Облыс орталығындағы №8 эстетикалық бағытта жалпы білім беретін мектеп-кешеннің 3-сынып оқушысы Есения Епифанцева Мәскеуде өткен халықаралық конкурста жүлделі орынға ие болып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып қайтты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Арт фестиваль – Роза Ветров” балалар қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен байқауға түрлі елдерден 900-ге жуық мектеп оқушысы қатысқан. Есения ән додасында қазақ және орыс тілдерінде “Айналайын” және “Леди джаз” эстрадалық әндерін тамылжыта орындап, қазылар алқасының көңілінен шығыпты. Аталмыш халықаралық конкурстың іріктеу туры көктемде өз қаламызда өткен. Сол кезде 9 жастағы Есенияның ән айту өнері мен сахна шеберлігі жоғары бағаланған. Бірнеше ай даярлықтан соң жас өнерпаз өзі оқитын мектебінің сенімін ақтап шықты. Оның әннен сабақ беретін ұстазы Юлия Левкинаның айтуынша, Есения бұған дейін де үлкен сахналарда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленген. 2011 жылы Алматыда өткен “Ақ көгершін” республикалық конкурсында, биылғы Бурабайдағы халықаралық ән додасында бағы жанған.
Есенияның ән айтуға машықтанып жүргеніне үш жыл. Ұстазы қыз баланың жан-жақты, талантты болып өсіп келе жатқанын айтады. “Түрлі конкурстарға шығып жүргенімізбен, оқуда да қатарластарынан қалыспауға тырысады. Сабағы жақсы. Ата-анасы да Есенияның әр жеңісіне қуанып, оған жан-жақты қолдау көрсетіп тұрады”, – дейді ұстазы Юлия Левкина.
СУРЕТТЕ: Е.ЕПИФАНЦЕВА.