«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАЛАС МЕКТЕП ДЕГЕНМЕН, ата-аналар дән риза

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауында 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады”, – деп атап көрсеткен болатын. Бұл міндетті жүзеге асыруға, ең алдымен, ана тілінде білім беретін мектептер атсалысуда. 1990-1991 оқу жылдарында облыс бойынша қазақ балаларының тек 25 пайызы ана тілінде білім алуға ниет етсе, 2012-2013 оқу жылында бұл көрсеткіш 65,6 пайызға жеткен. Осыдан-ақ мемлекеттік тілге деген сұраныстың артып отырғанын аңғаруға болады. Қазіргі кезде ауылдық жерлерден қалаға қоныстанушылар санының көбеюіне, өзге мемлекетте тұрып келген қандастарымыздың тарихи Отандарына қайта оралуына және орыстілді қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілге деген көзқарастың өзгеруіне байланысты, әсіресе, Петропавлдағы қазақ тілінде білім беретін мектептерге сұраныс артты. Оны қамтамасыз ету үшін облыс әкімі Серік Біләловтің тапсырмасымен орыстілді мектептер жанынан қазақ сыныптары ашыла бастады. Білім басқармасының бас маманы Ырысжан Нұрғалиеваның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні облыс көлемінде таза қазақ тілінде оқытатын 146 және орыстілді мектептер жанынан ашылған 133 аралас мектеп бар. Оларда 21374 оқушы қазақ тілінде білім алып жүр. Соның ішінде 340 оқушы – өзге ұлт өкілдері. 

Петропавл қаласындағы №7 орыс тілінде оқытатын білім ошағы – аралас мектеп мәртебесін алғаш иеленгендердің бірі. Онда 2008-2009 оқу жылында тұңғыш қазақ сыныптары ашылды.
– Алғашқы жылы 19 бүлдіршінмен бірінші және 21 баламен екінші сыныптар бір-бірден ашылды. Алғаш ашылған жылы “Балалар аралас мектепте жүріп, қазақ тілін үйрене алар ма екен?” деген қауіп ата-аналарда да, бізде де болды. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған балалардың ішінде қазақ тілін шала білетіндер мен мүлде білмейтін оқушылар басым еді. Сондықтан олардың қазақ тілін үйреніп кетуі күмән туғызарлықтай жағдайда болатын. Ол жөнінде баспасөз беттерінде де көп сын айтылды. Қазір ол қорқыныш та, күмән да сейілді. Жыл сайын қазақ сыныптарының саны да артып келеді. Бүгінде аралас мектепте 2 даярлық тобы, 2 бірінші сынып, 2 екінші және бір-бірден 3, 4, 5, 6 қазақ сыныптары бар. Олардағы барлық бала саны – 154. Орта буынға өткен 5-6 сынып оқушыларына жаратылыстану, ағылшын тілі сияқты пәндерден Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің, қалалық классикалық гимназияның мұғалімдері келіп сабақ беріп, қосымша жұмыс атқарады. Қалған пәндерді осы мектепте жұмыс істейтін қазақ мұғалімдері береді, – дейді мектеп директорының мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі орынбасары Нұргүл Қабденова.
Қазақ сыныптары үшін мектептің екінші қабатының оң жақ қапталынан бөлек орын бөлініпті.
Нұргүл Бәйкенқызының айтуынша, мектепішілік шаралар екі тілде өткізіледі. Балалар арасында жақсы қарым-қатынас орнаған, олар ұлтқа бөлінбейді. Оқушылар арасында татулық пен бірлікке, төзімділік пен отансүйгіштікке баулитын ортақ шаралар жиі өткізіліп тұрады. Ата-аналардың да көзқарастары жақсы. Олар мектепте өтетін егемен ел, мемлекеттік рәміздер тарихы туралы танымдық іс-шараларға, отбасылық спорт жарыстарына, “Жұлдызды сәт” отбасылық сайыстарына, қазақ ұлтының салт-дәстүрін насихаттайтын шараларға да қызыға атсалысады. Мектепте қазақ сыныптары үшін би, тоғызқұмалақ, шахмат, вокал үйірмелері ашылды. Сонымен қатар спорт түрлерін үйретуге арналған үйірмелерге балалар өздерінің қалаулары бойынша қатысады.
– Мектепішілік ғылыми жобалар сайысында, қалалық “Бала барысы” олимпиадасында 4-сыныптың оқушылары Аружан Кәрібай қазақ тілінен 1-орын және Мәрлен Дінаш математикадан 2-орын алды. Қазақша бастауыш сыныптарда мектепалды даярлық тобы мен 4-сыныпқа дейін 8 ұстаз жұмыс істейді. Балалардың үзіліс уақытында бір-бірімен қазақша сөйлесуін ұстаздары қадағалап отырады. Бірінші сынып балаларының арасында тілді білмей келетіндер көп болады. Кей ата-аналардың өздері қазақ тілін білмейді. Соған қарамастан, балалардың сабақ үлгерімдері жаман емес. Көмек сұраған ата-аналарға мұғалімдер қол ұшын береді. Балалар ортаңғы буынға ауысқан кезде мұғалім іздеу жағынан қиындықтар болды. Енді 8-9-сыныптарда мұғалім мәселесі қалай болады деген қорқыныш бар, – дейді аралас мектепте ашылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан Нұргүл Қабденова.
Мектептегі қазақ сыныптары жаңа үлгідегі жиһаздармен, интерактивтік тақта, компьютерлік кабинеттермен жабдықталған. Мектеп тарапынан аз қамтылғандарға көмек көрсетіліп тұрады. Балалардың дыбыстарды дұрыс айтуы үшін логопедтің рөлі зор. Оған ата-аналардың алғысы шексіз, логопедтің араласуымен балалардың диктант жазулары дұрысталған. Медбике, психологтер де өз міндеттерін мінсіз атқарып жүр.
– Аралас мектепте оқығанның тіл үйренуге кедергісі жоқ деп ойлаймын. Бұл балалар бір-біріне қарап, жақсы-жаманды айырады. Сурет, ермексаздан жасалған бұйымдарға арналған көрмелерді орыс сыныптарымен бірлесіп ұйымдастырамыз. Сонда қазақ сыныбының балалары өзгелерден қалмауға тырысады. Тұзды қамырлардан мүсін жасаудан 1-орын алдық, – дейді 1-сынып жетекшісі Гүлсім Мұқанғали.
Петропавл қалалық білім бөлімінің қазақ тілі және әдебиеті пәндері бойынша әдіскері Зухра Ауғанбаеваның сөзіне қарағанда, шаһарымызда бүгінде таза қазақ тілінде білім беретін 5 мектепте 2823 оқушы білім алып жүр. Олар Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп, №20-шы мектеп, қазақ мектеп-гимназиясы, қалалық классикалық гимназия және әл-Фараби мектеп-лицейі. Бірақ бұл білім ошақтары қазақ мектептеріне сұранысты қанағаттандыруға жеткіліксіз. Сондықтан облыс әкімі Серік Біләловтің тапсырмасы бойынша орыстілді мектептер жанынан қазақ сыныптарын ашу қолға алынған. Қазір қаладағы 15 аралас мектепте 677 бала қазақ тілінде оқиды. Соның ішінде 77 оқушы – өзге ұлт өкілдері. Аралас мектептерге деген ата-аналардың көзқарасы айтарлықтай түзелген. Олар қазақ сыныптарына балаларын өздерінің тұратын мекенжайларына жақын жерлердегі мектептерге береді. Осылайша қазақтілді мектептер тапшылығы мәселесі аралас мектептер есебінен шешілу үстінде.

Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp