«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШТІЛДІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі” деген болатын. Бұл еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырған білім саласы қызметкерлеріне де сын болмақ. Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында үш тілде оқыту қалай жүзеге асып жатқаны жайында білім мекемесінің директоры Гүлжан Жақановадан сұрап білдік.

– Гүлжан Шәмелқызы, Сіз басқарып отырған білім ошағы үш тілде оқытуды қолға алған санаулы мектептердің қатарында. Алғашқы тәжірибелеріңіз де бар. Көп тілде білім беру қандай бағытта жүзеге асуда?

– Бүгінде еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елу елдің қатарына қосылуға бет бұрғандықтан, білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан білім ошағындағы көпмәдениеттілік ақпараттық және коммуникативтікпен қатар қойылып, білімнің базалық құзыреттілігі ретінде танылып отыр. Осыған орай білім ошағында үш тілде оқытатын эксперименттік 7 “а”, 8 “а”, 9 “а”, 10 “а”, 11 “а” сыныптары бар. Онда жаратылыстану-математика бағытында бір, не одан да көп пәндерді ағылшын тілінде оқыту; қазақ және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқыту; орыс тілі мен әдебиеті пәндерін орыстілді мектеп бағдарламасымен оқыту енгізілген. Көптілді білім беру және тәрбиелеу қазақ мектеп-гимназиясының 2012-2017 жылдарға арналған дамудың кешенді бағдарламасында өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Ағылшын тіліне ерте жастан оқытудың тілді жақсы әрі еркін меңгеруге тигізер әсері мол. Ол адамның интеллектуалдық, тәрбиелік және рухани әлеуетін жақсартады. Көпжылдық зерттеу көрсеткендей, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, бастауыш мектепте тәрбиенің жалпы білімдік құндылығын көтереді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге және құрметтеуге үйретеді.
– Жаңа оқу жылында бағдарламаға енгізілген қандай өзгешеліктер бар?
– 2012-2013 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап эксперименттік сыныптарда биология пәнін ағылшын тілінде жүргізу курсына факультативтік сағаттар енгізілді. Бұл оқушылардың табиғи-ғылыми ойларын болашақта әлемдік білім жүйесінде қолдана алатындай деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың нәтижесін көру үшін оқушылардың 1-сыныптан бастап ағылшын тілінен алған білім негізі болуы керек. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, үлкен адамға қарағанда кішкентай бала ағылшын тілін тез меңгереді. Баланың ағылшын тілін үйренуге деген қабілеттілігі өсе келе бәсеңдейді. Шет тілін ерте жастан бастап оқыту қажеттілігі, бүлдіршіндердің қабілеттері мен тілдік ерекшеліктері ескеріле отырып, жаңа оқу жылынан 1-сыныпқа аптасына 3 сағат ағылшын тілін оқыту енгізілді. Сонымен қатар бастауыш сынып пәндерін оқытуда қазақ-ағылшын тілі және қазақ-орыс тілі екітілділік элементтерін біртіндеп енгізу жоспарлануда. Көптілді білімнің дамуына байланысты қазақ-орыс-ағылшын тілді ортаны кеңейту қажеттілігі туындайды. Сондықтан “Теңбе-тең” бағдарламасы бойынша қайта даярлау арнайы курстарынан өткен мектеп-гимназияның ағылшын тілі мұғалімдері басқа пәндерден беретін әріптестерін ағылшын тіліне үйретуі қарастырылған. Жаңа оқу жылынан бастап аптасына 1 рет эксперименттік сыныптарда “Математика – ағылшын тілі” интеграциялық сабақтары өткізілу үстінде .Біздің оқыту бағдарламамызға енгізілген жаңашылдықтарымызды ата-аналар қауымы да қолдады.
– Өзге тілді үйретеміз деп жүргенде балалар өз ана тілінен, ұлттық ділінен айрылып қалмай ма?
– Білім беру жүйесі заман сұранысына лайықты азаматтар тәрбиелеуді көздейді. Сондықтан тек мемлекеттік тілмен шектеліп қалуға болмайды. Алайда, жаңа технологиялармен, ақпараттық коммуникативтік құралдармен жастардың бойына еліміздің рухын, ұлттық мәдениетін де дарыту болашақ үшін маңызды. Баланың бойына ұлтының ұлылығы ананың сүтімен, тілімен дариды. Сондықтан ең алдымен ана тілін жетік меңгерту көзделген. Осы орайда қазақ тілін тереңдетіп оқыту пәндік-түсініктік лексиканы молайту жолымен салыстырмалы байланысты дамыту, түпнұсқа мәтіндерді сараптамадан өткізу, әртүрлі жанрлық тіл дамыту негізінде іске асырылады. Гимназиядағы эксперименттік сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті орыс тілінде оқытылатын мектеп бағдарламасы бойынша меңгеріледі. Ол сабақтарда жеке бағытталған, деңгейлік диалогтік және жобалық оқыту технологиялары қолданылады. Ағылшын тілін тереңдетіп оқыту бағдарламасын іске асыру кезінде оқушылар ауызша да, жазбаша да грамматикалық құрылымдарды қолдана және айыра білуге дағдыланады. Коммуникативтік мақсаттарды іске асыру барысында оқушылардың қызығушылығын ескеруге, тілдік материалдарды дұрыс таңдауға, лексикалық сөздік қорын молайтуға, оқутанымдық әрекеттерді өз беттерімен орындауға, жаңа ақпараттық технологияларды қолдануға баса мән беріледі.
– Балаларды үш тілде оқыту қиындық туғызбай ма, нәтиже қандай?
– 2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін факультатив сабақтар ретінде 7-11-сыныптарда математика ағылшын тілінде оқытылады. Бұл сабақтарды ағылшын тілі пәні мұғалімі Елена Адулова жүргізеді. Ол жас мамандарға арнап семинарлар өткізіп, ақыл-кеңес беріп, жаңашылдыққа үйретеді. Сабақтар біздің жағдайымызға сай бейімделген бағдарламалар мен оқулықтар негізінде өткізіледі. Мектебімізде үштілдікті енгізу өз нәтижелерін көрсетуде. Оқушыларымыз қашықтықтық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Республика көлемінде өткен “Математика ағылшын тілінде” үштілдік қашықтық бақылау нәтижесінде 11 “а” эксперименттік сынып оқушылары 100 пайыз үлгеріммен жоғары білім сапасын көрсетті. 11-сынып оқушылары Алима Рахматолла мен Азамат Құрмашев республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ және орыс тілі пәндері бойынша 2 және 3-орындарға ие болды. Қазақ тілі пәні бойынша “Жарқын болашақ” атты IV республикалық “KATEV” олимпиадасында гимназияның құрама тобы жақсы көрсеткіштерге жетті. 2012 жылғы түлегіміз Ағыбай Есенгелдинов Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық – заң университетінің “Құқық қорғау қызметі” мамандығы бойынша білім грантының иегері атанды. Ал Айжан Сапар Назарбаев Университетіне “Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі” мамандығы бойынша, Диана Тілеу Алматы қаласындағы әл-Фараби Қазақ Ұлттық университетінің “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына, Айна Сапар Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің “Тарих” мамандығына түсіп, грант иегерлері болды. Бұл – түлектеріміздің білім жүйесінде бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp