Сейсенбі күні “Дарын” мектеп-лицейінде “Келеңсіз ықпалға ерік бермей, өзіне-өзі берік болудың жолдары” тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазіргі жастар ағымдары, теріс пиғылды бағыттар, секталар жайында тереңірек мағлұмат алып, олардан бойды аулақ ұстаудың жолдарын түсіндіруге бағытталған семинарлар жазғы демалыс лагерьлері мен мектептерде өткізіліп келеді. Облыстық ішкі саясат басқармасының тікелей тапсырмасымен өткізіліп келе жатқан семинар-тренингтің бұл жолғы қатысушылары – “Дарын” мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары.
Жат ағымнан бойды аулақ ұстауға үйретіп, жаттықтыратын аталмыш тренинг балалардың ұғымына жеңіл етіп жасалған. Ағымдардың негізгі әрекет ететін жолдары мен көздеген мақсаттарын балалар бірден анықтаулары үшін оқушылармен қойылымдық ойындар ойналды. Дәрістер тыңдалды.
“Мұның алдында №1 гимназия, №1 жалпы білім беру лицейі, “Достық” демалыс лагері мен “ЛОРД” мектеп-лицейінде өткізілген семинар-тренингтер аудандардың білім мекемелерінде жалғасын табады”, – дейді семинар-тренингті ұйымдастырушы, “Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Доценко.