«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТАЛҒАН “ҚАРАГӨЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұма күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында кезекті маусым шымылдығы ашылды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков облыс басшылығының атынан театр ұжымын құттықтап, компьютер сыйлады. Сондай-ақ театрдың дамуы мен гүлденуіне сүбелі үлес қосқан театр қызметкерлері облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты бағдарлама аяқталған соң көрермендер Мұхтар Әуезовтің жаңадан сахналанған “Қарагөз” қойылымын тамашалады. “Қарагөз” трагедиясын талай режиссерлер қойған. Пьесаның оқиғасы да дүйім жұртқа таныс. Негізгі оқиға туыстығы жеті атаға жетпеген қос ғашықтың қайғылы махаббаты туралы. Қазақ салт-дәстүрі мен рубасшылардың дуалы сөзіне бай пьеса қоюшы-режиссер Юрий Ханинга-Бекназардың сахналануында өзге реңкке боялды. Негізгі оқиға сақталғанымен, қыз ұзату, неке қию, құда түсу сынды ұлттық нақышқа толы салт көріністері қысқартылған. Әдетте қазақы тойды бейнелеуде режиссерлер көпшілік көріністі пайдаланса, бұл қойылымда ондай атымен жоқ. 8-ақ актер ойнаған қойылымда қазақ әдебиетіне тән шешендік сөйлеу мен әдеттегідей көп сөзділікті де байқамайсың. Мұхтар Әуезов кейіпкерлердің ішкі толғанысын сөз арқылы жеткізуге тырысса, қойылым авторлары биді пайдаланған. Кейіпкерлердің ішкі сезімі, өзара тартысы, жан дүниесі, мінезі мен ойлаған армандары хореографиялық көріністер арқылы жетіп отырды. Қойылым хореографы Жанна Темірбаева кейіпкерлердің мінезін ашуда ұлттық би элементтерін шеберлікпен қолданғанын атап кетпеске болмас. Қарагөздің нақ сүйгеніне емес, тағдыр қосқан күйеуіне ұзатылуындағы қыздың ішкі толқуын көрсеткенде, сыңарынан айрылған аққу биінің элементтері енгізілген.
Оқиға желісі өткен ғасырда, қазақ ауылында өрбісе де, погодиндіктердің сахнасында “Қарагөз” қазіргі заманға лайықталып, жаңа нұсқада ұсынылды. Классикалық туындының тра-гедия жанрында жазылғаны белгілі. Бірақ қойылым авторлары трагедияны бір көріністегі махаббат дастаны деп атап, Сырым (Евгений Патешкин), Қарагөз (Татьяна Терлецкая) және Нарша (Ринат Исмаилов) махаббатын бейнелейді. Кейіпкерлердің костюмдері де қазіргі за-манға лайықталған. Сахналық костюмдерге қазақ ұлттық оюлары бейнеленгенін айтпағанда, бір қарағаннан кейіпкерлердің белгілі бір ұлтқа жататындығын да аңғару қиын. Ұлттық аспаптардың орнына гитараның күмбірлеуі, қойылым барысында “Ұлытау” этнорок тобының орындауындағы музыкалық композициялардан үзінділердің орындалуы режиссер Юрий Ханинга-Бекназардың Батыс пен Шығыс мәдениетін ортақтастыруда пайдаланатын режиссерлік қолтаңбасы бірден аңғарылды. Классикалық туындыны режиссердің қазіргі заманға лайықтағаны соншалықты – Қарагөз бен Сырымның арасындағы махаббат сезімін білдіруінде “ерекше” көріністердің суреттелуі де ғибратқа толы Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзіне” ерекше сипат бермей қоймады. Десек те, жаңашылдықтарға толы погодиндік “Қарагөздің” өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Ал бізге тек погодиндіктерді жаңа премьераларымен құттықтау ғана қалады.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp