27 қазан күні Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында қайырымдылық жасаумен айналысып жүрген тұлғаларды “Білім меценаты – 2012” алтын, күміс және қола медальдарымен марапаттауға және есімдерін “Меценаттың алтын кітабына” жазуға арналған салтанат болып өтті. Онда Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов “Болашаққа қамқорлық” аталымы бойынша күміс медальмен марапатталды.
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
– Аталмыш агроқұрылым Меңкесер және Бексейіт ауылдарына шағын орталықтарға арналған жеке ғимараттар салып, олардың ішін жабдықтап, аудандық білім бөлімінің балансына тегін өткізді. Жыл сайын жергілікті мектептерді жөндеу жұмыстарына, оқушылардың аудандық, облыстық шараларға қатысуына үзбей қаржылық көмек көрсетеді. 2000 жылдары Бексейіт орта мектебіне спорт залын салудан, Меңкесер орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізуден басталған игілікті шара бір үзіліп көрген емес. Еркебұлан Мәмбетов – білім саласының меценаты болуға лайық тұлға. Серіктестік басшысына әрдайым ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Астанадағы салтанатты өз көздерімен көріп қайтқан Меңкесер және Бексейіт орта мектептерінің директорлары Шалқыма Кәжекова мен Ерлік Ережепов.