Жақында облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжанованың төрағалығымен өткен жиында үстіміздегі жылдың тоғыз айында кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамытудың қорытындысы шығарылып, 2012 жылдың төртінші тоқсанының міндеттері талқыланды.
Шара барысында “Даму” қорының қызметкерлері кәсіпкерлер арасында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру, соның ішінде қордың кепілдік беру жолдары және оның қаржылық емес бағдарламаларының жүзеге асырылуы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша менеджер Светлана Назарюк экспресс-кепілдіктерді беру жолдары жайында егжей-тегжейлі айтып берді.
Қордың кепілдіктер беруді қарастыру мерзімдері, ауылдық округтердегі кәсіпкерлердің әлсіз кепілдік базасы, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында облыста инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар беру шарттары, жоспарланып отырған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және кәсіпкерлікті қолдаудың оңтайлы орталығының жұмысы туралы келелі әңгіме қозғалды.
Жиын барысында “Жылдың үздік кәсіпкері” конкурсының қорытындысы шығарылып, үстіміздегі жылдың тоғыз айында шағын және орта бизнесті дамытудың көрсеткіштері айтылды.
Аталған шараға қатысқандар шағын және орта бизнес өкілдерін кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына тарту жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізу қажеттігіне көз жеткізді.
(Өз тілшімізден).