«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ көкжиегін кеңейту – уақыт талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруа-шылығы колледжі қабырғасында Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, “Білім мен бизнестің серіктестігі – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізі” деген тақырыпта республикалық семинар өткізді. Оның барысында жергілікті кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылды. 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Оқу орындары мен агроөнеркәсіп кешенінің кәсіптік білім беру саласында кадрлар даярлау және қайта даярлаудың дуалдық моделін енгізу мәселесі кеңінен талқыланған аталмыш жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров биылғы орақ науқанында 5 миллион тоннаға жуық астық жиналғанын айтып, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімізбен бөлісті. Бұдан кейін Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Қадырбек Бөрібаев аталмыш саланың бүгінгі жағдайымен таныстырды. Сонымен еліміз бойынша 896 кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орны жұмыс істесе, оның 176-сы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды.
Ауыл шаруашылығының 22 мамандығы бойынша білім алып жүрген 48 мың оқушының 34,8 мыңы мемлекеттік тапсырыспен білім алуда. Десек те, олардың жалпы кәсіптік және техникалық білім саласындағы үлесі – 8 пайыз ғана. Соңғы 4 жылда ауылдық жерлерде 18 оқу орны ашылған.

2015 жылға дейін 50 кәсіптік-техникалық білім беру орнын салу жоспарланса, оның 23-і ауылдық жерлерде бой көтереді. Кәсіптік-техникалық білім беру саласын қаржыландыру көлемі де жыл сайын ұлғаюда. Егер 2010 жылы осы мақсатқа 896 миллион теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл 4,7 миллиард теңгені құраған. Ал ендігі жылы 5,9 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Осындай мол қаржы бөлініп отырған саланың мамандарының сапасына күмән туындамау үшін, жұмыс берушілердің қатысуымен түлектердің біліктілігіне тәуелсіз баға беру жүйесі енгізілуде. Қадырбек Бөрібаев кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарындағы оқытушылар құрамының біліктілігіне де баса назар аудару қажет, деді. Себебі, аталмыш оқу орындарындағы оқытушылар ескірген технология бойынша білім беруде. Осы орайда алдағы уақытта олар мемлекеттік бюджеттің есебінен заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорындарда тәжірибеден өтетін болады. Сондай-ақ оқу орындарындағы білікті мамандардан айрылып қалмау үшін олардың еңбекақыларын көтеру мәселелері де қарастырылуда. Соңғы жылдары қазақстандық кәсіптік-техникалық білім беру саласына енгізіліп жатқан дуальдық жүйенің тиімділігі де айтылды. Қадырбек Бөрібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 100-ден астам оқу орнына осы жүйе енгізілуде.
Семинарда аталмыш саланың өңіріміздегі ахуалымен таныстырған облыстық білім басқармасының бастығы Орал Қаппасов 32 оқу орнында 69 мамандық, 29 кәсіп бойынша 17 мыңнан астам оқушы оқып жүр деді. Облыс бюджетінен соңғы 3 жылда бұл салаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлін-генімен, оқу орындарының 65 пайызының материалдық-техникалық базасы ескірген. Бұл жағдайды оңалту үшін тағы да 950 миллион теңге қажет, деген Орал Қаппасов бұған қарамастан, әлемдік тәжірибедегі ең озық атанған дуальдық білім беру жүйесі 4 оқу орнына енгізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Өңірімізде ірі аграрлық ғылыми-тәжірибелік-техникалық орталық құру көзделіп отырғандығын айтқан басқарма бастығы оны жүзеге асыру үшін Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжіне ерекше мән беріліп отыр, деді. Ал “ҚазАгроИнновация” АҚ-ның басқарушы директоры Смайыл Тоқбергенов бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені үшін оннан астам жоғары оқу орны – 18, 176 ауылдық кәсіптік-техникалық білім беру орны – 22 мамандық бойынша кадрлар даярлайды, деді. Алайда, еліміздің аграрлық саласына 2508 жоғары білімді, 7973 орта білімді маман қажет.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы осындай келелі мәселелер сөз болған республикалық семинар барысында Білім және ғылым министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі, “ҚазАгро” ұлттық басқару холдингі” АҚ және “ҚазАгроИнновация” АҚ арасында кадрлар даярлау және қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp