Жыл басынан бері облыс көлемінде 706 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 410 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Оттан 39 адам, оның ішінде 2 бала қайғылы қазаға ұшырап, 26 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен апта өртсіз болған жоқ. Ондаған солтүстікқазақстандықтардың баспаналары отқа оранды. Мәселен, Мамлютка қаласында шыққан өрт тұрғын үйдің шатыры мен қабырғасын, еденін зақымдады.
Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орын алған өрт екі қабатты тұрғын үйдің шатырына айтарлықтай зақым келтірді. Өртті ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары екі тұрғынды қауіпсіз жерге жеткізді. Жергілікті тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан орын алып отырған сыңайлы.
Дәл осындай жағдай Аққайың ауданының Ленинград, Мағжан Жұмабаев ауданының Суворовка, Айыртау ауданының Арықбалық ауылдарында да тіркелген.
Қараусыз қалған от кесірінен Новоишимка елді мекеніндегі гаражды жалын шарпыса, облыс орталығының Жамбыл көшесінде жекеменшік темір гараж ішіндегі “Toyota Hiqhlander” автокөлігі толығымен жанып кетті.
Сондай-ақ Заречный кентіндегі “Искра” саяжайында шыққан өрт салдарынан екіқабатты саяжай үйінің шатырының бір бөлігіне айтарлықтай зақым келтірілді.
Апта сайын облыс тұрғындарының ондаған тонна шөбін жалмап келе жатқан тілсіз жау ауыздықталар емес. Атап айтатын болсақ, өткен аптаның өзінде ғана Булаево мен Қарақоға ауылы, Тайынша ауданының Петровка, Ақжар ауданының Талшық және Есіл ауданының Бірлік елді мекенінің тұрғындары маңдай тер төгіп, қысқа дайындаған шөбі мен сабанын тілсіз жау шарпып, нәтижесінде соңғы аптада облыс тұрғындарының 40 тонна шөбі күлге айналды.
Осы аптада облысымыздың су қоймасында да қайғылы оқиға орын алды. Петропавлда Есіл өзенінде, көлік көпірінің аумағын шолып шығу кезінде көпір астынан жеке тұлғасы анықталмаған 30-40 жастағы еуропалық нәсілді ер адамның мәйіті табылып, облыстық ТЖД судан құтқару қызметінің күшімен жағаға шығарылды. Бүгінде денесінде зорлықпен өлтірілген белгілері анықталмаған азаматтың жеке тұлғасын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp