Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Құрандағы ең қысқа сүре – “Кәусарда”: “Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал”, – деген бұйрық бар. Міне, осы уәжіптің жұма күніне дөп келгені қандай ғанибет: жүз емес, мыңнан да асып түсетін қызылжарлық мұсылмандардың қалың нөпірі облыс орталығындағы ең үлкен мешіт – “Қызылжардың” асты-үстінде жаппай намазға жығылды.
Өңір тізгінін қолға алғалы бірде-бір айт намазынан қалып көрмеген облыс әкімі Серік Біләлов бұл жолы да намазхандарды ұлық мейраммен құттықтап, содан кейін бірінші сапта тұрып, көпшілікпен бірге сәждеге басын тигізді. Намаз әдеттегідей тәшриқ тәкбірін дауыстап айтумен және құтпа тыңдаумен тамамдалды.
Облыс әкімі алғашқылардың бірі болып құрбан шалды.
Құрбан шалу мәселесін қала әкімдігі биыл мін-мүлтіксіз ұйымдастырды: мал сою, бас үйіту – бәрі де тәртіпті жағдайда тындырылды.
Үш күн “айтшылатқан” құрбанға өзіміз де тойдық, көзіміз де тойды.