“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында “Жас Отан” жастар қанатының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Белсенді жастардың осындай алқалы жиынында “Жас Отанның” атқарушы хатшысы Самат Жәкеновтің өткен жылғы атқарған істері туралы есебі тыңдалып, ұйымның болашаққа жоспары белгіленді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конференция жұмысына облыстың аудандарынан келген “Жас Отан” ЖҚ-ның атқарушы хатшылары, белсенді мүшелері қатысты.
Бұған дейін аудандарда өткен есеп беру-сайлау конференцияларының қорытынды жиынына жиналған жасотандықтар алдында сөз сөйлеген Самат Жәкенов “Жас Отан” ЖҚ-ның алдағы уақыттағы жұмысы жемісті болады деген сенімін білдіріп, Елбасының биылғы Жолдауында жастар мәселесіне көп көңіл бөлінгеніне тоқталып өтті.
– Жолдауда айтылғанды орындауда әрі партиямыздың тұғырнамасын жүзеге асыруда Сіздердің белсенділіктеріңіз қажет. Сондай-ақ еліміздің өркендеуі, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы өздеріңіздің қолдарыңызда, – деп жастардың жігерін жани түскен жастар ұйымы хатшысының баяндамасынан өңіріміздегі саяси науқандардың басықасында жүретін жастар ұйымының өткен жылы біраз істер атқарғанын байқадық.
Былтыр жасотандықтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шараларға және өңірді дамыту бағдарламаларының барлығына белсене атсалысты. Жастарды жұмыспен қамту, саламатты өмір салтын насихаттау, патриоттық сезімді тәрбиелеу және т.б. өзекті мәселелердің шешілуіне бағытталған жұмыс атқарды. 2011 жылы кезектен тыс Президент сайлауы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы, Азиада ойындары сияқты үлкен тарихи оқиғаларға жасотандықтар белсене қатысты. Бұдан басқа “Дипломмен – ауылға!”, “Қазақша сөйлесейік!”, “Жастар – Отанға!”, “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” сияқты республикалық жастар марафон-эстафетасын, “Еркін пікір” және т.б. акциялар ұйымдастырды. Сонымен бірге жасотандықтар тимуршылар жасақтарын құрды, спорт шараларын өткізіп, жастарға саламатты өмір салтын насихаттады. Соңғы кездері ұмыт бола бастаған дебат ойындарын биыл да жалғастыратындықтарын хабарлады.
Сөз кезегін алған Мағжан Жұмабаев ауданының “Жас Отан” ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Азамат Шәріпов пен “СҚО Жастар мәслихаты” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Владимир Витченко өздерінің атқарған жұмыстарын айта келе, “Жастар қанатына” дербес шешім қабылдайтындай мәртебе берілсе, әрі қалалық мәслихатта жастардың саны артса, деген ұсыныстарын ортаға салды.
“Алда зор міндеттер тұр және оларды орындау үшін жасотандықтар бірігіп жұмыс атқаруы қажет әрі жас ұрпақтың үлкен ұйымына айналған “Жастар қанаты” қашан да үлгілі болып қала беруі тиіс. Еліміздің гүлденуіне, ілгері дамуына әрбір жасотандық өз үлесін қосуына міндетті”, – дескен олар Елбасы саясатын жүзеге асыру жолында жасотандықтар артқан сенімді ақтап, алға қойылған міндеттерді орындау және жүзеге асыру жолында барлық күшті жұмылдыра еңбек ету керектігін атап өтті.
Осыдан соң күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, “Жас Отан” ЖҚ жастардың 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасына байланысты ұсыныстар айтылып, Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласы талқыланды.
Конференция соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезіне облысымыздан баратын делегаттарды сайлады.
Конференцияда “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалының есеп беру уақытындағы атқарған жұмысы сарапталып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.