«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЧЕБУРАШКАМЕН” БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы №26 мектептің орта буын оқушылары “Мен – Чемпион!” акциясы аясында велоспорттан жастар арасындағы топтық бәйгеде Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Алексей Луценкомен кездесті. Осы кездесуден кейін кемінде 10 бала велоспортқа мойын бұратынына өз басым кәміл сендім. 

Бала деген қызық қой. Не ойласа, соны айтады. Чемпионмен кездесеміз дегенде, балалардың көз алдарына бір дәу адам елестесе керек, бойы өздерінен аз-ақ биік, жапжас жігітті алғаш көргендерінде кейбірінің “Мынау ма?!” деген таңданысы да естіліп қалды. Бірақ кездесу басталған алғашқы минуттан бастап-ақ балалардың көз алдында “Чемпион” бейнесі қалыптаса бастады.
Балалар алдымен бейнеролик арқылы Голландияда өткен веложарысты тамашалады. Алексейдің экранда мәре сызығын бірінші болып кесіп өткенін көрген оқушылар оған сұрақтарды жан-жақтан жаудыртты. Соның алғашқысы – “Велоспортқа қалай келдіңіз?” деген сауал. Алексей өзінің Соколовка ауылынан екендігін, сонда қазіргі жаттықтырушысы Виктор Потапов келіп түрлі жарыстар өткізгенін, содан кейін өзін Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектебіне шақырғанын айтты. Сол кезде 12-13 жаста болған Алексей араға 7 жыл салып Әлем чемпионы атанарын білмеген. Қазір “Астана” құрамасы қатарына алынған, еңбек сіңірген спорт шебері атанған. Ол жаттықтырушысы Виктор Ивановичтің өзіне артқан сенімінің және ерінбей, жалықпай тер төгуінің арқасында талай асуларды бағындырып, осындай нәтижеге қол жеткізген. Спорттың арқасында Қазақстанның барлық қалаларында және Германия, Франция, Италия сияқты шетелдерде болғанын баяндады.
Алексейдің бала күнінде кім болғысы келгенін білгісі келгендер де табылды. Бала күнінде ұшқыш болуды армандаған жас чемпион өзінің велошабандоз болғанына өкінбейді. Велоспорт оның өмірінің мәніне айналған. Күн сайын 6-7 сағат жаттығатын Алексейдің осы жолда “шайтан арбадан” талай құлап, жарақаттар алған шақтары болған. Спортқа деген құштарлығы оны сүрінген сайын жігерлендіре, қажыр-қайратын жани түскен. Қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін ең бірінші төзімді болу керектігін түсінген.
Чемпионның ең алғашқы мінген велосипеді үш аяқты “Чебурашка” болғанын, ал қазір ол құны жеті мың еуро тұратын “шайтан арбаны” ауыздықтап жүргенін де балалардың сұрақтары барысында аңғардық. 20 жасында 220 шақырымды 6,5 сағаттың ішінде тоқтаусыз жүріп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен жерлесіміз Алексей Луценко Қазақстанның Гимні ойнаған сәтте бойын мақтаныш сезімі билеп ерекше тебіренгенін де жасырмады. Ол итальян тілін біледі. Жасөспірім шағынан мектеп-интернатта қазақ балаларымен араласып бірге жүргендіктен, қазақ тілін де түсінетінін, бірақ сөйлеуге шорқақтығын айтты.
– Қазақша сөйлей алмағаныммен, қазақ жерінде тудым, Қазақстан азаматымын және солай болып қаламын. Мен үшін “Отан” деген қастерлі ұғым. Қазақстан – менің Отаным, – деді Алексей Луценко.
Оның кумирі – Александр Винокуров, мақсаты – олимпиадалық ойындарда жеңіске жету.
Чемпионмен болған қызықты сұхбаттан қанаттанған балалар оған бұдан әрі де жеңіс шыңдарынан көрінуін тіледі және кездесу соңында қолтаңба алып, естелік суретке түсті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp