«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТЕРІМДІ МАҚТАН ТҰТАМЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған елдің мұғаліміне, мектебіне қойылатын талаптың жүгі ауыр. Мектептегі ұстаздар білімді де білікті, өз ісінің майталман шебері болуымен қатар, жеке басының мәдениеті, адамгершілік тұлғасы, парасаттылығы, азаматтығы тұрғысында жастарға үлгі боларлық биіктен көрінуі шарт. Осындай биіктен көрініп жүрген мектептің бірі – 80 жылдығын атап өткен Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектеп. Аталған мектепте 36 жыл еңбек етіп, осы мектептен құрметті демалысқа шықтым.
Өткен күндерге тоқтала кетер болсам, мектептің ұстаздар қауымында “Ұстаздардың ұстазы” атанған үлкен кісілер бар екен. Олар – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Шияп Садықов, Ахметжан Қалиахметов, Сәден Байбатыров, Шәкім Нұртазин, Шаймұрат Қарабеков, Ғазез Жақин, Есмағзи Жүсиев, Шаяхмет Қуандықов, Аманжол Спаен, Есмақан Қожақов, Хамит Жетпісов. Мектеп директоры Шекен Қасымов болатын. Сол кісінің қаталдығы мен талапшылдығының арқасында біздің, сол кездегі жас мұғалімдердің, ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігіміз артып, қандай жұмыс болса да абыройлы атқаруға тырысушы едік.
Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолына қалам-дәптерін алып, өз баласымен бірге өзгенің баласын тәрбиелейтін ана-ұстаздар да баршылық екен. Атап айтатын болсақ, Қайрия Ахметбекқызы, Нағима Шәріпқалиқызы, Әсима Қожабекқызы, Зура Тілембайқызы, Анна Ивановна. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Қағида Базарбайқызының мен үшін орны ерекше еді. Себебі, мен де ол сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі едім, білгенімнен білмегенім көп болатын. Сол кезде ақыл-кеңесін аямай қамқорлық жасап, ұстаздықтың қыр-сырын үйреткен тәлімгер ұстазыма өте ризамын.
Қай кезеңде болса да, ер адамның өмірдегі орны ерекше ғой. Әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеуде ер-азаматтар “темірдей тәртіпті” сақтайды. Басқа мектептерге қарағанда, біздің мектепте ер мұғалімдер баршылық еді. Олар: Шалбай Смағұлұлы, Мейрам Әбілкәрімұлы, Әлім Қадірәліұлы, Жұмаш Сейітбекұлы, Кейқуат Жұмағалиұлы. Бұл кісілер келе жатқанда, оқушылар түгілі біз, жас мұғалімдер, именіп тұратынбыз. Әрине, бұл сыйластықтың белгісі екен ғой. Біз де бүгінгі таңда құрметті демалысқа шығып, немере бағып отырған қадірлі ата-әже атандық. Мектебіміздің 70 жылдық мерейтойында:
Бір кездерде
жалындаған жастар едік,
Бір мектепте еңбек жолын
бастап едік.
Бәріміз де жастық шақта
бірге болып,
Мектептегі қиыншылықтан жасқанбадық, – деп ән салып едік, биылғы 80 жылдық мерейтойда:
Бір кездерде жалындаған
жастар едік,
Бір мектепте еңбек жолын
бастап едік.
Қатарына қосылып
зейнеткердің
Ата-әже болатын жасқа келдік, – деп шырқап жүрген менің замандастарым – Бөпеш Нұрғалиева, Зейнелғабиден Мәкенов, Алма Қапанова, Әмина Бекбасова, Нұрсұлу Байтеленова, Сейілхан Шаяхметов, Ұлболсын Шаяхметова, Бақыт Шәниева, Балкүміс Әбілова, Бәзира Рахымберлина.
Біздің ісімізді жалғастырушы, бүгінгі таңдағы мектептің тізгінін қолына алған ұстаздар – мектеп директоры Есен Баржақсин, оқу ісінің меңгерушісі Айгүл Байбатырова, Лариса Әлтиқызы, Бекет Баяхметов, Өмірсерік Есмағанбетов, Сұлу Есімсейітова, Роза Қажрахимова және т.б.
“Ұстаз еңбегінің жанғаны – шәкіртінің өзінен озғаны” дегендей, жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегімнің жанғанын көріп отырған зейнеткер ұстазбын. Әрине, біздің мектептен түлеп ұшқан әрбір шәкірт – бүкіл ұстаздар қауымының мақтанышы. Мен өзімнің пәнім бойынша ана тілінің қадір-қасиетін бойына сіңіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздары болып және тіл дамыту саласында қызметте жүрген шәкірттерімді мақтан етемін. Атап айтатын болсам, облыстық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Әлібек Серғалиев, облыстық білім департаментінің қызметкері Рысжан Нұрғалиева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары Ернияз Сұлтанов, Нәзира Байбатырова, Шал ақын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Динара Нүкенова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының оқытушылары Данагүл Таласбаева, Динара Сансызбаева, осы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 4-курс студенті, орыс қызы Диана Мелихова және М.Ахметбеков атындағы орта мектепте өз орнымды басқан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Өмірсерік Есмағанбетов “Ұстаз – ұлы мамандық” екенін дәлелдеп жүр. Қасиетті мектебімдегі сүйікті ұстаздарға алдағы уақытта да шәкірттері білімнің биік шыңынан көрініп, өздерінің еңбектерінің жетістіктерін көре берулеріне тілектестігімді білдіремін.
Зиягүл ТАСЫБАЕВА,
ҚР білім беру ісінің үздігі.
Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp