Петропавл қаласында 30 қазан күні “Жас Ұлан” жасөспірімдер КВН лигасының “Маусымашар – 2012” фестивалі өтті. Фристайл түрінде өткен күлкі думанында “Бәйтерек” командасы жеңіске жетті.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық мәдениет орталығының сахнасында көңілді және тапқыр оқушылар жиналды. Сайысқа қалалық 7 құрама және аудандардан келген 4 команда қатысты. Ойын Солтүстік Қазақстан облысының “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымымен білім басқармасының қолдауымен және Қазақстан КВН одағының ұйымдастыруымен өтті.
Бас жүлде мен кубокты, сонымен қатар 20 000 теңгеге сертификатты ұтып алған “Бәйтерек” құрамасы (қалалық классикалық гимназия) мен екінші орын және 15 мың теңгеге сертификатты иеленген “Бостандық” құрамасы (Мамлют ауданы) ең ұтқыр әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлады. Қазақша КВН ойындарына алғаш рет команда шығарған Айыртау ауданының “арландары” да қанжығасыз қайтпады. Олар қазылар алқасының шешімімен үздік үштіктің қатарына кірді.
Мамлют ауданынан келген тағы бір құрама “Жалынды жастар” (қазақ мектеп-интернаты), Қызылжар ауданының “Тентектер” (“Парасат” мектеп-лицейі) және қалалық классикалық гимназияның қос командасы “Классика қыздары” мен “Джентельмен” командаларының ойыны осы жолы “жүрмей” қалса да, жігерлері барын аңғартты. Өзіндік стилі бар “Жасstar” (Қожаберген жырау атындағы №6 ОМ) құрамасының да жолы болмады.
Маусымашардағы ең жас құрама №2 ОМ-тен келді. Өздерін “Нонсенс” деп атаған бастауыш сыныптың балалары орыс мектебінен шыққан тұңғыш команда ретінде шынымен де маусымның жаңалығына айналды. Қазылар алқасы ең жас құрамаға “Болашағынан үміт күттіретін команда” аталымын берді. Атына заты сай болған “Бөпелер” (қалалық қазақ мектеп-гимназиясы) құрамасының ойыншылары “Сахна сәні” аталымын иеленді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.