«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӨРКЕЙІП, қаланың сәні кіре түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

2011-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес кондоминиум нысандарының жалпы мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бірінші тетік бойынша республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларында капиталдандыру үшін мақсатты трансферттер бөлінеді. 2011 жылы осы мақсаттарға 1,8 млрд. теңге бағытталды. 2012 жылдың 12 қазанындағы жағдай бойынша 88 үй жөндеуден өтті, бұл ретте Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы үйлерді жөндеудің жоспарлы көлемін толық аяқтады. Бөлінген қаржының игерілгені 1639 мың теңге немесе 89 пайызды құрады.
Ал екінші тетік бойынша 2011 жылы республикалық бюджеттен мамандандырылған ұйымдарды капиталдандыру үшін әкімдіктерге сомасы 5,5 млрд. теңгенің трансферттері бөлінді. Биылғы 12 қазандағы жағдай бойынша 433 үй жөнделді. Бөлінген қаржының 5060 мың теңгесі немесе 92 пайызы игерілді. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы жоспарланған жөндеу көлемін толық аяқтады.
Үстіміздегі жылы елімізде 734 үйді жөндеу қарастырылған. 2012 жылы бірінші тетік бойынша республикалық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды капиталдандыру үшін 5 млрд. теңге бөлінді. Оған 294 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір біздің Солтүстік Қазақстан облысында осындай 14 үйге жөндеу жүргізілуде.
Биыл екінші тетік бойынша республикалық бюджеттен әкімдіктерге мамандандырылған өкілетті органдарды кредиттеу үшін 440 үйдің жөндеу жұмыстарына 8 млрд. теңге берілді. Қаржы республикалық бюджеттен әкімдіктерге осы жылдың мамыр айында аударылған болатын. Оған жалғыз Алматы қаласының әкімдігі ғана енген жоқ, өйткені ол кредиттік шартқа қол қоюдан бас тартты. Осы тетік бойынша біздің облыста 9 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы жайлы тұрғын үй қоры 1036 көпқабатты үйден тұрады. “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2011 жылы республикалық бюджеттен көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге 395 миллион теңге көлемінде трансферттік қаржы бөлінді және ол толық игерілді. Осы бөлінген қаржыға 2011 жылдың тамызы мен 2012 жылдың мамыры аралығындағы кезеңде 46 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Олардағы жөндеу жұмыстарының негізгі түрлерін тұрғындардың өздері таңдайды, олар тұрғын үйдің жөндеуді қажет ететін қазіргі жағдайына байланысты оның шатыры, лифті, ортақ кірме дәлізі, жертөлесі немесе жылу желілері жүйесі болуы мүмкін.
“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту” бағдарламасын жүзеге асыру Петропавл қаласында екі тетік бойынша жүргізілуде. Оның біріншісі бойынша “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) жұмыс істейді. Қазір ӘКК-нің ұйымдастыруымен 20 тұрғын үйде сомасы 312,5 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде 6 үй облыс төңірегінде және 14 тұрғын үй Петропавл қаласында жөнделуге тиісті. Бүгінде қаладағы 12 көппәтерлі тұрғын үй бойынша сомасы 221,0 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқан болса, тағы 2 үйде кондоминиум нысанының жалпы мүлкіне жөндеу жұмыстарын бастау үшін олардағы пәтер иелерімен келісімшарттар мен хаттамаларға қол қою жөніндегі жұмыстар тыңғылықталуда. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына қосылу үшін міндетті түрде тұрғындардың түгелдей келісімі қажет болатындықтан, оларды толық заңдастырмайынша, жұмысты бастау мүмкін емес. Бағдарламаны жылдамырақ жүзеге асыруға көбінесе қолбайлау жасайтыны да осы.
Екінші тетік бойынша жұмыс істейтін Петропавл қаласы әкімдігінің “Тұрғын үй қызметі” ЖШС-і биылғы жылы 28 тұрғын үйде сомасы 500 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Одан басқа 9 тұрғын үйде 2011 жылдың сомасы 118,2 миллион теңге қайтарылған қаржысына жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бағдарлама бойынша бөлінген қаржыға жөнделетін жоғарыда аталған 28 тұрғын үйдің 13-інде қазіргі уақытта сомасы 220,4 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Аталмыш қалалық тұрғын үй қызметі серіктестігінде заңгерлік қызмет атқаратын Жанар Есетованың айтуынша, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасының бұл тетігінде әзірге проблема тудырарлықтай келеңсіз жай орын алған жоқ. Жөндеуді қажет ететін үйлердің тұрғындарымен өзара түсіністік жағдайда жұмыс жүргізіліп, келісімшарттарына сәйкес пәтер иелерінің өз міндеттерін уақтылы атқаруы талап етіледі. Соның нәтижесінде 2011 жылғы көппәтерлі тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары бойынша қайтарылған ақшалай қаржысы 162,7 миллион теңгені құрады. Бүгінде 11 үйдің сомасы 240,1 миллион теңгенің жобалау-сметалық құжаттамалары “Мемлекеттік сараптама” РМК-нің облыстық филиалында сараптамадан өтуде. Сонымен бірге тағы 4 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындық сатысында.
Өткен 2011 жылы “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасына қатысқан қалалықтар республикада алғашқылардың бірі болып кондоминиум нысанының жалпы мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге тұрғын үй көмегін ала бастады. Ол бағдарламаға қатысқан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға беріледі. Өткен жылы жалпы сомасы 37 миллион теңгенің тұрғын үй көмегін 426 пәтер иесі алды. Ал биыл бұл мақсатқа 75,3 миллион теңге бөлініп отыр.
Үстіміздегі жылы облыста бағдарлама бойынша бөлінген 812,5 миллион теңгеге және 2011 жылы жүргізілген жөндеу үшін қайтарылған қаржыларына барлығы 57 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болса, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, олардың дені еңсеріліп келеді. Жыл мәресінде жоспарлы межеден көрінуге толық мүмкіндік бар. Қалалықтардың өздері де байқап жүргеніндей, шатырлары, суағарлары, қабырғалары, балкондары мен ортақ кірме дәліздері осызаманғы құрылыс материалдарымен жаңартылған, өткен ғасырдың 60-70 жылдары тұрғызылған ескі үйлердің өзі адам танымастай әдемі кейіпке келуде.
Иә, жаңғыртылған үйлер көркейіп, қаланың сәні кіре түсті. Егер Үкімет аталмыш бағдарламаны дер кезінде қолға алмаған болса, тағы бір 5-10 жылдан кейін қаладағы ескірген тұрғын үй қорының қандай жағдайға жетерін көзге елестету де қиын. Мейлі, басында ұйымдастыруы қаншалықты қиын-ақ болсын, оның алғашқы нәтижелері көріне бастағаннан бері, тұрғындар да бұл мәселеге түсіністікпен қарай бастады. Енді ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасынан ешкім де үрікпейді, өйткені көппәтерлі тұрғын үйдің тозығы жеткен шатырын жөндеуге тұрғындардың өз беттерінше шамасы келмесін жақсы біледі.
Енді Әуезов көшесіндегі 53-ші үй мекенжайындағы алтықабатты осындай бір тұрғын үйдегі қайта құру жұмысы жайына тоқталалық. Мұндағы тұрғын үйдің шатырын толық қайтадан жаңғырту жұмысын “Мирас-Grup” құрылыс фирмасының бригадасы жүргізуде. Құрылысшылар саны – 8, үшеуі – тас қалаушы да, қалғандары – ағаш шеберлері мен көмекші жұмысшылар. Шатырдағы жаңарту жұмысын 14-ші қыркүйекте қолға алған олар құрылысты алдағы жылдың 8 қаңтарында аяқтауға уәде беріп отыр. Нағыз жауын-шашынды кезде басталғандықтан, үйдің шатырсыз тұруы тұрғындарға, әсіресе, жоғары қабаттағы пәтер иелеріне қолайсыздық тудыратынын олар жақсы түсінеді. Сондықтан да шатырдың ағаш конструкцияларын жылдамдата тұрғызып, үйдің бір шетінен бастап жабу жұмыстарын жүргізе бастамақшы.
Мирастық құрылысшылардың көздеген межеден көрінеріне оларды осы жұмысқа тартқан қалалық “Тұрғын үй қызметі” ЖШС-нің сенімі зор. Өйткені, бригадада өз мамандықтарының шеберлері көп. Мысалы, 5-ші разрядты тас қалаушы Рустам Хабибуллин 4-ші разрядты әріптестері Орынбай Мәденов және Виктор Шабаевпен бірге шатырдың бүйір қабырғасын кірпіштеп көтеруді өте сапалы атқарып шықты. Ал ағаш шеберлері әкелі-балалы Сергей мен Константин Лайерлер Фархат Самтыковпен бірге шатырдың ағаш конструкциясын қозғалмастай етіп, сапалы тұрғызды. Қазір олардың арасын жұқа тақтайшалармен толықтырып, арнайы шатыр жабынқыштарын шегелеуге дайындауда.
Бұл үйдің өзгелерден бір ерекшелігі, мұнда бұрын шатыр мүлде болған емес. Көбінесе алтықабатты үйлерге тән ескі жоба бойынша үйдің төбесі жайдақ жабылып, үстінен су өтпеуі үшін битум құйылып тасталатын. Ал оның өзі жылдар өте келе күн көзіне әбден езіліп-тозып, су ұстамайтын жағдайға жетіп, әсіресе, үстіңгі қабаттағы пәтер иелеріне көп машақат тудыратын. Пәтер иелері бағдарламаны пайдаланып міне, осы келеңсіздіктен мүлде құтылғалы отыр. Тұрғындар пәтуаласып, ортақ шешімге келер болса, дәл осындай жолмен кез келген ескі үйдің астындағы тозығы жеткен суық және ыстық су желілерін де толық қайта жаңғыртып алуға болады. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы осындай аздың күші жетпейтін күрделі мәселелерді шешетін қуатты қаржылық қолдау тетігіне айналды.
СУРЕТТЕРДЕ: (солдан оңға қарай) прораб Мейрам Дүйсетов, жұмысшы Руслан Байтөбетов және бригадир Саят Байзақовтар жұмыс барысын қадағалауда; 5-ші разрядты тас қалаушы Рустам Хабибуллин; ағаш шеберлері (солдан оңға қарай) Сергей Лайер, Фархат Самтыков және Константин Лайер жұмыс үстінде.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp