«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОР ЖАНДАРҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республика Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленген болатын. Бұл әлеуметтік сипаттағы проблемаларды шешуге дайын, қолдауға, қамқорлыққа және тұрақты назарға мұқтаж жандарға көмек қолын созатын адамдардың кәсіптік мерекесі.

Өткен сенбі күні Петропавл қалалық Мәдениет үйінің ғимаратында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Салтанатқа облыс әкімі Серік Біләлов қатысты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Алқалы жиын алдында әлеуметтік жүйе қызметкерлерінің өздерінің кәсіптік міндеттерін орындау жолындағы тынымсыз еңбектерінен сыр шертетін, бұл саладағы қомақты жетістіктерді көрсететін бейнефильм жиналғандар назарына ұсынылды.
– Тұрғындарды әлеуметтік қорғау – елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында жаңа әлеуметтік стратегияны алға тартып, мемлекеттің әрбір қазақстандыққа қамқорлығының маңыздылығын атап көрсетті. Қоғамдағы тұрақтылық пен игілік көбіне-көп бұл жұмыстың деңгейіне байланысты, – деді облыс әкімі Серік Біләлов.
Өңір басшысы облыс аумағында әлеуметтік қолдау көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап көрсетті. “Жұмыспен қамту – 2020” және 2011-2015 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Биыл 13 мың адам жұмысқа орналастырылды. Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға бюджеттен 4 миллиард теңге қаржы бөлінді, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайызға көп. Бүгіндері әлеуметтік сала жүйесінде екі мыңнан астам адам еңбек етуде. Олардың ішінде ерекше еңбегімен көзге түскен әлеуметтік қызметкерлердің бір тобы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, “Әлеуметтік еңбек саласының үздігі” төсбелгісімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Облыс әкімі Серік Біләлов Петропавл қаласындағы ересектерге арналған психоневрологиялық интернат-үйіне, Ақжар, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жеңіл автокөліктердің кілттерін тапсырды.
Салтанатты жиналысқа қатысушылар танымал өнер ұжымдары мен әртістердің мерекелік концертін тамашалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp