«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНИ СОҚЫР СЕНІМ – ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүлдіргіш діни сенімдер қоғам мен мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей қоймайды. Адамдардың психикасы бұзылып, емдеудегі дәстүрлі емес әдістерді қолдану арқылы қоғамда мәселелер туғызады. 

Мәриям БАПАНОВА,

облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.

Діни наным-сенімнің адам денсаулығына әсері бар ма? Бұл сұрақты “Аум Синрике”, “Алля Аят” және “Ата жолы”(“Ақ жол”) сынды діни ұйымдар мысалында қарастырып көрелік.
“Аум Синрике” – неоориенталистік діни ұйым, Жапонияда Тидзуо Мацумота, кейіннен Сека Асахара есімін алған адам құрды. Армагеддон заманының жүзеге асуын тездетуді көздейді. Осы мақсатпен жүйкеге тиетін газ өндіретін химиялық зауыт салып, түбінде бактериологиялық және ядролық қару жасауды жоспарлады. 1995 жылдың наурыз айында Токио метросын сектаның 5 өкілі жайратып салатын газ бүркіп, содан 5,5 мың адам жараланып, 12 адам опат болды. Асахара және оның ізбасарлары басқа да кісі өлімдеріне қатысты болып шықты. Жапон қаласы – Мацумотада 7 адам қайтыс болып, 144-і жарақат алған терактіге олардың қатысы бар екені анықталды.
Секта мүшелеріне жатырқау тән және жалғыз қалуға бейімділік байқалады. Сондықтан да олар сыртқы әсерге икемді келіп, қоғамға қауіп төндіреді. Осылайша бұл ұйымның әрекеттері адамға психологиялық және физикалық зарар тигізе алатындықтан, Қазақстанда “Аум Синрике” террористік ұйым болып тіркеліп, республикада тыйым салынған.
Адам денсаулығына зиянын тигізер мистикалық қозғалыстар қатарында “Алля Аят” пен “Ата жолы” (“Ақ жол”) да болды.
Соқыр сенімге негізделген “Алля Аят” мистикалық діни ұйымы 1990 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Шонжа ауылының тұрғындары: колхоздың көлік жүргізушісі Фархат Абдуллаев пен оның жұбайы Нинаның бастамасымен құрылды.
Адамдар бұл сектаға неге барады? Сектаға түрлі ұлт өкілдері мен әр жастағы адамдар қазіргі медицинаның күші келмейтін дерттерден құлантаза емделу мақсатымен келеді екен. Фархат атаның оқушылары медициналық дәстүрлі емдеу жолдарын дұрыс деп санамай, келген науқас жандарға дәрігерлердің айтқан нұсқаулары мен емдомын қабылдауға тыйым салады. Бірақ мистикалық ұйымның тыйымдарына қарамастан, медициналық мекемелерге психикалық әрі психологиялық зақым алған адамдар жиі қаралуға келеді.
Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның әр аумағында Фархат атаның ізбасарлары “Алля Аят” әдістерін заңсыз қолданып, халық арасында таратуға тырысты. Бірақ бұл ұйымның қызметіне тыйым салынды. Алматы қаласының соты 2008 жылдың 22 желтоқсанында оны тарату жөнінде шешім шығарды. Осындай шешімнің орын алуына медициналық мамандардың зерттеу қорытындысы себепкер болды.
1997 жылы ақпан айында құрылған “Ата жолы” (“Ақ жол”) да адам денсаулығына өз зиянын тигізбей қоймады. Алматы облысының Жамбыл ауылының тұрғыны Қадырәлі Тарыбаев құрған қозғалыстың шәкірттері Қазақстанның барлық аймақтарында бар болып шықты. Ізбасарлары Қадырәлі ағаның келуін Нострадамустың: “Дүниеге бір адам келер – қарияның жалғыз ұлы” деген сәуегейлік сөзі орындалды деп сенген. Қадырәлі ағаның оң қолында Құдайдың берген сыйы – мөрі бар деп ойлап, егер ол адамның арқасынан оң қолымен соққан болса, ол адам сол мезетте өзінің ата-бабаларымен сөйлесе бастайды деген.
Бұл ұйымның негізгі мақсаты адамдарды әулие қатарына қосып, науқастарға ем беру болып табылады. Олар елдің оңтүстік облысында орналасқан қасиетті жерлерді аралауды ұйымдастырды. Сол арқылы ата-баба аруақтарымен тілдесуді мақсат еткен. Ізбасарлар арттарынан ерген қайсыбір адамның сәуегейлігі ашылып, адамдардың болашағын болжайтын деңгейге жетіп, науқастарды емдей алады деп сендірген. Егерде ол адам аруақтардың айтқанына көнбейтін болса, оны басына қайғы түседі деп қорқытқан.
Алматы қаласының соты 2009 жылы “Ата жолы” қоғамдық ұйымының жолын кесті. Бұл шешімнің де орын алуына медициналық мамандардың қорытындысы сеп болды. Адамның денсаулығына, азаматтардың Ата Заңда көрсетілген әлеуметтік қауіпсіздігіне қарсы әрекет жасаған ұйым елімізде өз қызметін доғарды.
Отандық және шетелдік сарапшы мамандардың сөздеріне сүйенер болсақ, сектада және дәстүрлі емес діни ұйымдарда ұзақ уақыт болған адамды үрей, желікпелік, зауықсыздық, торығу сияқты толып жатқан дерт меңдейді. Діни соқыр сенімнің артынан ергендердің психикасы мен жүріс-тұрысы түгелдей өзгеріске ұшырайды. Дәстүрлі емес діни ұйымдар психологиялық агрессияның белгілі бір түрін туғызып, жеке басына тән қасиетін бұзып, зомбиге айналдырады. Олардың өмірлері топ көшбасшысының қас-қабағына байланысты болады. Секталардың барлық көшбасшылары алаяқтар болып келеді. Олардың мақсаты ізбасарларынан экономикалық пайда табу болып табылады. Ал діни идеялары негізгі мақсаттарын жасыратын шымылдық іспетті.
Жоғарыда аты аталған діни ұйымдардан басқа да соқыр сенімнің негізінде құрылған секталар да адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Олар өздеріне адамды көптеп тарту үшін діни қағидаларды жамылып, әртүрлі айла-тәсілдер ойластырады. Бұл келеңсіздіктің орын алуы, адамдардың олардың айтқан сөздеріне еруі, біріншіден, көпшіліктің діни білімінің таяздығы себеп болуы мүмкін. Жұртшылықты, әсіресе, жастар қатарын діни секталардың қаупі жөнінде ақпараттандыру қажет. Білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен құқық қорғау органдары мұның алдын алу жөнінде кешенді шаралар өткізуге тиіс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp