«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИНАҚ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ЖЕҢІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында тұрғын үй құрылысын дамытумен қатар, Қазақстанда азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін әрі қарай өркендетуді ынталандыру шаралары қамтылған және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамыту халықтың кең ауқымды бөлігін қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге ықпал жасайтыны айтылған.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Осыған байланысты ел Үкіметі 2012 жылы республикалық бюджеттің кредиттік қаржысы есебінен тұрғын үй құрылыс жинақ желісі арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізуге жергілікті атқарушы органдарға 42 413,4 миллион теңге бөлуді қарастырып, осы жылдың 1 қазанына дейін 28 689,8 миллион теңге аударды, бүгінде оның 23 297 миллион теңгесі немесе 81 пайызы игерілді.
Республикада тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы өз қызметін бастаған уақыттан бері 260 мыңға жуық қатысушымен 110 млрд. теңгенің тұрғын үй құрылыс жинағы шартын жасады. Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 6043 қарызгерге жалпы сомасы 22,2 млрд. теңгеден астам тұрғын үй, аралық және алдын ала тұрғын үй қарызы берілді, соның ішінде мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1758 қарызгер 5,8 млрд. теңгеге қарыз қаржысын алды.
Енді осы бүкіл ел көлемінде атқарылып жатқан игілікті істің өзіміздің облыс төңірегінде қалай жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалының директоры Балахмет Молдиновты сөзге тарттық.
– Бүгінде біздің банк филиалы жалпы сомасы 15,7 млрд. теңгеден асатын 9 мыңның үстінде шарт жасады, оны жыл аяғына дейін 10 мыңнан асыру ойымызда бар. Осы жылдың өткен он айында ғана 1900 солтүстікқазақстандық тұрғын үй құрылыс жинағы шарттарына тұрды. Кредиттік қызметіміз басталғаннан бері 3,6 млрд. теңгенің үстінде қарыз бердік, соның ішінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға берілгені 2 млрд. теңгеге жуық. Биылғы 10 айдың ішінде 224 миллион теңгенің қарыз қаржысы босатылды. Оны банк салымшылары негізінен екінші нарықтағы тұрғын үй пәтерлерін сатып алуға пайдаланды.
Биылғы жылғы маусым айында ел Үкіметі тұрғын үй құрылысының “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын бекітті. “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы осы бағдарламаның екі бағыты бойынша операторы болып табылады. Оның бірінші бағыты – тұрғындардың барлық санаттарына қызмет етеді, онда қарыз есебінен тұрғын үй сатып алуға және кейінде сатып алу үшін жалға алуға болады. Ал екінші бағыты жас отбасыларына арналған – ол бойынша жас отбасылары кейінде сатып алынатын жалдық тұрғын үй алады. Тұрғын үй құрылысы жобалары банктің және жергілікті атқарушы органның арасында алдын ала келісіледі. Қарастырылған талап бойынша жаңа тұрғын үй 3-сыныпты жайлылыққа сәйкес болуы тиіс, шаршы метрінің бағасы белгіленген таза өңделген шаршы метрінің бағасынан аспауы керек. Ол Алматы мен Астана қалалары үшін – 142,5 мың теңге, Ақтау, Атырау және Өскемен қалаларында – 120 мың теңге, ал басқа облыс орталықтары үшін 90 мың теңге болып бекітілді.
Петропавл қаласында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында екі тұрғын үй құрылысы аяқталып келеді. Оның біріншісі – Интернационал көшесі, 4-үй мекенжайындағы 55 пәтерлік үй осы айдың аяғында пайдалануға беріледі. Ондағы пәтерлер жинақ салымшыларына бөлініп те қойылды. Сол сияқты, Юбилейная және Семашко көшелерінің қиылысындағы 126 пәтерлік үй де жыл аяғына дейін іске қосылады. Оның салымшыларына да пәтерлері белгіленіп, бөлініп берілді. Аталмыш үйлер пайдалануға берілгеннен кейін біздің банк бағдарламаға қатысушыларды кредиттеуге кіріседі. Олардағы пәтер сатып алушылардың пулдарында барлығы 700 миллион теңгеден астам кредиттік қаржы жинақталған.
Сөйтіп, қазір 181 тұрғын үй құрылыс жинағына қатысушы пәтер алуға дайын отырса, Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысында тағы бір 90 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Оған құрылыс жинағына қатысушылардан осы жылдың 1 желтоқсанына дейін өтініш қабылдаймыз. Бүгінге дейін бұл үйден пәтер алуға 130 салымшы тілек білдірді, арнайы комиссия пәтер иелерін пулдық жүйе бойынша анықтайтын болады.
“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға банк филиалы өз тарапынан жинақ салымшылары қатарын көбейтумен үлес қосуда. Бүгінде облыс тұрғындарының тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымдары 2 898 миллион теңгеден асып барады. Бұл салынатын тұрғын үй болса, сатып алатын қаржы бар деген сөз, – дейді Балахмет Рахметұлы.
Иә, аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты тұрғындардың басым бөлігін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін кешенді шешу болып табылады. Онда банк өзіне жүктелген жинақ салымдарын ұйымдастырумен айналысса, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен жүргізу жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Үкіметтің оған республикалық бюджеттен жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп отырғаны жоғарыда айтылды. Мысалы, Петропавл қалалық әкімдігіне осы мақсатқа келер жылға 1 100 миллион теңге бөлініп отыр. Ендігі мәселе кең ауқымды құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне келіп тіреледі. Бұл орайда қаламыздағы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін салынатын құрылыстың кең өріс ала алмай отырғанын айтпасқа болмайды. Еліміздің бірқатар облыстары биыл 3-4 үйден тапсырып та үлгерді және тағы осынша үйлердің құрылысын қолға алды. Ал біздің өңірде соны жүргізетін құрылыс компанияларының тапшылығы байқалады. Әйтпесе 55 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізіп жатқан қосалқы мердігермен ғана жұмыс істейтін “Еңбек-Ақмола” РМК сияқты құрылыс компаниясын таңдар ма еді? Әйтеуір, осы іске өзімізден “Петростройлюкс” және “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосылғанына да шүкіршілік дейміз. Кейінгі екі үйдегі құрылыс жұмыстарын солар жүргізуде.
Жергілікті атқарушы органдар осындай ұйымдастырушылық мәселелерін жетілдіре түскен жағдайда құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асатын “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы көздеген мақсаттан шығатын болады. “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы оған екі бағытта қатысуды көздейді. Оның біріншісі, жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті атқару органдардың тұрғын үй салуы және оларды тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асыру. Негізінде бұл бағыт 2020 жылға дейінгі кезеңде тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасының жалғасы болып табылады. Екіншісі – осы банк арқылы сатып алу жолымен жас отбасылары үшін жалдамалы тұрғын үй салу. Бұл – жас отбасыға жергілікті атқарушы органдар салған үйді жалға алып тұруға және бір мезгілде аталған баспананы әрі қарай меншікке сатып алуға төмен мөлшерлемелер бойынша тұрғын үй қарызын алу үшін тұрғын үй құрылыс жинақтарын жинақтауға мүмкіндік беретін жаңа бағыт.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қазір тұрғындар сеніміне ие бола бастады. Ол үшін салымшылардың жинақтары негізгі қорландыру көзі болып табылады. Кредит беру талаптарының тартымдылығына және банктің қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүйесіне қатысуына байланысты тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жинақ жүйесіне қатысушыларының қатары қалыңдай түсері сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp