«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАРДА ЖАРЫС ЖАЛАУЫ КАШАН ЖЕЛБIРЕЙДI?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕКОВ, “Солтүстік Қазақстан”.

Балалық шағыңда велосипедің болмаса, ал қазір “Бентли” мініп жүрсең де, балдәуреннің бір бөлшегінен айрылғаның. Өйткені, автомобиль алғандағы қуанышың алғашқы велосипедке ие болғандағы бақытыңа жете алмайды.
Ауылда бұл табиғи көліктің пайдасы бұзау іздегенде тиетін еді. Жолсыз жерлермен, ойды, қырды қалдырмай, орман кезіп жүре беруші едік. Сөйтсек, сол кездің өзінде қазіргі спорт әлемінде танымалдығы артып келе жатқан маунтинбайкпен айналысып жүргенімізді енді ғана біліп жатырмыз. Басқа ауылдарды қайдам, әйтеуір, өз ауылымда бұрындары дене шынықтыру сабағы мен күрес спорты ғана бар болатын. Ал футбол, баскетбол, мәтке (бейсболға ұқсас), хоккей кешке жи-налып ойнайтын ауыл ойындарының бірі ғана еді. Ешкім жаттықтырмайтын. Жаттықтырмақ түгіл, бұл ойындарды көше-көшеге бөлініп алып ойнағаннан әрі аспайтын. Ауыл біріншілігін ұйымдастыру, не көрші ауылдардың арасында белгілікті бір спорт түрінен мықтыларды анықтау, я ауыл әкімдерінің, я болмаса мектеп басшыларының ойына келген емес. Ауыл жастары да ондай-мұндай шара өткізуге құлықсыз болды. Әлі күнге дейін солай… Қазір, тіпті, ауыл баласы алаңдағы ойындарын агентпен алмастырып, үйден шықпайды. Көретіні – спутниктік телеарналар, ойнайтыны – компьютерлік ойындар. Ал көрші ауылдар арасында мықтылар баяғыдай тек түнгі төбелес кезінде ғана анықталады. Шындығын айтқанда, кей ауылда арақ ішіп, биге барып, қыз айнал-дырып, төбелесуден басқа қызық қалмаған сияқты. Осыдан кейін ауыл спорты туралы не айтуға болады?..
Көршілес ауылдардың арасында бәсекелестік жоқ, бақастық бар. Бір ауылдың баласы екіншісіне барса, міндетті түрде “ұрып” жібереді. Осындайда ауылдың атқамінерлері қайда кеткен деп ойлайсың? Атқамінерлер жоқ. Өйткені, ауылда жалғыз басшы бар, ал ол басқаларын билігіне араластырмайды. Содан кейін барып ауылдың еркегі де, әйелі де дастарқан басына жиналып алып, бастықсымақтарды даттап, байлықты жоқтап, ауылдан көшеміз деп, бай-балам салады. Ал бірақ жақтырмайтын басшының араласуынсыз, бастары қосылып ауыл проблемасын талқылап, өз күштерімен ештеңе шеше алмайды. Ащы да болса шындық осы.
“Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, артқысы да солай жүреді” демекші, ауыл жастарының қоғамдық жұмысқа ынтасыздығын да осымен түсіндіруге болады. Моңғолиядан келген бір досым Баян Өлгийде баскетболдан мектептер біріншіліктерін өзіміз ұйымдастыратынбыз дейтін. Оның айтуы бойынша, жүлде қоры құрылып, оған қатысатын командалар салық түрінде белгіленген сомада қаржы салады екен. Алтын болмаса да, кубок, медаль, әртүрлі сыйлықтар алады. Әр команда жан беріп, жан алысқан турнир өтеді. Жеңімпаздар кубокқа, жүлде қорында жиналған ақшаға ие болады. Оған қоса жеңімпаздар абыройға бөленеді, ал мықты ойыншылардың аты дүйім елге таралады.
Осылай істеуге бізге не кедергі? Баяғы енжарлығымыз ба? Мысалы, мақала басында бастаған велосипедке оралатын болсақ. Қазіргі таңда әрбір екінші ауыл баласының “велигі” бар. Велосипед тебу бар да, сол арқылы уақытты босқа жіберу бар. Ал оның орнына ауыл балаларын жинап, бір жарыс ұйымдастырса, құр “велик” тебу біртіндеп велоспортқа айналар ма еді? Басшылар осыны қолға алса, оның ешқандай қиындығы жоқ деп ойлаймын.
Спорт бар жерде, дода болу керек. Ал дода дегеніміз басқа ауылдармен футбол, баскетбол, я болмаса волейбол ойнап қалу үшін айлап күтетін “Ақбидай” ғана емес. Немесе атқарушы органдар ұйымдастырып беретін облыстық, не республикалық спартакиадалар ғана емес. Барлығын өз қолымызбен жасап алуға болады.
Соңғы кезде елімізде спорт жақсы қарқынмен дамып келеді. Лондондағы жетістігімізден кейін еліміз спорты дамыған держава атанды. Кәсіпқой спортты дамыту үшін “Қазақстан барысы” мен бокстан федерация кубогын өткізуді қолға алды. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырады. Қызығушылық пайда болған соң, бала сүйікті спортына әуестене бастайды. Батыс Қазақстанда тұратын танысымның: “ауылдастарының бірі қалаға барса, міндетті түрде Интернеттен өзі ұнататын спорт түрінен видеосабақтар әкеледі. Сосын ауыл жастары жиналып, соны үйренеміз” дегені есімде. Таныстар арқылы сұрастыра келе батыста ауылдар – футболдан, оңтүстікте – бокстан, орталықта көкпар тартысқанды жақсы көреді екен. Ал бізде қалай? Бізде жастар би билеп, қыдырып қайту үшін ғана көрші ауылға барады. Барлық ауылда емес, бірақ көбінде жағдай осылай. Айтатын әңгімелері: “Кеше түнде ана ауылға барып, керемет қыздармен танысып қайттық!” немесе “іштім”, “мас болдым”, “төбелестім” деген сияқты тақырыптардан ас-пайды. Біз осы ұсақталып кеттік пе?..
Ауылдардан бірен-саран талантты спортшылар шыққанымен, спорт деген ұғым енді ғана еніп келе жатыр. Әттең, тонна-тонна темір тасып, қора-қора қойдың қиын шығаратын талай толағайлардың талантын ашатын жаттықтырушылар жоқ, әйтпесе…
Ауыл спорты қалай дамиды? Ол үшін стадиондар, спорт сарайларын салып, қомақты ақша бөлу керек дейміз. Дұрыс, әрине. Бірақ сонымен қатар ауылдағы әуесқой спортты дамытуды ұмытпаған жөн. Лондон ол үшін жақсы мотивация бола алады. Тек ауылда бәсеке тудыру керек. Бәсеке бар жерде сапа бар. Алайда, ауыл мен ауылдың ынтымақтастығы ауыл спортын дамытуға септесерін тұрғындар түсінсе екен. Біздің ауылдарда оптимистик емес, “Ауыл құрып бара жатыр!” деген пессимистік көзқарас басым. Шын мәнісінде тұрмыстан бөлек қоғамдық өмір бар екенін ұмыт қалдырамыз.
“Ауруын жасырған өледі” дейді. Әттең жалқаумыз, енжармыз, ынжықпыз, бірдеңе істеуге мойыны-мыз жар бермейді. Әйтеуір, алдыңда асың болса болды, қалға-нын ең алдымен – Құдайдан, сосын Үкіметтен тілеп, жата береміз. Желкеден тартқан жалқаулықты жеңсек, біздің қазақтардан да талай өнер шығады. Мысалы, мына суреттердегі стадион орындықтарын Жаңажолдың (Жамбыл ауданы) тұрғындары өз қолдарымен, артық шығынсыз, коммунистік дәуірден қалған қоралардың аркаларынан істеп шығарды.
Ауыл қазақтарының көбінде ақшаны прокурор, экономист, сарапшы, бизнесмендер немесе мектепте мұғалім, тәртіп сақшысы болып жұмыс істесең ғана табуға болады деген стереотип қалыптасқан. Пендешілігіміз барлық проблеманы тұрмысқа әкеліп тірейді. Ал шын мәнінде шайтан арба арқылы да шалқыған бай болуға болатынын Винокуров әлдеқашан дәлелдеп берген. “Өмір велосипед сияқты – тепе-теңдікті сақтау үшін үнемі қозғалыста болу керек” деген тәмсіл бар. Тұрмыс пен сана таразысында тұрмыстың бәсі басым тұр. Тұрмысты ғана ойласақ, санамыз тұмшаланып қалады. Сондықтан ендігі кезекте шаруашылықты ғана емес, шығармашылықты да қолға алып, ауылдарда мәдениетті көтеріп, спортты жандандыратын кез жеткен сияқты…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp