«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТ КҮТКЕН ҮЙЛЕР мен БАЛАБАҚША жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні өңір басшысы Серік Біләлов облыс орталығында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап көрді.

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,
журналист.

Жамбыл және Челюскин көшелерінің қиылысында 200 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Облысымызда соңғы ширек ғасырда мұндай ірі баспана тұрғызылмапты. 2010 жылы басталған құрылысқа бүгінде 120 адам жұмылдырылған. Оның 30-ы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында еңбекке тартылған екен.
9 қабатты үйде 13 мың шаршы метрге тұрғынжай, 2,5 мың шаршы метрге кеңселік орындар орналастыру қарастырылған. Мердігерге тапсырылған жұмыс көлемінің негізі тындырылыпты.
– Баспананы 2 кезеңде тапсырамыз. Қарашаның соңына дейін үш подъездегі жұмыс аяқталады. Қалған 100 пәтерді желтоқсан айының ішінде пайдалануға береміз. Жоспардың 95 пайызы орындалды. Осы уақытта нысанның қасбеті мен ішін әрлеп, ауланы абаттандыруымыз қажет. Тұрғын үйдің бір шаршы метрі – 160 мың теңге, кеңсе бөлмелерінікі – 250 мың теңге. Жаңа үйден баспаналы болам деушілер екінші деңгейлі қаржы институты арқылы пәтерге несие рәсімдеу мүмкіндігіне ие, – дейді “Казградстрой-НС” ЖШС-нің бас директоры Александр Авдеев.
“БТА банкі” АҚ СҚОФ директоры Ерік Сағымбаевтың айтуына қарағанда, аталмыш қаржы институты өңір тұрғындарына “Арман кілті” ипотекалық желісін ашып отыр. Несиенің жылдық үстемеақысы – 12,7 пайыз. Қарыз 3 жылдан 20 жылға дейін беріледі. Алынған қаржы берешегін уақытынан бұрын өтеуге де болады. Бүгінде 80-ге тарта азаматтан өтініш түскен. Қазір олар комиссияда қаралып жатыр.
Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі де өз салымшыларына екі бірдей баспана салу үстінде. Облыс әкімі құрылысы аяқталуға жақын нысанның сапасына назар аударды.
Интернационал көшесінің 4 “Г” мекенжайындағы 55 пәтердің иелеріне қоныстойын тойлауға аз-ақ уақыт қалыпты.
– Жылу мен су келіп тұр. Кәріздік желілер дайын. Қазір кестеден қалмау үшін жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылды. Бүгіндері ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы қараша айының 28-іне дейін нысанды толықтай тапсыратын боламыз, – дейді “Еңбек-Ақмола” ЖШС-нің учаске бастығы Дінмұхамед Берікбаев.
“Тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында Юбилейная-Семашко көшелерінің қиылысында салынып жатқан 126 пәтерлік тұрғын үйдің тапсырылар күні де алыс емес. Бұған Серік Біләлов нысанда болған кезінде көз жеткізді. Құрылысты жыл соңына дейін тамамдауға 120 адам жұмылдырылыпты.
Бұл үйлердегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны – 90 мың теңге. Сондықтан оған сұраныс та мол.
– Былтыр хабарландыру беріп, салымшылардың өтініштерін жинадық. Әрбір салымшы өз пәтерінің қабатын және нөмірін біледі. Салымшылар болса, біз несие беруге даярмыз, – дейді “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры Балахмет Молдинов.
Облыс әкімі жаңартылып жатқан солтүстік коллектордың жұмысымен де танысты. Биылғы жоспарға сай кәріздік құбырдың 4,7 шақырымы жаңасына алмастырылыпты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы-ғы басқармасының бастығы Антон Федяевтің айтуына қарағанда, тұтынушылардың барлығы жаңа желіге қосылған. Биыл бұл жұмысқа 320 млн. теңге бөлініпті. Қаржы толығымен игеріледі.

Қазір құбырлар өтетін жолдар қалпына келтіріліп жатыр. Қазылған жерлерге 2 қабат тас жол төселген. Алдағы екі аптада жұмыс толығымен аяқталады.
Жыл соңына дейін облыс орталығында “Балапан” бағдарламасы бойынша бір балабақша пайдалануға беріледі. 320 орындық мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің салынуы да өңір басшысының бақылауында. Құрылыс аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды.
– Жұмысқа 75 адам жұмылдырылған. Бірінші қабат – 80 пайызға, екінші қабат – 95 пайызға әзір. Кіші сәулет пішіндерін орналастыру қалды. Жоспар бойынша аталмыш нысан желтоқсанның 20-сында тапсырылуы тиіс. Біз қалалықтарға кестеден бұрын Тәуелсіздік күніне орай сыйлық жасауға тырысамыз, – деді құрылыс жағдайын баяндаған “СевКазЭнергострой” ЖШС-нің директоры Агамалы Ахадов.
Жұмыс сапары барысында “Береке” ықшамауданында салынып жатқан коммуналдық-жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысы да Серік Біләловтің назарынан тыс қалған жоқ.
Биылғы 95 пәтерлік алғашқы әлеуметтік баспананы салу “Основание” ЖШС-іне тапсырылыпты. Жоба құны – 541 млн. теңге. Қаржының негізгі бөлігі игерілген.
“Основание” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев мемлекеттік тапсырыс бойынша осымен 7-ші үйді салып жатқандығын, қарашадан бастап жаңа үйдің пәтер иелері қоныстана бастайтындығын атап айтты.
Аталмыш үймен қатар салынып жатқан осындай тағы бір баспананың құрылысы да аяқталуға жақын.
– Мердігер – “Альфа-Север” серіктестігі. Құрылысшылар нысандағы жұмыстарды аяқтады. Енді ауланы абаттандыру шаруаларымен айналысуда. Бұл 95 пәтерлік үй 25 қарашаға дейін тапсырылады. Биыл өңірімізде 98 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруіміз қажет. Жаңа жылға дейін жоспар толығымен орындалады, – деді қалыптасып отырған жағдай жайлы баяндай келе облыстық құрылыс басқармасының бастығы Игорь Киселев.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі уақыт күттірмейтін құрылыс қарқынын жылдамдатып, көзделген шаруаны дер кезінде толықтай орындауды тапсырды.

Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp