«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫЗГЕРЛЕР БОЛМАУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Коммуналдық қызмет қарыздарының ең көп жинақталатын жері – электр қуаты мен жылуға төленетін ақы. Осы қуат түрлерін таратушы “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-іне қалалықтар 126 миллион теңге, ал облыстың аудандары тұрғындары 24 миллион теңге берешек. Кәсіпорын директоры Мағауия Сағындықовтың айтуынша, сол себепті өндірісті жаңғыртуға жұмсалар қыруар қаржы қолға тимей отыр. Сондықтан да қарызгерлермен күрестің маңызы зор, өздерінің төлем жауапкершілігін сезінбейтін тұтынушыларға қатаң шаралар қолданылуы тиіс.
Кәсіпорында дебиторлық қарызды азайту үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қарызгерлер ай сайын есептеме-шоттары арқылы қарыз сомасы туралы құлақтандырылып отырылады, ескертпе хаттары тапсырылады. Ал ең соңында ақырғы ықпал ету шарасы – қарызгерді қуат көздерінен айыру қолданылады.
Соның өзінде де бұрыннан қордаланып қалған қарыздарды өндіріп алу жеңіл шаруа емес. Биылғы 2012 жылдың басынан сот актілерін орындау жөніндегі департаментке “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің пайдасына қарыздарын өндіру туралы 3 мың 184 құжат түсті, оның 1 мың 122-сі орындалып, 53,7 миллион теңге өндірілді.
– Жоғарыда аталған шаралар қарызгерлермен күресте ең тиімділері болып табылады, – дейді Мағауия Сағындықов. Ал кәсіпорын тұтынушыларды ең соңғы қуат көздерінен айыру шарасын егер сөз өтпейтін қарызгер есептемешоты бойынша төлем жасаудың басқа ескерту немесе көзін жеткізу шараларына құлақ аспайтын болса ғана қолданады. Сондай-ақ кәсіпорын басшылығы жекелеген абоненттерден түсетін уақытша қаржылық қиындық жағдайларын жеке қарап, оларға кейін есеп айырысу мүмкіндігін бере алады, қалалық әкімдіктің әлеуметтік қорғау бөлімімен хабарласып, тұтынушының тұрғын үй-коммуналдық көмегін алуына ықпал етеді.
Алайда, кейде қатаң әрекеттерге де бармай болмайды. Үстіміздегі жылы энергетиктер үш пәтер иесінің жылжымайтын мүлкін хаттауға мәжбүр болды. Осындай шұғыл шараның нәтижесінде екі қарызгер табылған қажетті қаржыны көрсетілген мерзімде түсіріп, өз мүліктерін арашалап алды. Мұндай шара қарызы 100 мың теңгеден асқан кез келген тұтынушыға қолданылуы мүмкін.
Жалпы төлем жағдайының шынайы көрініс табуы үшін “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің директоры тұрғындардың негізгі бөлігінің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтынын, тек барлық абоненттердің 1 пайызы ғана сөз өтпейтін қарызгерлер екенін айтты.
Тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін жуырда Петропавл қаласындағы М. Жұмабаев көшесі, 68- үй мекенжайында сервис-орталық ашу жоспарлануда. Онда қалалықтарға өздеріне қажетті ақпараттар алуға мүмкіндік беретін байланыс-орталығы орналасады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp