«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ИНТЕРНАТ ҰНАЙДЫ” – дейді мектептері жабылған ауылдардан жиналған балалар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саумалкөл қазақ орта мектебінің жанындағы интернат үйі тарихи Отанына қайтып оралған қандастарымыздың балаларына арналып алғашында сегіз баламен ашылған. 2006 жылдан бастап ол бұрынғы “Колосок” балабақшасының ғимаратына көшірілді. Бүгінгі таңда 120 балаға шақталған мектеп-интернатта 54 бала оқып жүр. 

Ашылған кездері интернатта бала саны көп болған. Кейін Сырымбет, Казанка, Лобаново, Елецкое ауылдарында да интернаттар ашылып, балалардың біразы өздерінің үйлеріне жақын орналасқандарына ауысқан. Бүгінде аудан орталығына жақын маңдағы Воскресеновка, Галицино, Комаровка, Ақан сері, Қоскөл ауылдарындағы шағын жинақталған мектептер жабылып, олардың оқушылары осы интернатта тұрып, білім алып жүр. Негізгі мектеп болып қалған бірқатар білім ошақтарының балалары да осында. Жастары әтүрлі, 1-ші және 11-сынып аралығында. Олармен оқу-тәрбие жұмыстарын үш тәрбиеші жүргізеді. 
– Мен тәрбиеші болып істеймін, негізгі мамандығым психолог. Таңертеңгі сағат сегізден екіге дейін кезекшілік етемін. Түстен кейін оқитын балалардың сабақтарын қадағалап, тәрбие сағаттарын өткіземін. Тағы екі тәрбиеші Назгүл Айат (мамандығы – технолог), Зақида Қарсақова (орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы) түскі екіден кешкі сегізге дейін істейді. Интернат мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Балалардың сабаққа дайындалуларына №1, 2-ші мектептерден пән мұғалімдері келіп көмектесіп отырады. Кешкі сегізден бастап балаларға түнгі көмекші тәрбиешілер қарайды, – дейді тәрбиеші Гүлжан Қоспанова.
Гүлжан Сәткенқызының айтуынша, балалармен тәрбие жұмысы үзбей жүргізіледі. Саламатты өмір салты насихатталып, жұқпалы аурулар, олардан сақтану жолдары туралы дәрістер оқылып, деректі фильмдер көрсетіледі. Әр сәрсенбі сайын оқушылардың тәртібі, оқу барысы, іс-шараларға қатысу белсенділіктері, алдағы аптаның жоспары талқыланады. Сонымен қатар балалардың өздері таңдап сайлаған интернат президенті және түрлі министрлердің тәрбиешілерге көмегі зор. Интернаттағы ондай лауазымды орындарға сабағы жақсы, тәртіпті, қандай да бір жетістіктері бар оқушылар сайланады.
Алефтина Гончарованың жалпы еңбек өтілі 47 жыл, соның 40 жылын медицина саласына арнаған. Зейнеткерлікке шыққаннан бері осында медбике болып жұмыс істеп келеді. Ол алғашында маман табылмағандықтан, уақытша істей тұруға шақырылған.
– Әр жылы балалар интернаттан каникулға кеткенде және жаңа оқу жылына келгенде олардың бойларын, салмақтарын өлшеп отырамын. Мысалға, жазғы каникул уақытында Диас екі жарым сантиметрге өсіпті, ал салмағы 4 килограмға артқан, – дейді өз ісін сүйіп атқаратын Алефтина Гончарова.
Балалар кесте бойынша спорттық үйірмелерге тартылған. Олардың көпшілігі еркін күреспен, жеңіл атлетикамен айналысқанды ұнатады. Спорт залда теннис үстелі орнатылған, доптармен қамтамасыз етілген. Түлектердің арасында Жайнагүл Болатова мен Алена Филипьева дене шынықтыру факультетінде оқып жүр. Саламатты өмір салтын сүйетін оқушының бірі – Диас Ха-митов:
– Воскресеновкадан келдім. №2 мектептің 7 “б” сыныбында орысша оқимын. Интернатта үшінші жыл тұрамын. Маған мұнда ұнайды. Үйде жалғыз, көңілсіз болатын, мұнда балалармен араласамын. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысуға да ауыл мектебіне қарағанда мүмкіндік мол. Өзім еркін күреспен шұғылданамын. Жаттықтырушым Әлихан Өсербайұлының ұстаздық шеберлігінің арқасында аудандық, облыстық сайыстардан бірінші орындарды иеленіп жүрмін. Былтырғы өңіраралық жарыста өз салмақ дәрежем бойынша чемпион атандым, – дейді.
Балалар бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Үш мезгіл негізгі тамақтандыру арасында оларға түстен кейін және жатар алдында жеңіл тамақ беріледі. Ас мәзіріне сүт өнімдері мен жеміс-жидек, көкөністер енгізілген.
Осылайша жабылып қалған шағын жи-нақталған мектептердің балалары материалдық-техникалық базасы толық қамтамасыз етілген білім ошақтарында оқып жүр. Ал оларды интернаттың арнайы автобусы тасымалдайды. Аптаның соңында үйлеріне таратады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕРДЕ: интернат өмірінен көріністер.
Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp