«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖӘРДЕМ” мен “АЛПАШ” борышқа батып тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шаруашылық жүргізу құқығындағы “Қазақстан су шаруашылығы” республи-калық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы облыстағы негізгі ауызсу жеткізуші болып табылады. Ол топтық су құбырлары желісі бойынша облыстың 197 мың адам тұратын 208 ауылдық елді мекеніне ауызсуын береді. Биылғы жылы кәсіпорынмен 231 су пайдаланушы шартқа отырған. Топтық су құбырлары желісінің су алар орындарында есептегіш құралдары қойылған, босатылатын су бағасы – текше метріне 40 теңге.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Алайда, осы тұтынушыларға берілетін судың төлемақысы толық түсе бермейді. Айтары жоқ, ЖШС, ШҚ, жеке кәсіпкерлер және жеке тұлғалар берілген суға 100 пайыз төлем жасайды. Біздің филиал үшін басты проблема облыстың аудан орталықтары тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қарызы болып отыр. Бүгінде облыстағы су пайдаланушыларымыздың дебиторлық қарызы 20466 мың теңгені құрайды, соның ішінде мерзімі асқан берешектер 7224,5 мың теңгеге жетті, – дейді кәсіпорынның бас инженері Мұрат Жантілеуов.
Оның айтуынша, облыс әкімі Серік Біләловтің аудан әкімдеріне су жөніндегі қарыздарын 1 желтоқсанға дейін жабуды міндеттеуі және осы бағытта бір аптаның ішінде жүргізілген жанды жұмыстардың нәтижесінде аудандардың коммуналдық кәсіпорындары 1,9 миллион теңгенің мерзімі өткен қарыздарына төлем жасаған. Бірақ онымен берешектер сомасының мұрты қисаяр емес. 1 қазандағы жағдай бойынша бір ғана Сергеевка қаласының “Жәрдем” МКК-ның кәсіпорынға 5991,8 мың теңге дебиторлық қарызы бар. Сол сияқты, Тимирязево ауылындағы “Алпаш” МКК-ы да өткен сегіз айдағы 1507,1 мың теңгенің ауызсуы төлемін өтеуге асығар емес. Оларға кәсіпорын су беруге тәулігіне 4 сағатқа ішінара шектеу қоюға мәжбүр болды.
“Есіл су” РМК-да су пайдаланушыларының дебиторлық қарыздарын өтеуі жөнінде күн сайын мониторинг жүргізіледі. Осы дебиторлық қарыздарды өндіріп алу жөніндегі даулы мәселелерді сотқа дейін реттеу мақсатында берешегі бар су пайдаланушыларға шағым хат жіберіледі. Ауданаралық экономикалық сотқа биылғы жылы берілген ауызсуы үшін сомасы 12639 мың теңгенің қарызын өндіріп алу туралы 8 арыз түсірілген. Оның әзірге небары 3908,8 мың теңгесі өндірілген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp