«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНШЫЛДЫҚ ӨНЕГЕСІ – Аяған Шәжімбаевтың кинотуындылары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орал ҒАЗИЗОВА,
А. Шәжімбаев атындағы
№3 Явленка орта мектебінің мұғалімі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында еліміздің барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ұдайы назар аударып келеді. Көпэтносты еліміз үшін қазақстандық патриотизмді орнықтырудың негізгі бағыттары – Тәуелсіздікті нығайту, этносаралық татулық пен келісімді нығайту арқылы әлемдік өркениет биігінен көріне білу. Қазақстандық патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бар білім мен білікті, ақылды, күш-жігерді халық игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнау, өз елінің өткендегі тарихын, тілін, салт-дәстүрін құрметтеу деген сөз.
Бұл орайда, өскелең ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелей білудің маңызы зор дер едім. ҚР “Білім туралы” Заңының 11-бабының 3-тармағында білім беру жүйесінің басым міндеттерінің қатарында жеке тұлғаны “азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеуге” айрықша назар аударылған. Осы бағыттағы талаптар мен басым бағыттар бүгінгі күні оқу-тәрбие үдерісінде үлкен мәнге ие. Осындайда Елбасының: “Ел болу үшін – ұлттық рух, ұлттық қасиет және сенім болуы керек”, – деген ғибратты сөздері ойға оралады. Шынында да, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа, дербестікке жеткен Қазақстан айналасы 20 жылдың ішінде өркениетті елдер көшіне қосылды. Аяусыз бұрмаланған тарихымызға, тілімізге, дінімізге жауапкершілікпен, жанашыр көзбен қарайтын күн енді туды. Төл тарихымыздың түпкілікті зерттеліп, ақиқаттың ашық айтылуы да – Тәуелсіздік жемісі. Демек, қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктен биік құндылықтың болуы мүмкін емес.
Тарихта қазақ халқының басынан өткен қайғы-қасірет аз емес. Солардың ішіндегі ең зобалаңы – сталиндік қуғын-сүргін жылдары. Социалистік құрылысты өрескел бұрмалаған жеке басқа табыну идеологиясы еліміздің бейбіт тұрғындарын үлкен қасіретке ұшыратты. Мұрағат құжаттарымен танысқанда “халық жауы” деген кінә тағу, сыртынан жала жабу, еш кінәсі жоқ, жазықсыз жандарды абақтыға қамау, ату, жер аудару, еңбекпен түзеу лагерьлеріне күштеп жіберу күнделікті іске айналғанын байқаймыз. КСРО-да 1930-1959 жылдар аралығында сотталғандардың саны – 3788234, атылғандар 786698 адамға жеткен. Тек Қазақстанның өзінде ғана лагерьлер мен колониялардың саны 70-тен асқан. Толық емес деректер бойынша 103000 қазақстандық репрессия құрбанына айналып, 25000 адам өлім жазасына кесілген. Неткен қанды қырғын, сұмдық оқиға десеңізші?!
Мұның бәрін айтып отырған себебім, “Кинорежиссер А. Шәжімбаевтың деректі-публицистикалық фильмдерін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану” атты көмекші әдістемелік құрал жазу, өмірі мен шығармашылығын жинақтап зерттеу, ұстаздар қауымына, оқушыларға таныту барысында ұлттық рухымызды көтеріп, отансүйгіштікке баулитын тақырыптарды молынан кезіктірдім. Тарихи тамырынан ажырап қалған ұлттың жаңа буынына сол бір қаралы уақыттың қаны сорғалаған шындығын жеткізу арқылы ғана тоталитарлық кезеңнің шын бетпердесін ашып бере аларымыз даусыз. Қуғын-сүргінге ұшыраған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, М.Дулатов, тағы басқа ұлт тұлғаларының баға жетпес мұралары осыған үндейді. Олай болса, мектепке есімі берілген жерлесіміздің халқымыз басынан кешірген нәубетті елімізде алдыңғылардың қатарында кино тілімен ұқтыра отырып, сол кездері екінің бірі айтуға тәуекел ете бермеген күрмеуі қиын “жабық тақырыпты” жарыққа шығаруы – жанкешті ерлікпен қоса жанқиярлық еңбекті, тынымсыз ізденісті талап еткені айдан анық еді. Мұрағат сөрелерінде шаң басып жатқан құжаттарға қол жеткізу, тірі куәлерінің көбі өмірден өткен, санаулы ғана көзкөргендерін іздестіріп табу оңайға соқпайтын, сағымға айналған өткен күндерді көз алдына оралту ісін хас таланттың ғажайып құбылысына балар едім. Осы тұрғыдан ал-ғанда, Аяғанның “АЛЖИР” (“Акмолинский лагерь жен изменников Родины”) деректі-публицистикалық фильмі алаш арыстарын елге алғаш таныстырумен қатар, тарихымыздағы “ақтаңдақтарды” ашуды мұрат тұтқан құнды туынды екеніне дау жоқ. Сол кезеңдегі қатыгездік пен қанышерлікке төтеп беріп, қайсар ұлттың рухани жан дүниесін өзгеше қырынан баяндайтын киногердің құпиялы тың тақырыпты жұртшылыққа ұсына білгені үшін Елбасымыз ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тілегені – бәріміз үшін мақтаныш, мәртебе.
Жардың ыстық құшағын ауыр қапасқа, темір торлы түрмеге айырбастаған қазақтың қайсар мінезді ару келіншектерінің тағдыры бүгінгі ұрпақты бейжай қалдырмасы анық. Шығарманың құндылығы да осында. Ел мен жердің тұтастығы, ұлттар арасындағы достық, “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың “тар жол, тайғақ кешудегі” жан азабы патриоттық ұғым ретінде өріліп, адамға өшпес әсер қалдырады. Тарих қойнауының тереңінде қалған ұлттық азаны қайта аршып, оның көзі тірі куәгерлері арқылы қайта табыстырады.
“Ендігі басты міндет фильмді тезірек түсіріп шығу еді. Өйткені, “АЛЖИР”-де отырып шыққан аналардың барлығы да жасы келген қарт кісілер болатын. Соларды көзі тірісінде түсіріп қалу керек болды”, – деген еді марқұм бір сөзінде. Міне, белгілі көсемсөзші Армиял Тасымбековтің “Жазығы не еді аналардың?” атты сериялы мақалалары негізінде Аяған ағамыз көп жылдар бойы бүркемеленіп, бұрмаланып келген тарихи шындықты сәтімен ашып көрсете білген. Фильмге 30-ға жуық куәгер тартылып, олардың жүрек сыздатар ауыр естеліктері талай қайғылы оқиғаларды көз алдымызға әкеледі.
“АЛЖИР” кинотуындысында тек зардап шек-кендердің зар-мұңын ғана көпшілікке жеткізу мақсат етілмейді. Сонымен қатар сол жандардың нақақ жазаны өтеп жүрсе де, мойымағаны, қайтпас қайсарлығы, елі мен еріне адалдығы, болашаққа сеніммен қарайтыны, қиындықта бір-біріне демеу болуы, жастар үйренетін қасиеттер екені айтпаса да түсінікті. Өзге халықтардың да шеккен азабы, көрген қасіреті нанымды суреттелуі фильм шоқтығын көтере түскен. Қиын шақта әр ұлт өкілдерінің бір-біріне қол ұшын беріп, қарайласуы, достық қарым-қатынаста болуы, бостандық деген тәтті сөздің қадір-қасиетін ұқтырғандай әсер қалдырады.
Фильмнің басталуын еске түсірейікші. Сарыарқаның боранды даласы. Долдана, ысқырына соққан жел. Қазақтың киелі шаңырағы – киіз үйдің туырлығы мен киіздері қатты дауылдан жан-жаққа ұша бастайды. Бір кезде үйдің керегесі мен уықтары ғана қалады. Осы сәтте мылтық атылып, уықтар кезек-мезек сына бастайды. Әр уықтың сынуымен бір адамның тағдыры – халқымыздың беткеұстар, маңдайалды тұлғалары опат болып отырады. Бірақ шаңырақ шайқалғанымен, құламайды. Орнында қалады. Режиссер осы бір ғаламат көрініс арқылы Сталиннің халқымыздың қаншама азаматтарын қырғанмен, рухын сындыра алмағанын бейнелеп ұқтырған.
Ағамыздың тағы бір ерекше кинотуындысы “Жансебілді” “АЛЖИР”-дің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Онда тарихымызға, тілімізге, дәстүрімізге немқұрайды қарайтын қазақ жастарының сана-сезімін ояту, негізгі мақсат етілгені байқалады. Мұқатай есімді басты кейіпкер арқылы тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқымыздың бейнесі сомдалады. Өз жерінде жүріп өгейліктің күнін кешкен, туған елге, жерге деген сағынышы алабөтен жанның ішкі жан дүниесі, рухани азғындық, жат қылықтар арқылы өзгелерге ой салу көзделгенін аңғару қиын емес. Мұнда саяси қуғын-сүргін тақырыбы жаңа бір қырынан ашылған. Мұқатай – жинақтық образ, зобалаңда зардап шеккен азамат. Оның бойындағы жалындаған патриоттық сезім адамгершілік қасиеттермен ұштасып жатады.
Аяғанның үлкен ізденістермен, кәсіби шеберлікпен түсірілген кез келген кино шығармасын алсақ, отансүйгіштік, елжандылық басты лейтмотивке айналғанын аңғарамыз. Кейіпкерлердің іс-әрекеттерінде рухани-танымдық тағылым мол. Туған елі мен жерді сүюге, қадірлеуге жетелейді. Әр адамның жігерін қайрап, рухын көтеруде “Бәйтерек”, “Жұмат Шанин” фильмдерінің де орны ерекше. Патриотизм тақырыбындағы осындай фильмдер экранға жиі ұсынылса, ұл-қыздарымыздың намысшыл болып өсіп, Тәуелсіз еліміздің атақ-абыройын асырары сөзсіз.
Патриотизм сезімі санаға біртіндеп сіңетін нәзік сәуле іспеттес. Қоғамымыздың бірден-бір қозғаушы күші саналатын жастар бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы бәсекеге қабілетті жас азаматтарды тәрбиелеп шығаратынымыз еш дау тудырмаса керек. Аяғанның өз халқына деген мақтаныш сезімін оятатын ұлтжанды тұлға екендігіне оның кинотуындыларымен танысқан сайын көзіміз жете түскендей болады. Сол себепті оқушыларды азаматтық, ұлттық намысы бар, елі мен жерін сүйетін парасатты адам етіп тәрбиелеуде жерлес кинорежиссердің сіңірген еңбегі зор екенін баса айтқымыз келеді.
Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp