«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ – халық қалаулыларының назарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Серік Біләловтің қатысуымен облыстық мәслихаттың бесінші шақырылымының VIII сессиясының отырысы өтіп, онда бірқатар мәселелер депутаттар қарауына ұсынылды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Сонымен Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасына тоқталып, Елбасының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар үшін бірыңғай көрсеткіштер тізімі дайындалғанын айтқан экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов оның нәтижесінен де хабардар етті.

Өңірлік жалпы өнімнің көлемі 749,6 миллиард теңге, облыс экономикасының өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 31,8 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 26,1 пайызға, көлік құрылысы кәсіпорындарының өнімділігі 69,2 пайызға көтеріледі, деді.
2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс та айтылды. Бұл жайында Зиядден Молдағанапов облыстық бюджетте игерілмегендіктен, үнемделгендіктен қайтарылған қаржы оны бірінші кезекте қажет ететін салаларға жұмсау көзделгендігін жеткізді.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кемел Оспанов тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, өңірімізде мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 45 пайызға жеткендігін айтты. Сондай-ақ 2015 жылға дейін облыс орталығындағы, аудандардағы 25 орыстілді мектептің жанынан қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр екен. Осы мәселеге қатысты мінбеге көтеріліп, өңіріміздегі мемлекеттік тілдің ахуалына тоқталған облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман өз ұсынысын айтып, бірқатар мәселелерді қозғады. Осы орайда өткен жылдың аяғында өткен “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған” атты республикалық Мағжан оқуларын келесі жылы ақынның 120 жылдығына орайластырып ұйымдастыру қажет, деді. Сондай-ақ депутат Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда мемлекеттік тілді дамытудың ең көкейкесті мәселесі – аудан орталығындағы қазақ мектебінің ғимаратының тарлығы екендігін айтты. Бүгінгі таңда 120 орындық мектепте 450 оқушы үш ауысымда білім алуда. Осының салдарынан қазақ тілінде оқығысы келетін балалардың бір бөлігі орыстілді мектепке баруға мәжбүр. Новоишим ауылында жаңа қазақ мектебін салу жұмысын жеделдетсек құба-құп, деді. Дәл осындай жағдай Тайынша қаласындағы қазақ орта мектебінде де туындап отырған көрінеді. Мұндағы 110 орындық қазақ орта мектебінде 384 бала білім алуда. Сонымен бірге Тимирязево ауылы мен Мамлютка қаласындағы қазақ мектеп-интернаттарын дарынды балаларға арналған гимназияға айналдыру, ал облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мәртебесін көтеру туралы ұсыныс білдірді.
Мәслихат отырысында облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, облыстық елді мекендеріндегі жасыл желекті күту және қорғау өңіріміздің қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын көркейту ережелері де қаралды. Осы орайда №26 сайлау учаскесінің депутаты Сергей Тимофеев қаланың түрлі құбырлары мен желілерінің электрондық картасын жасау қажет деген ұсыныс жасады. Облыс әкімі Серік Біләлов көтерілген мәселенің орынды екенін айтып, қала басшысы Серік Жұмабековке бұл жұмысты қолға алуды тапсырды.
Облыстың тұрақты (ауданішілік) автобус бағыттарындағы әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін бекіту де ұсынылды. Қазіргі таңда өңіріміздегі 733 елді мекеннің 71 пайызы ғана автобус қатынасымен қамтылған. Бұл пайызды жоғарылату үшін 12 миллион теңге субсидия қажет деген жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Мұхамадиев бұл жағдайда қамту пайызы 83,7 пайыз жететіндігін мәлімдеді. Бұған дейін тұрақты комиссияның қарауында болып, талқылаудан өткен мәселелердің барлығы бірауыздан қабылданды. Сессия отырысының соңында мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат Серік Ахметбеков сайланды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp