«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ҚЫЗМЕТШІ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛЫП,тағы бірі ескерту алатын болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Дүйсенбі күні “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тәртіптік кеңесінің отырысы өтті. Тілеген Қаскиннің төрағалығымен өткен мәжілісте төрт мәселе қаралды, соның ішінде екеуі тәртіптік іске қатысты болды.
“Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі” ММ-нің бас маманы Андрей Поповқа қатысты қозғалған тәртіптік іс бойынша қала прокуроры Қонысбек Ыбыраев хабарлама жасады. Прокуратураның тексеруі барысында Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Андрей Поповтың және басқа да комиссия мүшелерінің қолдары қойылған өндіріс қабылдау комиссиясының 10 актісі негізінде шаһарымыздағы жылына өнімділігі 100 мың тонна көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу кешені пайдалануға берілгені анықталған.
Алайда, кешен құрылысы құрамына енген нысандарды мемлекеттік қабылдау комиссиясы емес, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті орган және мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы өкілдерінің қатысуынсыз қабылдау комиссиясы жүргізген. Сонымен қатар аталған кешенді қабылдау кезінде жұмыс комиссиясының қорытындысы да болмаған.
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс әрекеттері туралы заңнамаларында қабылдау комиссиясының нысандарды пайдалануға беруі мемлекеттік құрылыс инспекторының, сонымен қатар мемлекеттік өрт қызметінің және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен жүзеге асады. Бірақ сәулетшілер қол қойған қабылдау комиссиясының актілерінде оның құрамына енуі міндетті мүшелер түгел болмаған. Қабылдау комиссиясының актілеріне заңсыз қол қою фактілері бірнеше рет қайталанған. Осылайша Андрей Попов сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызған.
Тәртіптік кеңес мүшелерінің ортақ ұйғарымымен Андрей Поповты қызметінен босату туралы ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ Айыртау аудандық прокуратурасы Володар ауылдық округінің әкімі Шоқан Бакрамовқа қатысты қозғаған тәртіптік іс те қаралды. Ол биыл мемлекеттік қызметке алынғаннан соң тиісті шектеуді уақтылы сақтамаған. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер ретінде аудандық салық басқармасындағы тіркеу есебінен бірден шықпай, кешеуілдетіп алған көрінеді.
Тәртіптік кеңес мүшелері Шоқан Бакрамовқа қызметтік лауазымына толық сай еместігі туралы ескерту жасау түріндегі тәртіптік жаза беру туралы ұсыныс енгізді.
Тәртіптік кеңес хатшылығының Мағжан Жұмабаев ауданындағы тексерісі барысында анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін қолданылған шаралар туралы аталмыш аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Татьяна Долдина баяндады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын және мемлекеттік қызметшілердің Арнамыс кодексін сақтау туралы СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Мақсұт Жолмағамбетов есеп берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp