Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орын алған өрт екіқабатты тұрғын үйдің шатырына айтарлықтай зақым келтірді. Тілсіз жау сүт пісірім уақытта ауыздықталды.
Тайынша ауданының орталығында шыққан өрт нәтижесінде жекеменшік гаражды жалын шарпыса, от Петропавлдағы Рига көшесінде “Opel” автокөлігінің алдыңғы дөңгелектері, бампері, радиаторын жойып, айтарлықтай зақым келтірді. Дәл осындай жағдай Мир көшесінде де тіркелді. Онда қараусыз қалған от кесірінен “Мерседес-бенц Е-200” автокөлігі жанып кетті.
Тайынша қаласында жеке тұрғын үй ауласындағы қораны жалын шарпып, бір бөлігін ғана зақымдаса, Новоишимка ауылында ағаштан тұрғызылған қора-қопсы жермен-жексен болды. Қызылжар ауданының Красноярка ауылында зейнеткердің ауласындағы қорасымен бірге үй құстары мен қысқа дайындаған отыны толықтай жанып кетіп, монша қабырғасына айтарлықтай зақым келді.
Өткен аптада тілсіз жау моншаларды жиі шарпығандығын айта кеткен жөн. Мысалы, Қызылжар ауданының Бәйтерек пен Пресновка елді мекендерінде, Петропавлдағы Молодогвардейцев мен Батыр Баян көшелерінде осындай нысандар отқа оранды.
Апта сайын облыс тұрғындарының ондаған тонна шөбін от жалмауда. Мысалы, Жамбыл ауданының Святодуховка ауылының тұрғыны орын алған өрт кесірінен еңбектеніп, қысқа дайындаған 30 тонна шөбінен бір сәтте айрылып қалды.
Өрт негізінен тұрғындар қатты ұйқыда болған сәтте, яғни түн ортасында немесе таңсәріде болады. Өрттердің басым бөлігі күн суытып, жеке тұрғын үйлер мен моншаларда өрт қауіпсіздігі жағдайы сын көтермейтінін, қолдан соғылған жылу пештерін жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаушылықтан, отынды жанармай арқылы тұтатып, пеш маңайында тұтанғыш заттарды қалдырған жағдайда шығатынын естен шығармаған жөн. Әрбір азаматтың өмірі қымбат болғандықтан, жеке тұрғын үйде от жағу ережелерінің сақталмауынан өрт шыққан жағдайда оған баспана иесі жауапты. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз. Сіріңкелер мен оттықтарды жас балаға сеніп тапсырмаңыз. Пештің үстіне зат қоюға, киім-кешек пен аяқкиімдерді кептіруге тыйым салынады. Қашанда отпен ойнауға болмайтындығын естен шығармаған жөн.
Шылым шегуден, пештерді пайдалану уақытында отқа ұқыпсыздықпен қарауынан, аңғармаушылығынан, ұқыпсыздығынан, білместігінен кейбір азаматтар өз үй-жайлары мен жақындарының өміріне қауіп төндіреді. Өрт қауіпсіздігінің туындауының алдын алу үшін пештің күлін арнайы орынға апарып төгіп, үстінен су құйып сөндірген дұрыс.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp