қазір мәдениет саласына 34 маман қажет. Бұл – тек тапшы мамандықтар. Ал мәдениет мекемесінде жұмыс істеуге білімі сай келмейтін кадрлар қаншама? Бүгін мәдениет саласына маман тартып қана қоймай, бар кадрды қайта даярлықтан өткізу міндеті күн тәртібінде тұр.
2010-2011 жылдары “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудандық Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға 10 ғана маман барған.
– Мен Шал ақын аудандық Мәдениет үйінде режиссер қызметін атқарамын. Қолыма алатын еңбекақым – 28 мың теңге. Ал осы салада 35 жыл еңбек еткендер 30 мың теңгедей еңбекақы алады. Мұндай еңбекақымен жастарды қызықтыра алмаймыз. Әлі күнге дейін хореограф таба алмай отырмыз, – дейді Нәзила Бектенова.
Ауылдық мәдениет мекемелеріндегі кәсіби кадрлардың тапшылығын қолда бар қызметкерлердің біліктілігін арттыру арқылы шешу көзделіп отыр. Осы орайда 2010 жылдан бері Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Әлеуметтік-мәдени қызмет және халық көркем шығармашылығы” мамандығы бойынша маман даярлап жатқан оқу орны облыс әкімі Серік Біләловтің тапсырмасымен биыл сырттай оқыту бөлімін ашты. Колледж директоры Жеңіс Әбілмәжіновтің айтуынша, қазіргі таңда аталмыш мамандықтың күндізгі бөлімінде 58 бала білім алып жүрсе, биыл ашылған сырттай бөлімге 28 адам құжат тапсырған. Оларға облыс орталығындағы театрлардың, өнер колледжінің мамандары білім беруде. Аталмыш оқу орнында білім алып жатқандардың дені – ауыл балалары. Ендеше, алдағы уақытта жергілікті жерлердегі Мәдениет үйлері мен клубтарды қажетті маманмен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешіледі деген сөз.
Бірақ орта біліммен алысқа бармасымыз белгілі. Кез келген салаға жоғары білімді мамандар қажет. 2010-2011 жылдары мәдениет саласына жоғары оқу орындарын бітірген 26 маман жұмысқа келген. Олар С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына, облыстық филармонияға және қуыршақ театрына қызметке орналасқан. Ал ауылдық Мәдениет үйлері ше? Мәдениет мекемелерін жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету үшін қазір М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің сазды-педагогикалық факультетінде “Әлеуметтік-мәдени қызмет және халық көркем шығармашылығы” бөлімін ашу қарастырылуда. Себебі, өңіріміздің мәдениет саласындағылардың тек 18,5 пайызының жоғары білімі бар. Ал аудандарда бұл көрсеткіш 15 пайызды құрап отыр. Мәдениет саласының кадр мәселесіндегі осындай мүшкіл халі оның сапасына да әсер етіп отырғаны сөзсіз. Белгіленген шаралардың барлығы жүзеге асса, облысымыз өнер адамдарынан тапшылық көрмесі анық. Әрине, егер еңбекақы бүгінгі көлемінен анағұрлым молайса ғана. Осылай болашаққа сілтеме жасай отыра облыстың мәдениет саласын қажетті мамандармен толық қамтуға кем дегенде 5 жылдай уақыт керек, дейді мамандар. Осы жылдардың ішінде мәдениет саласы мамандарының қалтасын қампитуға септігін тигізер нормативтік құжаттар да қабылданып қалар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp