«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫРҚАЙ БЕР, “ШАБЫТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәстүрлі музыканы архаизм деп қарайтын уақыт артта қалды. Қазақ эстрадасындағы домбыра үнімен әрленген әндер – ұлттық музыканың заманауи кейіпке енгендігінің белгісі. Ән-жыр, терме-толғаулар секілді ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттап, төл өнерімізді заманауи үлгімен ұштастырудың жолын тапқандардың бірі – “Шабыт” этнотобы. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл топтың өнерін алғаш рет облыстық филармонияның 48-інші концерттік маусымының ашылуында тамашаладық. 5 әртістен тұратын топ мүшелері – 21-26 жас аралығындағы тепсе темір үзетін жастар. Албырттық пен шабыттан туған “Шабыт” этнотобы көзден таса қалған шаңқобыз, сазсырнай, жетіген, дауылпаз сынды аспаптарды халық музыкасы арқылы қайта жаңғыртуды көздейді. Көрермендерге Дәулеткерейдің “Көрғөлы” күйін орындаған олар көрермендердің ілтипатын бірден өздеріне баурап алды. Концерттен кейінгі шаттық сезімі сейіліп, көргенің мен түйгеніңді таразылай келе көзге бірден оттай ыстық көрінген этнотоптың болашағы мен өзге ұлттық аспапты өнер ұжымдарынан несімен ерекшеленетінін білгім-ақ келді.
– Ауыз толтырып айтатындай табыстарымыз да, тәжірибеміз де жоқ. Қолымызда бары – кәсіби біліміміз бен ұлттық музыкаға деген махаббатымыз. Сахнаға шыға сала жаңалық енгіземіз дегеннен аулақпыз. Бар көздеген мақсатымыз – төл музыканы, ұлттық аспаптарды көзден таса қылмай, дәріптей түсу, – дейді топ мүшесі Айдос Ақылбеков.
Айдос Ақылбеков – “Шабыт” этнотобының өзге мүшелеріндей халық музыкасына жанымен берілген музыкант. Ол қылқобыз, сазсырнай, шаңқобыз, жетіген аспаптарын бірдей меңгерген. Сонымен қатар көмеймен айту өнеріне де машықтанған. Айдос – Астана қаласындағы Ұлттық өнер университетінің дәстүрлі музыка өнері кафедрасының түлегі. Оқуды бітіре салысымен жұбайы Жәмила екеуі облыстық филармонияның шақыруымен Қызылжар қаласына көшіп келеді. Жәмила Мұстафина да зайыбы сияқты қылқобыз әрі жетіген аспаптарында ойнайды. Жәмила өнер қуып Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы өнер колледжі мен Ұлттық өнер университетінде білім алады. Ол филармониядағы жұмысымен қатар, қазіргі таңда өнер колледжінде шәкірт тәрбиелейді.
Топта домбыра аспабында ойнайтын Саян Дүйсенов Күдерованың жетекшілігімен өнер колледжінде домбыра сыныбын тамамдап, филармонияның оркестрлерінде өнер көрсетіп келеді. Руслан Асылхан да – домбыра, шаңқобыз және дауылпаз аспаптарында бірдей ойнай алатын топ мүшесі. Топтың басқа мүшелеріндей Ұлттық өнер университетінің түлегі.
– Өнер университетінде оқып жүрген уақытымызда әрбіреуіміз іштей ұмыт қалған ұлттық аспаптарды жаңғыртуды қаладық. Ат төбеліндей ғана қазағы бар Қызылжардай өңірге осындай этнотоптың болғаны ләзім. Тұсауымыз енді кесіліп, тәй-тәй басып келе жатқан баладай болғандықтан, алдағы уақытта репертуарымыз жаңарып, қосымша аспаптар сатып алу ойымызда бар, – дейді Руслан Асылхан.
Топтың бесінші мүшесі – Заңғар Мүбәрак сирек кездесетін дауылпаз аспаптарының түр-түрін меңгерген. Ол Айдос сынды Жезқазған қаласының тумасы. Қызылжар өңіріне ұлттық өнерді насихаттау мақсатында келген жастар нық тұру үшін әлі де біраз уақыт қажет дейді. Баспана мәселесі де өзекті. Топ болып құрылғандықтан, жаңадан біркелкі сахналық киім тіктіру де кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болса керек. “Шабыттың” алар асулары әлі алда деп сенгіміз келеді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp