«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ – АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТТЕРІ 51 адам жауапқа тартылып, 28-і ата-ана құқығынан айрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұлдыз ОСПАНОВА,
кәмелетке толмағандар істері жөніндегі облыстық
мамандандырылған ауданаралық соттың кеңсе меңгерушісі.

Қазіргі заманда адамдар өз міндеттері мен құқықтарын білетініне сенімді. Дегенмен, балалардың құқықтарына қатысты сауал туындаса, көп жағдайда толық жауап беруге дайын болмайды. Ойланатын жағдай: баланың құқықтарына не жатады?
Тарихқа жүгінсек, 1924 жылы Ұлттар Лигасы Бала құқықтарының Женева декларациясын, 1959 жылы БҰҰ Бала құқықтарының декларациясын, 1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Баланың құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. 1994 жылы Қазақстан бұл конвенцияны бекітті. Біздің елімізде баланың құқықтары туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк-құқықтық актілерден тұрады: “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы” Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 Заңы, “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы” Қазақ-стан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі №591 Заңы, “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV Кодексі.
Қазақстан Конституциясының 27-бабында: “Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi” деп белгіленген. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
Өз мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-аналарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығында болуға құқығы, олармен бiрге тұруға құқығы бар. Баланың өз ата-анасының тәрбиесіне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуіне, жан-жақты өсiп-жетiлуiне, өзінің адами қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiнің қорғалуына құқығы бар. Кәмелетке толғанға дейiн ҚР Заңдарына сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы бар. Баланың ата-аналар және басқа да заңды өкілдер тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға құқығы бар.
Ата-анасы және басқа да заңды өкілдерінің ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтiруге хақысы жоқ. Баланы тәрбиелеу тәсiлдерiнде баланың адамдық қадiр-қасиетiне менсiнбей, қатал, дөрекi қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиiс. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кезде, оның iшiнде ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу, оған бiлiм беру жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған кезде немесе тиiсінше орындамаған кезде не ата-ана (қорғаншылық, қамқоршылық) құқықтарын терiс пайдаланған кезде бала – қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметті жүзеге асыратын органға, ал 14 жасқа толғанда өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа өз бетiнше жүгінуге құқылы.
Ал енді статистикаға сүйенсек, біздің сот істерді қарай бастағаннан бергі үш айдан астам ғана уақытта ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және оқыту жөнiндегi мiндеттерiн орындамағаны үшін 51 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 28 адамға қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарылды. Бұл мәліметтер ата-аналардың балаларына қатысты құқықтары мен міндеттерін дұрыс білмейтінін, не біле тұра орындамайтынын айқындайды.
Жасы он сегізге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға мас күйінде келуіне, сондай-ақ олардың қоғамдық орындарда ішімдік ішуіне жол бергені үшін 15 ата-анаға айыппұл салынды. Заңды өкiлдерi еріп жүрмеген кәмелетке толмағандардың тұрғын жайдан тыс жерлерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн болуына жол берген 11 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды.
Балаға алкогольдi iшiмдiктердi, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады деген заң нормасын бұзушылық та жиі кездесуде. Мәселен, 18 жасқа толмағандарға темекі және темекі бұйымдарын сатқаны және сатуға жол бергені үшін 17 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету оларды құқықтық қорғаумен тікелей байланысты. Ол кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігінің барлық саласын: тәрбиені, білім беруді, денсаулық сақтауды, еңбекті, әлеуметтік қамсыздандыру, демалысты қамтиды. Жақсы тәрбие алған бала болашақта ата-анасының қамқоршысы, өз елінің абыройлы азаматына айналады. Сонда Конституцияда көзделген: “Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi” деген қағидамен қатар, “Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi” деген қағида толық жүзеге асар еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp