Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
Парламент Сенатының депутаты;
Әділ АХМЕТОВ,
Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жоғары мектебі ҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор;
Мұрат ӘУЕЗОВ,
филология ғылымының кандидаты, қоғам қайраткері;
Әшірбек МОМЫНОВ,
ҚР ҒА Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының
орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор;
Марат ХАСАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымының докторы.
Дін мәселелерімен шұғылданатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылы ұйымдастырылған еді. Оның қалыптасу жолы қиындау болды, себебі оның көшбасшыларының басқаруға біліксіздігі, шала сауаттылығы салқынын тигізіп жатты.
Исламның шынайы өрлеуі шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет діни басқарманың төрағасы және Бас мүфти болып сайланғаннан кейін басталды.
Ұлттық мәдениетті жаңғырту және дамыту ең маңызды міндеттерінің бірі болып табылатын өтпелі кезеңде діни көшбасшының жеке басының қасиеті мейлінше маңызды. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет – тарихты, әдебиетіміз бен мәдениетімізді зерттеуде қосқан орасан зор үлесі үшін елімізде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде кеңінен мәшһүр болған шығыстанушы ғалым, дипломат, белгілі теолог. Әбсаттар Дербісәлі 1977-1997 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де араб тілі мен әдебиеті бөлімшесінің негізін қалады, шығыс тілдері кафедрасын ұйымдастырып, оның алғашқы меңгерушісі болды, ал өзі ұйымдастырған тиісті факультет ашылғаннан кейін оның алғашқы деканы, сондай-ақ тіл және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор болып еңбек етті. Сонымен бірге түрік, урду, жапон, қытай, корей тілдері саласында мамандар даярлауды бірінші болып ұйымдастырды. Оның жетекшілігімен 400-ден астам жоғары білікті шығыстанушы даярланып, осы мамандарға олқылықтың орнын толтырды. Оның шәкірттерінің ішінде 9 елші мен 2 министр бар.
1997-2000 жылдары ол Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болып істеді. Бірінші сыныпты кеңесші дипломатиялық шеніне ие. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі – хазірет араб тілі мен әдебиеті, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ежелгі кезеңдері, Қазақстанның Шығыстағы мұсылман елдерімен діни байланыстары, сондай-ақ исламның, қасиетті Құран мен хадистердің тарихы туралы 600-ден астам теориялық еңбектің авторы.
Ол орта ғасырдағы мемлекет қайраткері, ақын Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551 ж.ж.) өмірі мен қызметін көп зерттеді. Қашғарияға, Пәкістанға және Үндістанға сапары нәтижесінде ғалымның зиратын тауып, оның тасындағы жазбаларды ажыратып, түсінік берді. Әбсаттар қажының көптеген зерттеулерінің нәтижелері БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның форумдарында, сондай-ақ Жапония, Үндістан, Қытай, Ирак және тағы басқа мемлекеттер университеттері мен академияларында жария етілді.
Көп жылдар бойы Әбсаттар қажы Қазақстанның араб елдерімен достастығы қауымдастығы төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды. Араб тілі мен әдебиетінің елімізде жеке ғылыми пән ретінде қалыптасуына және ислам тарихы мен мәдениетін зерттеуге елеулі үлес қосқаны үшін Бас мүфти 2002 жылы Араб Республикасының бірінші дәрежелі “Ғылым және өнер” орденімен марапатталды. Ол сондай-ақ табысты еңбегі үшін өз Үкіметіміздің көптеген марапаттарына ие. Әбсаттар қажы қызметі басталған сәттен бастап ислам жайлы, оның ел өміріндегі рөлі мен орны жайындағы баяндамаларымен Қазақстан атынан халықаралық, республикалық жиындарға белсене қатысып келеді.
Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан халқының достығы мен ынтымақтастығын, конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін көп іс атқарып келеді. Бүгін ұлтаралық қарым-қатынас елдің ішкі саясатының басты бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше көңіл бөліп отыр. Оның бастамасымен Астанада үш мәрте әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі болып өтті.
Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет мүгедектер қоғамдарына, қарттар, балалар үйлеріне, түрмелер мен колонияларға, республиканың туберкулезге қарсы шипажайларына, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне және ҚМДБ-ға көмек сұрап келген жеке тұлғаларға қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.
2003 жылы Бас муфти жер сілкінісінен зардап шеккен Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындарына материалдық және қаржылай қайырымдылық көмек жасады. 2005 және 2007 жылдары Қарағанды облысының Шахтинск қаласында мерт болған шахтерлердің туған-туыстарына көмек қолын созды. 2009 жылғы қасиетті Рамазан айында әдеттегідей шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мүгедектер қоғамдарына, балалар және қарттар үйлеріне қайырымдылық көмек көрсетті.
Діни басқарма жекелеген мешіттерді біріктіру мақсатында көп жұмыс тындырды. Арнайы құрылған комиссия республикадағы барлық мешіттерді санап шықты. Анықталғанындай, 2000 жылы мешіттер саны 1402-ні құраса, оның 284-і ғана ҚМДБ-ның филиалдары болып шықты. Бас муфтидің басшылығымен муфтияттың белсенді жұмысының арқасында 2003 жылы республиканың мыңнан аса мешіттері діни басқарманың қарамағына өтті. Қазіргі таңда 2400 мешіт болса, оның 2300-і ҚМДБ-ның құрылымында.
Діни басқарманың арнайы құрған комиссиясы мешіттің ашылуына қатысты әрбір өтінішті мұқият зерттегеннен кейін ғана қорытындысын шығарады. 2009 жылы Бас муфтидің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған Үндеуінен кейін Астана қаласында – 5 мың, ал Алматы қаласында 20 мың орындық мешіттердің құрылысы басталды.
Бұл мешіттерге имамдарды ҚМДБ-ның өзі даярлайтынын айта кеткен жөн. Кадр даярлау – мұсыл-мандар үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан да Бас муфти болып сайланғаннан кейін ол Мемлекет басшысымен бірінші кездесу барысында жоғары білікті діни қызметкерлерді даярлау мәселесін қозғап, Нұрсұлтан Әбішұлынан Алматыда мысырлықтар салған Ислам мәдени орталығын ҚМДБ-ға тапсыруға жәрдемдесуді сұрады. Президент дінбасын қолдап, бұл мәселені шешу үшін Мысырға үкіметтік комиссия жіберді. Нәтижесінде Алматыда мысырлық ислам мәдениетінің университеті ашылып, бүгіндері “Нұр-Мүбәрак” деп екі ел президенттерінің атымен аталып жүр.
Имамдарды діни даярлау деңгейі жөніндегі қамқорлық – ҚМДБ жұмысының басты бағыты. Терең білімді, діннің барлық ерекшеліктерінен хабардар имам ғана келушілерге исламның бағыттары мен ағымдарының айырмашылығын айқын да түсінікті етіп талдап береді. Сондықтан ҚМДБ-ға имамдардың біліктілігін арттыратын республикалық ислам институты қажет болды. ҚМДБ мешіттерінде жұмыс істейтін имамдардың біліктілігін және діни білім деңгейін арттыру мен жетілдіру оның мақсаты болды. 2002 жылы ҚМДБ институт ашты және 40 имамды бірінші семестрге қабылдады.
ҚМДБ-ның екінші мақсаты – имамдардың жоғары адамгершілік бейнесін қалыптастыру, олардың өмір сүру кейпін діни мәртебемен сәйкестендіру. Ол үшін имамдар арасында ең үздік уағыз айтушылардың байқаулары үзбей өткізіліп тұрады. Қасиетті Құранды ең үздік оқуда жүлдегер болғандар діни басқарманың жолдамасымен 2000-2009 жылдары Малайзия, Үндістан, Египет, Сауд Арабиясы және Түркияда өткен халықаралық байқауларға жіберілді.
2000 жылы діни басқарманың жанынан республикалық “Ислам және өркениет” діни-танымдық газеті шыға бастағаны қуантады. Бұл басылымда ҚМДБ-ның жұмысы, діни істер мен ұлтаралық келісім туралы материалдар үзбей жарық көріп тұрады.