Өткен бейсенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы жылының аяқталуына байланысты облыс активінің жиналысы болып, онда ауа райының қуаңшылығына қарамастан, көңіл көншітерлік астық өсірген, ата-баба кәсібі – мал шаруашылығын дамытып отырған аудандарға, агроқұрылымдарға, олардың майталман еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді.
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш шараға орай театрдың екінші қабатында агроөнеркәсіптік кешеннің (АӨК) жетістіктері мен оны дамытуға арналған көрме ұйымдастырылып, жиналғандардың назарына өңірде АӨК-нің 2012 жылғы дамуы туралы бейнефильм ұсынылды.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында республикамыздың аграрлық секторының экспорттық мүмкіндігі мол және инновацияны жүзеге асыруда зор әлеуетке ие екендігін атап айтқанын тілге тиек ете келіп, ел Президенті мен Үкіметтің қолдауы арқасында биылғы құрғақшылық жағдайының өзінде Қызылжар өңірі жақсы астық өсіріп, оны ысырапсыз жинап алғандығына тоқталды. Серік Сұлтанғазыұлының айтуына қарағанда, мал шаруашылығы саласындағы бағдарламаны жүзеге асыру өңірдің агроқұрылымдары мен шаруа қожалықтарында мал басының өсуіне жағдай туғызды. Мемлекеттің зор қолдауының және солтүстікқазақстандықтардың алға қойған мақсатқа жету жолындағы ерен еңбегінің арқасында айта қаларлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.
– Өңірдің аграрлық секторының қазіргі даму деңгейі туралы айтатын болсақ, өндірілген өнімнің негізгі түрі бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және ішкі нарықтың қажетін қанағаттандыратын жағдайда деп сипаттама беруге болады. Бүгін біз ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Облыс экономикасы құрылымында оның жалпы өңірлік өнімі 30 пайыздан асып, 168,0 млрд. теңгені құрады, – деді ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы жайлы баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Айдарбек Сейпілұлының айтуына қарағанда, дүниежүзілік нормалар мен стандарттарға сәйкес келетін заңнамалық база, түбегейлі жүргізілген салықтық және кредиттік саясат, “ҚазАгро” АҚ қаржылық институттарының тұрақты жұмысы аграрлық сектордың нәтижелі дамуына жағдай жасап отыр. Жыл басынан бері “ҚазАгро” АҚ-ның еншілес кәсіпорындары облыс агроқұрылымдарына сомасы 17,0 млрд. теңгеден астам қолдау көрсетті. Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 7,0 млрд. теңгенің жәрдем-қаржысын алды.
Үстіміздегі жылы 4,5 млн. гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, оның 3838,0 мың гектары – дәнді дақылдар. Майлы және жем-азықтық дақылдар алқабы 28 пайызға ұлғайтылды. Жоғары өнімділікті және бидайдың сапалылығы мен топырақтың құнарлылығын арттыру үшін 730 мың гектардан астам алқапқа 37 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңірілді. Сонымен бірге микро және макротыңайтқыштарға қатысты ғылымның заманауи жетістіктері де қолданылды.
Соның арқасында қуаңшылыққа қарамастан, гектар берекелігі 12,9 центнерден айналып, 4,9 млн. тоннадан астам астық жиналды. Бұл республика бойынша өндірілген өнімнің 31 пайызын құрайды. Қызылжар (19,6 ц./га.), Есіл (18,7) және Мамлют (17,2) аудандарының диқандары ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС – 28,8, “Вагулинское СК” ЖШС – 28,5, Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” ЖШС – 26, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС – 20,4, Аққайың ауданындағы “Дайындық Агро” ЖШС 20 центнерден өнім алды.
Жиналған майлы дақылдар – 230 мың, картоп – 480 мың , көкөніс 102 мың тонна болды. Сөйтіп, облыс өз өнімдері есебінен картоп пен көкөністен ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етті.
Жыл басынан бері дүниежүзінің 40-тан астам еліне, ұнды қоса есептегенде, 2,0 млн. тонна астық экспортталды.
Келесі жылдың астығы үшін 546 мың тоннадан астам сұрыпты және аудандастырылған тұқым құйылып алынды.
Көктемгідала жұмыстарын жүргізу үшін облыс агроқұрылымдары 75 себу кешенін сатып алды, соның арқасында барлық егістік алқаптың 75 пайызы жоғары өнімді техникамен себілді. Жыл басынан бері өңірге сомасы 13,0 млрд. теңгенің 980 жаңа техникасы әкелінді. “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизингке 6,0 млрд. теңгенің 357 дана техникасы сатып алынды.
Жаңа астықты қабылдаумен 52 лицензияланған элеватор айналысады, олардың жалпы сыйымдылығы 3,4 млн.тоннадан асады. Бүгінгі күнге дейін 1,1 млн. тонна астық қабылданды, соның ішінде 3-сыныпты бидай 90 пайызды құрайды. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
2012-2013 жылдары майлы және дәнді дақылдар сақтайтын сыйымдылығы 500 мың тонналық 13 элеваторға арттыру жоспарланып отыр, оның 5-еуі биыл пайдалануға беріледі.
Петропавлда 140 мың тонналық ірі “ТНС-Экспорт” элеваторы салынып жатыр. Бұдан басқа Ауыл шаруашылығы министрлігі “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ қаражатына Тайынша ауданында 100 мың тонналық элеватор салуды жоспарлап отыр.
Көктемгі және күзгі орақ науқандарын ойдағыдай жүргізу үшін облыс агроқұрылымдарына жеңілдетілген бағамен 137 мың тонна дизель отыны берілді.
Бүгінгі күні мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыста 68 мың тонна ет, 365 мың тонна сүт, 339 млн. дана жұмыртқа өндірілді.
Облыста “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы екінші жыл жүзеге асырылып жатыр. Содан бері облыстың агроқұрылымдары 31,5 мың ірі қара сатып алды, оның 8,7 мыңы – “Қаз-Агро” АҚ қаражаты есебінен.
Қызылжар өңіріне немістің сим-менталь, герефорд, АҚШ-тың, Канаданың, Германияның, Австрияның, Данияның, Ирландияның абердинангус, голштин сияқты 6 мың бас классикалық әлемдік тұқымдары әкелінді.
Екі жылда 3,5 мың бас малға арналған 9 асылтұқымды репродуктор шаруашылық құрылды, 2200 басқа арналған сондай 6 шаруашылық ұйымдастыру үшін жұмыс жүргізілуде. Осы жылдары 3,5 мың бас малға арналған 3 мал бордақылау алаңы іске қосылды. Тұқым жаңарту бойынша да мақсатты жұмыс ұйымдастырылып жатыр. Осы мақсатта 2 жылда етті бағытта 600 асылтұқымды бұқа сатып алынды.
Қой шаруашылығын дамыту мақсатында “Солтүстік” ӘКК қаржысы есебінен Ақжар ауданына 1000 бас Еділбай қойын сатып алу мәселесі шешілді. Олар Батыс Қазақстанның асылтұқымды кәсіпорындарынан әкелінетін болады.
Осының бәрі тұрғындардың материалдық жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуде.
Соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуда Қызылжар, Ақжар және Аққайың аудандары көш бастап келеді.
Ветеринарлық қызметтің басты міндеті мал шаруашылығын дамытуға барынша жағдай жасау, өндіріс қауіпсіздігі мен өнім сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндеттерді шешу үшін ветеринарлық қызметтің кадрлық, өндірістік, ғылыми және ұйымдастырушылық әлеуеті белсенді етіле түсті. Аудандық ветеринарлық станцияларды құру лицензиялы мал дәрігерлері институтын қысқартып, оның міндетін аталмыш құрылымға беруге жағдай жасады. Соның арқасында мал дәрігерлерінің жауапкершілігі артты, қолда бар барлық малды толық қамту іске асырылды.
Жыл басынан бері облыстың ұқсату кәсіпорындары сомасы 36,0 млрд. теңгеден асатын азық-түлік өнімдерін шығарды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға артық.
Ішкі нарықта облыстың ет-сүт өнімдері бәсекеге қабілетті және Қазақстанның басқа өңірлерінде сұранысқа ие. Алайда, ет-сүт өнімдерінің үлесі сәйкес түрде 7 және 29 пайызды ғана иеленеді. Жұмыс істеп тұрған ұқсату кәсіпорындарының қуаттылықтары толық пайдаланылмайды, ол еттен – 25, сүттен – 48, астықтан – 65, майлы дақылдардан 36 пайыз ғана.
Соған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығындағы бір қызметкердің айлық жалақысын көтеру бойынша шаралар қолдану, ғылыми ұйымдармен бірге өңірдің ауыл шаруашылығы саласына инновацияны енгізу бойынша шаралар жоспарын әзірлеу, майлы және жемазықтық дақылдар алқаптарын кеңейте отырып, егіс құрылымын әртараптандыру, фермерлік, репродукторлық шаруашылықтар мен мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жұмысты жалғастыру, әлемдік стандартқа сәйкес өнім алу үшін жем-азықпен қамтамасыз ету деңгейін біршама өсіру, бизнес құрылымдарын қатыстыра отырып, “Жұмыспен қамту – 2020”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламаларына орай ауылға кадрларды тарту мәселелеріне аудан әкімдері мен ұқсату кәсіпорындары басшыларының баса назар аударуы керектігін атап айтты.
Қазақстанның Еңбек Ері, “Зенченко және К” КС бас директоры Геннадий Зенченко ауыл шаруашылығы қызметкерлерін айтарлықтай жетістіктерімен құттықтай келе:
– Біз өз серіктестігіміздің қуатын арттыра түсуге аса мән беріп отырмыз. Бүгінгі күні қарамағымыздағы қалалық сүт зауытының жаңа құрылысын, 600 бас малға арналған сүт кешенін салып жатырмыз. Елбасы Жолдауында айтылғандай, жел мен күн энергиясын пайдалануды қолға алуымыз керек. Соған орай жел қуаты станциясын таяу күндері іске қосамыз. Ол өндірген өніміміздің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа 1,1 млрд. теңге қаржы жұмсалады, – деді.
Қызылжар ауданының әкімі Виктор Редин ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде 330 мың тонна астық өндіріліп, 25 мың тонна сапалы тұқым құйылып алынғандығын, 2250 бас ірі қара әкелінгендігін тілге тиек етті.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Тұқым” ЖШС директоры Талғат Ақаев озық технологияларды пайдаланудың, қуаңшылыққа төзімді әлі нәрлілігі жоғары аудандастырылған “Омбы-38” бидай сұрыбын қолданудың, сұрып алмастырудың артықшылықтарын айта келіп, дәнді дақылдың әр гектарынан 50 центнерден өнім алу үшін эксперимент жүргізуге қаржылық көмек көрсетілуін сұрады.
Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” ЖШС-нің директоры Василий Шкодин, Мамлют ауданындағы “Белое Агро” ЖШС-нің директоры Талғат Әлжанов қол жеткізген табыстарын айта келіп, әріптестерін орау науқанының жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Жарыссөзден кейін астық өн-діру мен мал шаруашылығын дамытуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген аудандарға, агроқұрылымдарға, осы саланың майталман еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді.
Өңір басшысы Серік Біләлов орақ науқанында әр гектардан 19,6 центнерден өнім жинап, көш бастаған Қызылжар ауданына – 30 миллион, екінші нәтиже көрсеткен Есіл ауданына 20 миллион, үшінші орын алған Мамлют ауданына 10 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Мал шаруашылығын өркендету бойынша Қызылжар ауданы 15 млн., Ақжар ауданы 10 млн., Аққайың ауданы 5 млн. теңгенің сертификатына ие болды.
Салтанатты жиналыста ауыл шаруашылығының 14 майталманы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 14 қызметкер Алғыс хатпен, 6 ведомство басшысы Алғыс хатпен марапатталды. 12 агроқұрылым басшысы мен жекелеген жергілікті әкімдер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, 10 адам Алғыс хатпен марапатталды, 15 адам агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының “Еңбек даңқы” төсбелгісіне ие болды, ауыл шаруашылығының 30 ардагері бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осы күні барлық аудандар мен Петропавл қаласында елді мекендерді көркейту және санитарлық тазартудан өткізілген үшайлықтың қорытындысы шығарылып, жүлделі орын алған Ғ.Мүсірепов атындағы (1-орын), Ақжар (2-орын) және Уәлиханов (3-орын) аудандарына сертификаттар табыс етілді.
Өңір басшысы Серік Біләлов марапатталғандарды құттықтап, ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбектеріне жеңіс, отбасыларына береке тіледі, ал облыс орталығының өнерпаздары оларға әуезді ән мен күйден, мың бұралған биден шашу шашты.