«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР “БАЛАПАНМЕН” бірге өсіп келеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы №488 қаулысын жүзеге асыру үшін “Балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбие және оқумен қамтамасыз ету бойынша 2010-2014 жылдарға арналған “Балапан” бағдарламасы қабылданды. Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама аясында еліміз бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Республика бойынша мектепке дейінгі 8524 ұйымда, дәлірек айтсақ, 2908 балабақша мен 5616 шағын орталықта 605790 бала тәрбиеленіп жүр. Мектепке дейінгі тәрбие және оқу жүйелерінің бірінші жартыжылдықтағы өсіміне 840 орындық 6 балабақшаның салынуы, 6190 балаға шақталған 268 шағын орталықтың ашылуы және 6460 бүлдіршінге лайықталған 47 жекеменшік, тағы басқа да жолдармен (4731 мың орын) 107 балабақшаның пайдалануға берілуі де зор ықпалын тигізді. Сөйтіп, биылғы алты айда қосымша 197988 бүлдіршін балабақша табалдырығынан аттады.
Солтүстік Қазақстан облысында “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2010-2011 жылдар аралығында 7405 мектепке дейінгі тәрбие орыны ашылған. Үстіміздегі жылы облыс бойынша ғимараттарды сатып алу және жөндеу, жалпы білім беретін мектептердің қабырғасынан шағын орталықтар ашу, қолданыстағы мектепке дейінгі ұйымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктерді кеңейту есебінен 1294 баланы қамту көзделген, соның ішінде 929 орынды Петропавл қаласында ашу жоспарланған. Үстіміздегі жылы “Балапан” бағдарламасына облыс бойынша 1 миллиард 267 миллион теңге (соның ішінде Петропавл қаласы бойынша – 398 миллион 250 мың теңге) қарастырылған.
Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста мектепке дейінгі мекемелерді ашу және кеңейту есебінен 1325 орын, соның ішінде 617 орын “Балапан” бағдарламасы бойынша пайдалануға берілді. 2012 жылғы 20 қазанға дейінгі көрсеткіш бойынша мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 577 бірлікті құрап, оларда 22865 бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жүр. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқу және тәрбиемен қамтамасыз ету 85,2%-ды құрады.
Еліміздегі демографиялық үдерістер мектепке дейінгі ұйымдарда орын алуға кезектің өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі болып табылады. Соңғы 20 жылдағы Қазақстандағы бала туу көрсеткішіне жүргізілген талдау 1990 жылдан 1999 жылға дейін бала туудың күрт төмендегенін, 2000 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта оның деңгейінің артқанын көрсетеді.
“Балапан” бағдарламасының қабылданып, жүзеге асырыла бастауы тұрғындардың мектепке дейінгі қызметке қол жеткізу мүмкіндігіне үмітін оятты. Олардың балабақшаларға кезекке тұруға берген өтініштері күрт өсті. Осылайша еліміз бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу үшін тіркелген өтініш саны – 374 мың, соның ішінде 3 пен 6 жас аралығындағыларға қатыстысы – 162,6. Әсіресе, кезекте тұрғандардың ең көп деңгейі Оңтүстік Қазақстан облысында (50,4 мың), Алматы (48 мың), Астанада (54 мың) байқалады.
Бүгінде Петропавл қаласы бойынша 9 мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр. Кезек санын азайтуға бағытталған жан-жақты шаралар жүргізілуде.
Облыстағы 13 жекеменшік балабақшада 1201 бала тәрбиеленуде. Олардың қатарына Есіл ауданындағы 61 орындық жекеменшік “Мектеп-балабақша” кешенін, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы 96 баланы қамтыған – 5 мекемені, Петропавл қаласындағы 1044 баланы қамтып отырған 7 бүлдіршіндер мекенін жатқызуға болады. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің 8 балабақшасында 1001 балғын тәрбиелену үстінде. Балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбие және оқумен қамтамасыз етуге “Мәмбетов және К”, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестіктері, “Вишневское” ЖШС-і де өз үлестерін қосып жүр. Петропавл қаласындағы “Ашық аспан”, “Искорка”, “Василек”, “Чайка”, “Қуырмаш”, “Созидание” жекеменшік балабақшаларына мемлекеттік жалпы білім беру тапсырысымен 282 бүлдіршін орналастырылған.
“Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруда білім басқармасы мен 9 жеке кәсіпкер арасында мектепке дейінгі мекемелер ашу жөнінде ынтымақтастық меморандумға қол қойылған. Осындай қадамдар арқылы Петропавл қаласындағы балалар мекемесіне кезекті азайтуға күш салыну үстінде. Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі сапалы қызметке қол жеткізуді реттеп отыратын Типтік ереже дайындаған. Сол арқылы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі қандай ведомствоға тәуелді екендігіне қарамастан, реттеліп отырады. Мұндай бақылау министрліктің аумақтық органдарына жүктелген. Сонымен бірге Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер өз құзыреттілігі аясында білім беру ұйымдарының, соның ішінде, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысын меншік түріне қарамай, жоспарлы және жоспардан тыс тексеріп отырады.
2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы алдағы уақытта мектепке дейінгі тәрбие қызметінің сапасын арттыру үшін елімізде заманауи, типтік, инновациялық балабақшалар жүйесін дамытуға бағытталған.
Англия, Голландия, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты шетелдерде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үдерісіне ата-аналарды тарту тәжірибесі тиімділігін көрсеткен. Бұл тәжірибе біздің еліміздің кейбір өңірлерінде, соның ішінде біздің облыстағы балабақшаларда ата-аналарға арналған кеңес қосындары ретінде енгізіле бастады. Мұндай қосындарда әлеуметтік педагог, психолог, логопед, медицина қызметкері, дефектолог және басқа да мамандар бар.
Үкімет 2010 жылдың 26 ақпанында балалардың мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алулары мен кезекке тұру шараларын жеңілдету және оның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында “Мектепке дейінгі жастағы (1-ден 6 (7) жас аралығында) балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға тіркеу” стандартын бекітті. Ол жөніндегі ақпаратты ҚР БҒМ Интернет қорларынан (www.egu.gov.kz), “Электрондық үкімет” www.egu.gov.kz порталынан, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық стендтерінен, білім басқармаларынан, әкімдіктерден алуға болады.
… Осылайша еліміздің балалары “Балапанмен” бірге өсіп келеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp