«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

№6637 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНЕ – 50 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің №6637 әскери бөлімі командирінің тәрбие-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Берік Тоқтаров аталмыш құраманың 50 жылдығы қарсаңында брифинг өткізді.

Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

1962 жылдың 3 қарашасында құрылған әскери бөлімнің тарихына қысқаша тоқталған Берік Тоқтаров сарбаздарға патриоттық тәрбие мен темірдей қатал тәртіп үйрететін әскери бөлімнің республикада алатын орны ерекше екендігін атап өтті. Әскери бөлім қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайларды жоюға қатысу, заң бұзушылықтың алдын алу мақсатын көздейді. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей тартылатын ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен және Әскери институт курсанттарымен бірлесе отырып, 30 бағытта қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Атап айтар болсақ, №6637 әскери бөлімінің 47 жаяу және 3 автокөліктен құралған жеке құрамы өздеріне жүктелген әскери-жауынгерлік қызметті абыроймен атқару барысында жыл басынан бері 318 тәртіп бұзушыны ұстаған.
– Биылғы жыл баршамыз үшін ерекше жыл болмақ. Себебі, Ішкі істер министрлігіне қарасты біздің №6637 әскери бөлімнің құрылғанына биыл 50 жыл толғалы отыр. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін арқалаған бөлім бүгінге дейін талай жауынгерлік қызметтерді абыроймен атқарды. 50 жыл ішінде жеке құрам төрт ірі арнайы операцияға қатысып, 1994 жылы Айыртау ауданының Саумалкөл елді мекенінің тұрғындарын құтқаруға, 1994 және 1997 жылдары Есіл ауданының Горное ауылында түрмеден қашып, жол бойы кездескендерді өлтірген қашқындарды құрықтауға, ал 2010 жылдың тамызында Ақмола облысындағы Зеренді ауданының Гранитное колониясында бүлік шыққанда оларды тыныштандыруға бөлім сарбаздары тартылған болатын, – деді Берік Тоқтаров.
Атаулы күнге барынша дайындық жүргізіліп жатқан көрінеді. Журналистердің сауалдарына жауап берген Берік Тоқтаровтың айтуынша, мерекеге арналған мәдени шара қарашаның 3-і күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, көрермендер назарына әскери оркестрдің және қалалық өнер ұжымдарының қатысуымен концерт ұсынылмақ. Онда бөлім командирі, полковник Андрей Қаскелеңов жүзден аса бөлім ардагері мен жауынгерлік міндеттерін адал атқарған әскери қызметшілерге мерейтойлық төсбелгі, Алғыс хат, мақтау қағаздарын табыс етіп, бағалы сыйлықтармен марапаттайды деп жоспарлануда.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp