Облыс әкімі Серік Біләлов коммуналдық қызметтер көрсететін кәсіпорындардың алдындағы берешектерді жою мәселесі және оны азайту жөнінде қолданылып отырған шараларға арналған кеңейтілген кеңес өткізді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Онда күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяев коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде қордаланған қарыздарды жою үшін жан-жақты пәрменді жұмыстардың қолға алынғанын тілге тиек ете отырып, қазіргі таңдағы жай-жапсармен таныстырды. Хабарламадан белгілі болғанындай, өткен тоғыз айдың ішінде коммуналдық қарыздар 137 миллион теңгеге азайған, алайда тұтынушылардың коммуналдық кәсіпорындар алдындағы қарызы әлі де болса 202 миллион теңгені құрап, бұл бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіздігін аң-ғартып отыр. Оның 158,2 миллион теңге берешегі Петропавл қаласының тұтынушыларына тиесілі.
Қалалықтар “СевКазЭнерго-сбыт” ЖШС-іне 150 миллион теңге, “Горгаз-Сервис” ЖШС-іне 23 миллион теңге және “Қызылжар су” ЖШС-іне 8 миллион теңге қарыз.
Өңір басшысы екі аптадан бері күрт қолға алынған бұл жұмыста энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының азулы іс-қимыл танытпай отырғанын сынға алды. Айталық, облыс бойынша 140 миллион теңгенің қарызына сотқа шағым берілгенімен, нәтижесі шамалы. Бұрынғысынша қала тұтынушыларының энергетиктерге берешегі азаяр емес. Ол 19-шы шағын ауданда – 28 миллион теңге, қаланың орталық ауданында – 26, 20-шы шағын ауданда – 22, вокзал маңы ауданында – 18, Бензострой ауданында – 15 миллион теңге. Коммуналдық қызмет алушылардың арасында 100 мың теңгенің берешегі барлары да аз емес. Қала бойынша 300-ден астам абоненттің ғана 48 миллион теңгедей қарызының болуы көп жайды аңғартса керек. “Біз осы қарыздарды қайтаруымыз үшін не істеуіміз керек? Сөз өтпейтін қарызгерлердің тізімі қайда, онымен неге жұмыс жүргізбейсіздер?” деген сұрақтар қойды Серік Біләлов.
Жиналыста сөз алған қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев те мұндай сұрақтарға жауап қайтара алған жоқ. Ол, тіпті, коммуналдық қызметке берешегі бар ұйымдардың тізімін де атап бере алмады. Кеңесте енді оған қоса коммуналдық қарызы бар мемлекеттік қызметшілердің тізімін жасау қажеттігі айтылды. Қайткен күнде де шұғыл шаралар қолданылмайынша, істің алға басар түрі жоқ. Міне, сол себепті өңір басшысы қалалық әкімдікке күн сайын коммуналдық қарыз мәселесі жөнінде жұмыс комиссиясының отырыстарын өткізуді міндеттеді.
Жыл басынан кәсіпорынның дебиторлық қарызын 50 пайызға дейін азайтқанын айтқанымен, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің директоры Мағауия Сағындықов облыс әкімінің тарапынан өткір сын естіді. Оған тиісті сот шешімдерінің орындалуы 30 пайызды ғана құрайтыны, сот орындаушыларымен бірлесе жұмыс жүргізудің нашарлығы, кәсіпорында үнемі 150-160 миллион теңгенің төлем қаржысының дебиторлық қарыз есебінде қалатыны көзге шұқып көрсетілді. Оны өндіріп алудың жолын табу керек. Қарызгерлердің 70-80 пайызын тұрмыс қабілеті жететін адамдар құрайды. Облыс әкімі кәсіпорын басшысына 20 желтоқсанға дейін мерзімі асқан қарыздарды толық жабуды міндеттеді.
Коммуналдық қызметтер төлемақысының мерзімі асқан берешектерін бұрынғы 8 миллион теңгеден 4 миллионға дейін кеміткен “Қызылжар су” ЖШС-нің бас директоры Аслан Сатинге су таратуға бақылау қоюды күшейту, қаланың шеткі көшелеріндегі су колонкаларының ақылы су тарату жұмысын ұйымдастыру тапсырылды. Сол сияқты “СК РЭК” АҚ-ы директорының орынбасары Вячеслав Өтебаев пен “Горгаз-Сервис” ЖШС-нің директоры Юрий Шишкин кеңесте өз кәсіпорындарындағы тұтынушылардың қарызын өндіру шаралары жайлы айтып берді.
Облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департамент бастығы Рахмет Базылов коммуналдық қызмет кәсіпорындары әрқайсысы үш күннен автокөлік бөліп, бірлесе жұмыс жүргізуге дайын болса, сот орындаушыларының сөз өтпейтін мол қарыз иелерінен кешенді төлем өндіруге әзір екендіктерін мәлімдеді. Оның айтуынша, өтелмеген қарыз орнына борышкерлердің мүлкін тәркілеуден басқа амал жоқ. Жағдайы келетіндер қаражат тауып, тәркіленген мүлкін қайтаруға тырысады.
Кеңесте ПИК төрағалары тара-пынан сөз өтпейтін борышкерлермен күресті одан әрі жандандыру үшін қызмет төлемдері есебін бір жерде тоғыстыратын орталық қызметін құру қажеттігі айтылды. Одан кейін кеңесте Тимирязев және Шал ақын аудандарының “Есіл су” РМК-ге берешегі де сөз болып, аудан әкімдеріне оны жыл аяғына дейін жабу міндеттелді.
Кеңестің қорытындысы бойынша облыс басшысы аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне коммуналдық қызметтерге берешектерді жабу шараларын қолдануды тапсырды.
Коммуналдық қызметтер көрсетуші кәсіпорындар басшыларына берешектерді азайту, соның ішінде сот тәртібінде өндіру жөніндегі шараларды белсендірек жүргізу қажет. Ал облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаментке сот шешімі бойынша өндірілетін коммуналдық қызметтерге қарызды өндіру жұмысын күшейту жүктелді. Сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяевқа коммуналдық қызмет қарыздарын азайту жөніндегі мониторинг жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.