«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙСАЛДЫ, ТӨЗІМДІ, ЕРЖҮРЕК – бұл күрең қызыл беретті сарбазға берілетін сипаттама

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір әскеридің арманы күрең қызыл беретке ие болу десек, артық айтқандығымыз емес. Бірақ мұндай арманға жету оңай емес. Ол үшін үлкен сыннан өту қажет. Лейтенант Петр Дынник – талап етілген міндеттерді бұлжытпай орындап, өзін байсалды, төзімді, ержүрек жауынгер ретінде көрсеткен жан. Әскердегі ең беделді саналатын арнайы мақсаттағы бөлімшенің жауынгерлері ғана күрең қызыл беретке ие бола алады. Петр солардың қатарында. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

№6637 әскери бөлім жанындағы арнайы мақсаттағы “Бүркіт” тобында күрең қызыл беретке небары тоғыз адам ие. Олардың әрқайсысы осы қызметке тұрғысы келген жүздеген әскеридің ішінен аса қырағылықпен таңдап алынған. “Бүркітте” қызмет ететіндер ерлік пен абырой атағын үнемі сарапқа салып отырады, әрбір беретшінің қажыр-қайраты, жеңіске жетемін деген ынтасы, кәсіби деңгейі үнемі сыналып тұрады. Қызмет кезінде оларға босаңсуға болмайды.
Петр Дынниктің аса жауапты қызметте жүргені бірден байқалды. Сұхбат бойы байсалды, ұстамды мінез танытып, сұрақтарыма нақты әрі қысқа жауап беріп отырды. “Әскери азаматтардың төзімді және сабырлы болуы түсінікті ғой. Қызметіміз соны талап етеді. Ер адамның ерекше қасиеті де осы деп білемін. Сондықтан қалауым дұрыс болған сияқты”, – деп әзілдейді лейтенант. Тұла бойы да оның әскери адам екенін бірден аңғартады. Бойының ұзын болуы бір басқа, денесі шымыр, алып жігіттің күнделікті спортпен шұғылданатыны білініп-ақ тұр. Бұл – арнайы бөлімшедегілерге қойылатын басты талап. Күрең қызыл береттілер күн сайын дене шынықтырып, жаттығады. Ал өзге қызметтегі әскерилерде бұлай емес, олар аптасына тек екі рет шынығады. Әрі бөлімшенің жауынгерлері үздік мерген болулары тиіс. Атыс алаңында көп уақыт өткізетіндіктерін Петрдің өзі де растады. “Көп уақыт мергендігімізді ұштаймыз. Қарудың кез келген түрінен атуға машықтанамыз. Мәселен, түрлі операциялар кезінде қараңғы уақытта да қару ұстауға тура келеді. Сондай сәттерде тез шешім қабылдап, ұрысқа дайын болуымыз керек”, – дейді Петр.
Лейтенанттың бұл бөлімшеде жұмыс істеп жүргеніне тоғызыншы жыл. Ол күрең қызыл береттен басқа, “Бүркіт” төсбелгісіне және “Ерлігі үшін” медаліне ие. Бұл медаль қылмыскерлермен күресте батылдық танытқандарға және қысылтаяң жағдайларда адам өмірін қан төгіссіз сақтап қалғандарға ғана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен беріледі. Петрдің аса ма-ңызды ұрыс операцияларына қатысып, өзіне тапсырылған міндеттерді мінсіз орындап шыққанын бөлімше басшылығы да мақтанышпен ауызға алады. “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөлімшесінің негізгі міндеті адам өміріне қауіп төндіретін қылмыскерлерді, қарулы құрылымдарды құрықтау бойынша ішкі істер органдарымен бірлесе күрес жүргізу, бұқаралық тәртіпсіздіктер мен елді мекендерде, түзеу мекемелері мен тергеу оқшаулағыштарында террористік оқиғалар орын алғанда, кепілгерлерді тұтқыннан босату болып табылады. Мұндай іс-қимылдар аса қырағылық пен батырлықты талап ететінін жақсы түсінген Петр кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап отыруға тырысады. Ол Өскеменде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезінде әскери бөлімдегі дәл осындай арнайы бөлімшенің жауынгерлеріне қызығып, сол сәттен күрең қызыл берет иесі болуды армандапты. “Бастапқыда түрлі сыннан өткен соң “Бүркітте” жұмыс істей бастағанымда бір тәртіппен ғана жүру, үнемі жаттығу, белгілі бір іс-әрекеттерді шектеу үйреншікті емес жағдай болатын. Отбасым да, достарым да бұл қызметке тұрғаныма күдікпен қарады. Бірақ арманымның орындалғанына қатты қуандым. Көп еңбектенгенімнің арқасында жолым болды. Талайдың қол жетпес арманына айналған күрең беретті кигенімде өз-өзіме деген сенімім де арта түсті. Арман орындалады деген осы екен ғой. Дегеніңе жету армандаудан ғана емес, соны іске асыру жолында аянбай тер төгуден тұратыны рас. Ең бастысы, өз қызметіңді сүюің керек”, – деп аяқтады әңгімесін Петр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp