«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН” БАҒДАРЛАМАСЫ сәтті жүзеге асырылу үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының мақсаты Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту және елдің әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру болып табылады. 

Рашида ИВАНОВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мерзімі екі кезеңнен тұрады. 2011-2012 жылдар бірінші кезеңді құраса, 2013-2015 жылдар – екінші кезең. Бағдарламаның қолға алынғанына бір жарым жыл өткеніне қарамастан, үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде республика бойынша бала туу 2 пайызға көтеріліп, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 4,3 пайызға кеміп, халық санының табиғи өсуі 6,3 пайызға дейін көтерілген. Нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 2011 жылдың қорытындысы бойынша 69,01 жасқа дейін ұзартылған. Ана өлімі үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында тірі туған 100 мың нәрестеге шаққанда 13 пайызға төмендеген. Нәресте өлімі де 5 пайызға кеміген.
Өңірімізде үстіміздегі жылдың 9 айында жүрекке 400-ден аса ота жасалып, оның ішінде 122 ота ашық жасалған. Өңіріміздегі жүрек-тамыр ауруларын емдеуде 2009 жылы №2 қалалық аурухананың негізінде қайта құрылған “Кардиологиялық орталықтың” маңызы зор. Бұл орталықта бүгіндері жоғары технологиялы ота жасалып, жүрек дерттеріне шалдыққан көптеген солтүстікқазақ-стандықтардың өмірге қайта оралуларына мүмкіндік туды.
Мемлекеттік бағдарлама бастапқы медициналық-санитарлық көмек түріне негізделген. Жалпы өңірімізде бастапқы медициналық-санитарлық көмек түрі 302 дәрігерлік учаскеде көрсетілсе, оларда қызмет көрсететін медициналық қызметкерлер саны – 1793 адам. Қазіргі таңда емханалардағы қызмет түрі барынша түрленген. Оны облыс тұрғындарының өздері де байқаған болар. Емхана қызметі санға емес, сапаға басымдық берген. Мәселен, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша 2010 жылы жаңадан бой көтерген №3 қалалық емхана қызметі ұзын сонар кезектен арылу үшін компьютерленген жүйені іске қосқан. Енді дәрігерлер қағазбастылықтан арылса, тұрғындар ұбақ-шұбақ кезекке тұрмайды.
Емделушілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруда “Саламатты Қазақстан – 2015” бағдарламасының аясында енгізілген әлеуметтік қызметкерлер, психологтер мен екінші және үшінші медбикелер атқаратын қызметтің үлесі зор. Өңірімізде қазіргі таңда 52 психолог және 119 әлеуметтік қызметкер, 286 медбике қызмет етуде. Бұл қосымша қызмет түрлері ұлттық скринингтік бағдарлама көрсеткіштерінің жақсаруына да септігін тигізуде. Медбикелер емханадағы жұмыстан тысқары учаскелерге тіркелген әрбір адамның пәтеріне барып, скринингтік тексерістер мен әртүрлі профилактикалық екпелерге шақырып, төсек тартып жатқан науқастарды үйлерінде бақылап тұрады. Учаскелік дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің және қосымша бөлінген мейірбикелердің тынымсыз еңбектерінің арқасында үстіміздегі жылы 236262 адам профилактикалық тексерістен өткен.
Ана мен бала өлім-жітімін азайтуда мақсатты жұмыс атқарылуда. Босанатын әйелдер мен нәрестелерге медициналық жәрдем беретін мекемелерді материалдық және техникалық жабдықтау жүргізіліп келеді. Тек осы жылы ғана 234 680 мың теңге игерілді. Қыркүйек айында №3 қалалық аурухананың негізінде репродукция бөлімі ашылып, оған жергілікті бюджеттен 67,0 миллион теңге бөлінді. “Саламатты Қазақстан – 2015” бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба өңірдегі демография мәселесінің күрмеуін шешуге оң әсерін тигізіп, дүниеге келетін солтүстікқазақстандықтардың саны жыл санап өседі деп күтілуде.
Туберкулезбен күрес жүргізу – аталмыш мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Туберкулез ауруының алдын алу шараларының жоспары өңірімізде 84 пайызға орындалып, 404,9 мың тұрғын қаралып, ауруға шалдыққан 229 науқас анықталған.
Ғасыр індеті – қатерлі ісікті емдеуде жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлері көрсетілетін облыстық онкологиялық диспансердің атқаратын рөлі басым. Облыс бойынша 17 онкологиялық кабинет болса, оның 4-еуі – Петропавл қаласында. Үстіміздегі жылдың 9 айында маммографиялық тексерістердің 87,2%-ы орындалып, 2890 қатерлі ісік белгілері және 26 обыр ауруы анықталған. Әйелдердің 89,2%-ы цитологиялық тексерістен өткен. Жатыр қатерлі ісігіне шалдыққандардың 16-сы анықталып, 1920 әйелде қатерлі ісік алды белгілері табылған. Онкологиялық қызметтің жалпы бюджеті 1 миллиард 675 миллион 800 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ онкологиялық көмекті дамыту республикалық бағдарламасының негізінде облыстық онкологиялық орталықтың радиологиялық корпусына қосымша 2-ші қабат тұрғызу жұмыстары қолға алынды.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің аясында медициналық ұйымды ерікті түрде таңдау өңірімізде жоспарлы түрде орындалып келеді. Мұның арқасында тұрғындар өз қалауынша емханалар мен ауруханаларды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз алдына медициналық қызметкерлер мен мекемелер арасында бәсекелестік орнатып, сол арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет түрлерінің сапасын арттыруға жәрдемдеседі. Ерікті түрде медициналық мекемені таңдау жүйесі стационарлық көмекті пайдалануды 11%-ға төмендеткен.
Өңірімізде 28 аурухана, 103 амбулаториялық-емханалық ұйым, 96 дәрігерлік амбулатория, 479 медициналық пункт пен 46 фельдшерлік-амбулаториялық пункт халыққа қызмет етуде. Мемлекеттік ұйымдарда 1479 дәрігер мен 5290 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. 2012 жылы ЖОО-ның 80 түлегімен шарт жасалып, 1 қазанда 73 дәрігер өңірімізге қызмет етуге келді. Дегенмен, кадр мәселесі әлі де өзекті. Облыс бойынша дәрігерлердің жетіспеушілігі 216 адамды құрап отыр. Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаражаты есебінен 29 студент білім алуда.
“100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында 2008-2011 жылдар аралығында Петропавл қаласында облыстық қан орталығы, №3 қалалық емхана және 100 төсекке шақталған, бір аусымда 90 науқасты қабылдай алатын ауруханалар Новоишим және Пресновка ауылдарында пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы Есіл ауданының Явленка ауылында емхананың құрылысы басталды. Оған республикалық бюджеттен 1,0 миллиард теңге бөлінді. Аққайың ауданының орталығында жаңадан емхана салу үшін де қаражат бөлініп, ол 2013 жылы басталмақ. “Денсаулық сақтаудың 350 бастапқы ұйымы” бағдарламасы шеңберінде өңірімізде Булаево және Сергеевка қалаларында республикалық бюджет есебінен емханалардың құрылысы жүргізілуде.
Бұл бастамалардың барлығы еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталып, халыққа көрсетілетін медициналық көмек түрлерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда. Үстіміздегі жылдың 8 айы ішіндегі көрсеткіштерге сүйенер болсақ, бала туу мың адамға шаққанда 4,2%-ға өсіп, жалпы өлім-жітім 2,4%-ға кеми түсіп, халық санының та-биғи өсуі 0,54-тен 1,48%-ға көтерілген. Нәресте өлім-жітімі республика бойынша 13,9% төмендесе, облысымызда мың тірі туған сәбилерге шаққанда 12,1%-ға кеміген. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 0,2%-ды құрап, I-II ерте кезеңдегі онкология-лық дерттерді анықтау пайызы 3,5-ке жетіп, соңғы IV кезеңдегі диагностикалық анықтау 0,1%-ға түскен.
9 айлық қорытындының нәтижесінде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша облыс республикалық рейтингке сәйкес 9-орынға жайғасып, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 38,3%-ды құрап, республика бойынша 7-орынға көтерілген. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезден қайтыс болғандар мүлде тіркелмеген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp