Қазіргі уақытта мәзһаб немесе мәзһабтар туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Бұдан 4-5 жыл бұрын діни оқулықтардың жетіспейтіндігі сезілетін. Ал қазір халықтың ілім-білімінің арта бастағандығынан ба екен, мәзһабтар турасында кеңінен талас-тартыстар мен алыпқашпа сұхбаттарға барып жүргендердің санының артып бара жатқанын құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп те жүрміз. Сүттей ұйып, достығы мен татулығының арқасында бірлік-берекесі жарасып отырған елге ойран салып, тыныштығын бұзғысы келетіндердің қитұрқы пиғылынан басқа не деп түсінуге болады мұны? Қазіргі күн санап дамып жатқан заманда дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдері қоғамның діни сауатының төмендігін әсіре пайдаланып, өздерінің сенімі мен діндерін насихаттап жүр. Біз мәзһабымыздың не екеніне үңіле алмай жүргенде, мәзһабсыз мәзһабтар – салафилер, уахабилер өзінің ақидасын (діни сенім жүйесін) жастарымыздың санасына сеуіп үлгерген. Нәтижесінде отбасы, қоғам, мемлекет ішінде идеялық, танымдық, діни, психологиялық жаттану үрдісі жүріп жатыр. Сондықтан ханафи мәзһабы туралы таратып, кеңінен мағлұмат бергеніміз абзал.
Мәзһаб терминін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас Мүфти Әбдісаттар қажы Дербісәлі былай деп түсіндіреді: “Мәзһаб дегеніміз араб тілінде “баратын жол” мағынасын береді. Мәзһаб сөзінің белгілі бір бағытқа жүру мағынасын беру себебі, мұсылмандық үкімдер ақыреттік мекенге жету жолындағы қатынастарды реттеуді қолға алады. Сондай-ақ мәзһаб сөзі “лайықты көзқарас” деген ұғымды да білдіреді. Терминологияда мәзһаб деп ислам дінінің үкімдерінің жүзеге асырылуы мен түсіндірілу барысында, яғни саяси, сенімдік, құқықтық негіздер бойынша белгілі бір ғұлама (мәзһабтың негізін қалаушы) тарапынан берілген үкімдердің жиынтығы айтылады”.
Мәзһабтың құрушысы – ұлы имам Әбу Ханифа 699 жылы (х.80) Куфада туды. Әке жолымен мата саудасымен айналысты, бір жағынан терең ислами білім алды. Калам, фикх, қырағат салалары бойынша білімін жетілдірді. Оның Әбу Ханифа лақабы туралы нақты мәлімет жоқ. Ханифа атты ұлы да жоқ. Ибн Хажар ал-Хайсами ол үнемі қолына дәуіт ұстап жүретіндіктен, оған “Әбу Ханифа” делінді дейді.
Әбу Ханифа өзінің үкім шығару тәсілін былай түсіндіреді: “Ең бірінші Құраннан үкім көрсем, со-ны аламын. Құраннан таппасам, Пайғамбардың хадистері мен сүннеттеріне қараймын. Пайғамбардың сүннеттерінен таппасам, сахабалармен бірлесе отырып, ортақ келісімдермен шығарған үкімдерін аламын. Олардың арасында тартыс болған немесе біреулері келісіп, олардың арасынан жөн көргенімді қабылдап, жөн көрме-гендерімді теріске шығарамын”.
Мәзһабтың негізі сахабалар дәуірінен бастап қаланды. Мекке тұрғындары пәтуаны тек Абдулла бин Аббастан (р.а.) сұрайтын. Хазірет Абдулламен бірге Мекке қаласында өзге де сахабалар өмір сүрді. Алайда, олардың ешбірі Абдулланың (р.а.) бұл әрекетін қате деп сынаған жоқ, керісінше құптады. Ал Ирак халқы Абдулла бин Масудтың (р.а.) пәтуасымен амал ететін. Бұл сахаба да ел тұрғындарына үкім шығарып, пәтуа берді. Ал Хижаз өлкесінің мұсылмандары Абдулла бин Омардың (р.а.) пәтуасын басшылыққа алатын. Бұл жайт – Пайғамбарымыздан кейін халифалар дәуірінде көпшілік сахабалардың көзі тірісіндегі құбылыс. Ешбір ғалым сахаба бұл жағдайды бидғат деп бағаламаған. Демек, мәзһаб ұстану бидғат емес, керісінше, мәзһабтан бас тарту бидғат болып табылады.
Табиғиндер заманында арнайы ғылыми орта құрылып, фикх ғылымымен терең шұғылданатын мектептер әр елде бой көтере бастады. Мектеп негізін құрушы мужтахид ғалым және оның ғұлама шәкірттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын ауқымды алып барды. Олар шариғатты шыңдап әмбебап етуді мақсат тұтты. Фикхты қолдану үшін шариғат негіздерін, оның теориясын жасап шықты. Әрине, мұны жазуда Құран және сүннетке сүйенді.
Осындай фикх мектептерінің ішінен ысылып төртеуі шықты. Ғылым мен тақуалықты арқау еткен бұл мәзһабтардың өміршеңдігін сыншы уақыттың өзі дәлелдеді. Ғылым мен тақуалық дейтінім, өзінің артынан мұсылмандарды ертуші мужтахидке қойылатын негізгі талап – осы екеуі. Ал төрт мәзһабтың тарландары Әбу Ханифа, имам Малик, әш-Шафиғи, Ахмад бин Ханбал дін ғылымында теңдесі жоқ, шоқтығы биік ғұлама болды.
Исламның төрт құбыласын тең қылып тұрған төрт мәзһаб ішіндегі қарға тамырлы қазақтың жүрегі мен табиғатына, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына жақыны, әрі жалпақ даланы желіп өткен бабаларымыздың ықылым заманда-ақ таңдағаны – имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы. Негізінен, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан жұртына кеңінен тараған Ханафи мәзһабы тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай. Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда, өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялығымен де ерекшеленіп тұрады. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі − өз дүниетанымы, бітімі мен болмысы, жүрегі мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.
Дін жалпы жамағаттың игілігі үшін қажет. Сол себепті де білімділер жамағаттан қол үзіп, олардан айрылып қалмас үшін, жамағат үшін жұмыс жасап, жамағаттың тілінде сөйлеп, жамағатты толғандыратын мәселелерге де көбірек көңіл бөліп отырулары қажет. Олар үшін анық, шешімін тапқан мәселелер жалпы жамағат үшін таңсық болуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда қажетті білім көпшілікке жетпей қалып жатады. Және ұрпақ үздіксіз жаңару үстінде. Сол себепті де білімді қайта жаңғыртып, оларды халыққа қайта-қайта таныстырып, үздіксіз насихаттап отыру қай уақытта да өзекті болып табылады.
Әрине, дінді басқа жақтарынан да қарастырып, кеңінен насихаттаған жөн. Бірақ дәл қазіргі сәтте мәзһабты насихаттауға баса назар аудару қажет болып тұр. Себебі, “Бірлік болмай, тірлік болмас” дегендей, жамағаттың арасында туындап жатқан жікшілдік мәселесін шешіп алмайынша, дін ісін ойдағыдай алға бастыру қиынға соғады. Өйткені, Қазақстандағы дәстүрлі ханафи мәзһабына қарсы шығып, оны ұстанбауды насихаттайтын, ұлттық дәстүр атаулыны мүлде мойындамайтын, намаз оқымағандарды мұ-сылман ретінде санамайтын, намаз оқымаса, әке-шешеден де безіндіретін, мұсылман елдерін біріктіріп халифат құрмақ болатын, жиһадты қан төгу деп қана түсінетін және басқа да неше түрлі шектен шыққан келімсек топтар жалпы исламның атына кір келтіріп, халықты діннен шошытуда.
Әдет-ғұрыпқа келетін болсақ, бұл – діни түсініктің қалыптасу негізі және мінез-құлықтың қалыптасуының факторы. Қандай бір ұлт болсын, дінмен бірге әдет-ғұрпын сабақтастырып, қатар ұстанады. Әлемдегі түрлі мұсылмандықтың қалыптасуының негізгі себептерінің бірі осыдан туындады. Яғни, дін мен әдет-ғұрып бір-бірімен тәуелсіздік үшін күрес жүргізді. Әдет-ғұрып діннен басым болған қоғамдарда діни түсінік пен қоғамдық құрылым өзгешелеу болса, дін әдет-ғұрыптан басым болған қоғамның өзіндік ерекшелігі болды. Осы жағдай түрлі мәзһабтардың шығуына әсер етті.
Мәзһаб тек дін үшін, жамағаттың бірлігі және халқының болашағы жайлы уайымдаған жандардың білімі мен қажыр-қайратына ғана иек арта алады. Сондықтан да осындай адамдардың мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып, оларды бір мақсатқа жұмылдыра білу қажет. Сондай-ақ мәзһабтың артында тірек болып тұрған үлкен күш – мемлекет бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы заманға сай жұмыстарын үйлестіре жүргізіп, бірқатар мұсылман мемлекеттерімен байланыс орнатты. ҚМДБ қарауындағы мешіттердің түгел дерлігі Әбу Ханифа мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл – ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етеді деген сөз. Сол себепті елімізде дін туралы қабылданған соңғы заңда Қазақстан мұсылмандарының осы мәзһабпен амал жасайтыны шегелеп көрсетілген.
Әзірлеген Нұрбол ҚАБЫЛБЕК,
облыстық дін істері департаментінің жетекші маманы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp
Соңғы жаңалықтар
- 13.11.2024
- 1 қаралым
- 13.11.2024
- 0 қаралым
- 13.11.2024
- 3 қаралым
- 13.11.2024
- 1 қаралым
- 13.11.2024
- 0 қаралым