«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚМОЛАЛЫҚ ӨНЕРПАЗДАР ҚЫЗЫЛЖАР САХНАСЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Қызылжар өңірі “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасының эстафетасын қабыл алды. Оны бізге Ақмола облысы табыс етті.  

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасы Шығыс Қазақстан облысында жалауын көтерген болатын. Елдің бірлігін ұрандаған эстафетаны осы күнге дейін Павлодар – Қарағандыға, ол өз кезегінде Ақмола облысына табыс еткен еді. Зор міндетпен келген ақмолалық делегацияны қызылжарлықтар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қарсы алды. Осыдан кейін мега-жобаның ресми бөлімі басталды. Алдымен Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы бейнефильмді көрген қауымның алдында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары Айдарбек Сапаров пен Асхат Қайнарбеков мега-жобаның маңызы мен мақсаты халықтар бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту екендігін атап өтті. Ал қос өңірдің ассамблея өкілдері өздерінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістіктеріміз сараланып, оны бірлігімізді баянды етер ортақ тілге айналдыру қажет деген ойлар айтылды. Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы өз жанынан қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жастарының басын қосу үшін мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау бойынша орталық ашқан екен. Оның төрайымы Алена Герасимова мемлекеттік тілдің қай салада болсын сапалы дамуына бәріміз жауаптымыз, деген ойын жеткізді. Өңіріміздегі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің қазақ филологиясы кафедрасының түлегі Алена Герасимованың көрші облыста мемлекеттік тілдің дамуына атсалысуы қызылжарлықтар үшін мерей болса, бұл сондай-ақ біздегі қазақ тілінің даму деңгейін де көрсетеді. Осы жайлы сөз қозғаған “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында 5 қазақ орта мектебі ашылып, бүгінде өңірдегі 340 өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде білім алып жүргендігін айтты.
“Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасының эстафетасы біздің өңірімізге табысталғаннан кейін ақмолалық қонақтардың дайындаған концерттік бағдарламасы басталды. Еліміздегі этносаралық бірлікті бейнелеген хореографиялық шығармамен басталған кеш барысында әр ұлттың жауһар туындылары орындалды. Концерт соңында мейман өнерпаздарға облыс әкімі Серік Біләловтің атынан гүл шоғы тарту етілді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp