«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТЫМЫЗ КЕДЕЙЛЕРСІЗ АУМАҚ ҚҰРУ Қазірдің өзінде мемлекеттік атаулы көмек алушылар жоқ, ауылдық округтер саны 43-тен 83-ке дейін көбейтілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауына сәйкес қазақстандықтарды жұмыспен қамту басым бағыттардың бірі болып табылады. 

Осыған орай биылғы жылы Мемлекет басшысының 2011 жылғы тапсырмасы бойынша әзірленген “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын ауқымды іске асыру басталды. Бағдарламаның негізгі мақсаты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру, өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздардың және табысы аз адамдардың санын азайту болып табылады.
Бүгіндері облыс бағдарламаның мынадай төрт бағытын іске асыруға қатысуда:
I. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
II. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
III. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
IV. Ауылдық елді мекендерді дамыту.
Бағдарлама бірінші бағыт аясында азаматтарды оқытып, кейін оларды жұмысқа орналастыра отырып, әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған.
Үстіміздегі жылы облыстың 13 оқу орнына 496 адам оқуға жіберілді. Оқуды бітірген 441 адамның 419-ы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды.
Жұмыс берушілердің белсенді түрде қолдау көрсетуінің арқасында 1180 адам жұмысқа орналастырылды, 1091 адам “Жастар практикасына” жіберілді, ол жас мамандарға алған кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.
Тұрмысын ауыл өмірімен байланыстырған азаматтарға кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіледі. Биыл 268 қарызгерге 600 млн. теңге сомасында жеңілдетілген кредит берілді.
Үшінші бағыт Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларын көздей-ді, сондай-ақ көшуге және қызметтік тұрғын үй алуға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
2012 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 115 үйге қатысты жұмыс аяқталды, 68 отбасы қоныстанды. 89 адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. 2 716,6 мың теңге мөлшерінде көшуге субсидия төленді.
Бағдарлама биыл “Ауылдық елді мекендерді дамыту” деген жаңа бағытпен толықтырылды. Бұл бағыт ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдық жобаларды қайта салу, күрделі және ағымдағы жөндеу арқылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны іске асыру үшін әлеуметтік маңызды 29 объектінің тізбесі жасалды, оған республикалық бюджеттік комиссия отырысында Солтүстік Қазақстан облысына 460,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде 25 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды, 4 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2012 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 460 жұмыс орны жоспарланған кезде 481 жұмыс орны құрылды. Құрылған жұмыс орындарына – 479 адам, оның ішінде аудандардың жұмыспен қамту орталықтары арқылы 224 адам жұмысқа орналастырылды.
Облысқа барлық төрт бағыт бойынша 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұтастай алғанда, бағдарламаның негізгі бағыттарын іске асыру халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамту деңгейін көтеруге, азаматтардың табысын арттыру, жұмыссыздық деңгейін, сондай-ақ аз қамтамасыз етілген және өз бетінше жұмыспен айналысатын азаматтардың санын төмендетуге мүмкіндік берді.
2012 жылы облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар 2011-2015 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бағдарламада әйелдерді, жастарды, оралмандарды басым түрде жұмысқа орналастыру, аз қамтамасыз етілген азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарды, “Жастар практикасын”, жұмыссыздарды кәсіби даярлауды ұйымдастыру және өткізу, халықтың нысаналы топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құру сияқты белсенді нысандарды қолдану қарастырылған. Бағдарлама аясында жұмыссыздар санын азайту үшін жұмыс іздеу клубтары мен бос орындар жәрмеңкелерін өткізу жұмысын жандандыру, жұмыс орындарына салық органдарымен салыстырмалы талдау жасау, электрондық сайттарда ақпаратты жүйелі орналастыру жұмыспен қамту органдары қызметіне рейтинг жүргізіледі.
2012 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 13201 жаңа жұмыс орны құрылды, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде (66,6%). Уәкілетті органдар арқылы жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 9235 адам жұмысқа орналастырылды, кәсіптік даярлауға 674 жұмыссыз жіберілді, халықтың нысаналы топтары арасынан әлеуметтік жұмыс орындарына 514 азамат жұмысқа орналастырылды. Кәсіпорындар мен ұйымдар квотасы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрақты жұмыс орындарына 264 мүгедек жұмысқа орналастырылды.
Жұмыссыздарды қорғау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысты жоғалту бойынша жәрдемақы төленіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсету үшін 2012 жылдың 9 айында 52 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкелерді өткізу барысында жұмыспен қамту органдарының мамандары жұмыспен қамту бойынша 3085 кеңес берді.
Жұмысты іздеу клубтарында 310 оқыту сабағы өткізілді, оған 2412 жұмыссыз қатысты.
Тіркелген жұмыссыздардың үлесі облыстың экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарының 0,4%-ын құрды. Статистика мәліметтері бойынша 2012 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі облыстың экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарының 5,2%-ын құрды.
2015 жылы жұмыссыздық деңгейін 5,0%-ға төмендету жоспарланып отыр.
Қызметкерлерді қорғау және олардың мүдделерін ілгерілету, жұмыспен қамтудың икемді саясатын іске асыру үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері экономиканың нақты секторы және бюджеттік саланың ұйымдарында ұжымдық шарттар жасасу жұмысын жүргізуде. 2012 жылғы 1 қазанға 3496 ұжымдық шарт жасалды, ол облыста жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар санының 63,6%-ын құрайды.
Қызметкерлердің еңбек құқығын және кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында облыстың 495 кәсіпорнымен меморандумдарға қол қойылды. Бизнестің корпоративтік жауапкершілігі аясында жалпы мөлшері 257,0 млн. теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелері жөнінде өзара ынтымақтастық туралы 222 меморандум жасалды.
Кәсіпкерлердің инвестициялары әлеуметтік дамуға жұмсалуда. Мектептерге, денсаулық сақтау мекемелеріне, мәдениет, спорт объектілеріне жөндеу жүргізілуде, көшелер мен жолдар көгалдандырылуда.
Облыста азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалы отбасыларға балалар жәрдемақысы және тұрғын үй көмегі түріндегі әлеуметтік төлемдер арқылы аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау қарастырылған. 2012 жылға азаматтардың осы санаттарына 526,0 млн. теңге мөлшерінде бюджет қаражатын бөлу қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4346 адамға немесе 43,1%-ға азайды. Тағайындалған көмек мөлшері 54,3 млн. теңгеге немесе 39,0%-ға кеміді.
Жыл басынан бері облыс бойынша 13,8 мың балаға жалпы мөлшері 136,7 млн. теңгеге атаулы көмек тағайындалды.
Облыста “Кедейлерсіз аумақ” құру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Іс-шаралар жоспарының негізгі міндеті халықты жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру арқылы масылдықты қысқарту болып табылады. Мәселен, жыл басынан бері 2012 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 43 ауылдық округте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ, 2012 жылғы 3 тоқсанда облыстағы осындай округтер саны 83-ке жетті.
Облыста денсаулық жағдайы бойынша үнемі бөгде адамдардың көмегін және әлеуметтік қызметті қажет ететін 1,6 мыңнан астам адам тұратын 7 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі және мүгедектерді сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Интернат-үйлерінде қызметтерді ұсыну арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну стандартына сәйкес жеке қажеттіліктері мен мүдделері ескеріле отырып, көлемі және түрлері бойынша іске асырылады. Мүгедектерді сауықтыру орталығында 364 адам оңалту іс-шаралары курсынан өтті.
2012 жылы балалар психоневрологиялық интернат-үйі жанындағы күндізгі бөлімше қосымша 30 орынға дейін кеңейтілді. Петропавл психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйі жанындағы арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынуды қажет ететін психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектер үшін күндізгі бөлімшесі ашылды.
Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдау және оларға нақты көмек көрсету бағыттарының бірі күтімді және көмекті қажет ететін жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету болып табылады.
Облысымызда 3 мыңнан астам адамға әлеуметтік қызмет көрсетуді 31 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері іске асырады, онда жалғызбасты қарттар және мүгедектер, жастары 18-ден асқан психоневрологиялық аурулары бар тұлғалар, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балалар және психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек балалар қызмет алады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес секторда психоневрологиялық аурулары бар 25 мүгедекке арнаулы үйде қызмет көрсету жағдайында әлеуметтік қызметтер ұсынылады.
Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі мүгедектерге, ардагерлерге және зейнеткерлерге қамқорлық жасау болып табылады. Осы бағытта қосымша әлеуметтік қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдануда, санаторийлік-курорттық емделуге, тіс протездеуге, коммуналдық төлемдерді төлеуге, моншалар мен шаштаразға баруға, аз қамтамасыз етілген отбасылар арасынан студенттердің оқуларына, жиі туберкулезбен ауыратындарға қосымша тамақтануға және емделу орындарына дейін жолақысы және басқа да әлеуметтік төлемдер беру жүзеге асырылуда.
2009 жылдан бастап соғыс ардагерлері мен мүгедектерді облыс орталығының әлеуметтік маңызды нысандарына жеткізу үшін оларға тегін көлік қызметін ұсыну жөнінде “Әлеуметтік такси” қызметі көрсетіледі.
Жыл сайын мүгедектерді оңалту бойынша қаржыландыру шаралары ұлғайтылуда. Мәселен, үстіміздегі жылы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 250,5 млн. теңге бөлінді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 21,2 млн. теңгеге артық.
Тұтастай алғанда, аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау, халықтың әлжуаз топтарын жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар тұрақтылықты сақтауға және солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды лайықты атқаруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp