«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ АУЫЗСУ ІШЕТІН АУЫЛДАР саны жылдан-жылға көбею үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” Жолдауында ауызсу мәселесіне ерекше маңыз беріп: “Қазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері – халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады” деген еді. Мемлекет басшысы елімізде халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың осыдан 8 жыл бұрын басталғанын және оның оң нәтижелері барын, атап айтқанда, орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылды елді мекендерде – 41 пайызға дейін, қалаларда 72 пайызға дейін өскенін атап айтқан. Сонымен бірге, осы бағдарламалық құжаттан тасымалды суды пайдаланатын адамдар санының 4 есеге азайғанын да білгенбіз.
Дегенмен, Президентіміз сумен қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуды қажет ететін ауылдардың да әлі аз емес екенін де бүкпесіз айтқан. Қалалардағы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткенін де жайып салды. Дей тұрғанмен, орташа алғанда, республика бойынша ауызсуға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиістігін, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керектігін айқын міндет етіп қойған. Көрсетілген мерзімде қалалардағы тұрғындардың орталық су желісіне қолжетімділігін – 100 пайызға, ал ауылды жерлерде 80 пайызға дейін жеткізу қажет.
Осыған орай, өткен жылы ел Үкіметі “Ақ бұлақ” бағдарламасын қабылдап, соның арқасында биылғы жылдың аяғында орталықтандырылған сумен жабдықтау желілеріне қол жеткізуді қалаларда – 90 пайызға, ал ауылдық жерлерде 43 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатқа – сумен жабдықтау желілерінің құрылысына, қайта құру және жаңғырту жөніндегі шараларға бөлінген қаржыландыру көлемі 76,8 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде қалалардағы сумен жабдықтау желілерін дамытуға 43,3 млрд. теңге және ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау желілерін дамытуға 33,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл игі істі Қызылжар өңірінде “Қазақстан су шаруашылығы” РМК-нің “Есіл су” облыстық филиалы атқарады. Кезінде әлемдегі ең ұзын су құбырларының желісімен Гиннестің рекордтар кітабына енген “Союзцелинвод” тресінің негізінде құрылған қазіргі “Есіл су” кәсіпорнының балансында ұзындығы 2700 шақырым су құбырлары желісі бар. Онда өздерінің қызмет көрсету аймақтары бойынша Булаев, Есіл, Преснов және Соколов топтық су құбырлары учаскелері жұмыс істейді. Олардағы сумен жабдықтау желілерінің көбінде дерлік қызмет көрсету мерзімі 40-50 жылға жетіп қалғандықтан, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде келеңсіз жағдайлардың жиі орын алып келгені жасырын сыр емес. Оның мысалы, Ақжар ауданына су беретін Булаев топтық су құбыры желісінің жекелеген бөліктерінде күніне 7-ге дейін апаттық жағдайлар орын алған. Мемлекеттің “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша бөлінген қомақты қаржы алдымен, міне, осындай қиын түйінді мәселелерді шешуге септігін тигізуде.
– Булаев топтық су құбырының ұзындығы 204 шақырымдық бөлігіндегі 2-ші кезектегі жаңғырту жұмыстарын бар болғаны екі жарым айдың ішінде бітірдік. Мұндағы диаметрі 90 миллиметрлік су құбырлары әбден тозып біткен болатын. Жұмыстың жылдам әрі сапалы атқарылуына оған бірден 15 қосалқы мердігерлік ұйымның тартылуы ықпалын тигізді. Сондай-ақ бағдарлама қаржысының бұрынғыдай құрылыс жүргізушілердің арасында тендер өткізуді талап етпестен, республикалық су шаруашылығы комитеті арқылы тура қолға тиюінің де әсері болды. Сол сияқты ондағы жүргізілген оңтайландыру жұмыстарының нәтижесінде осы мақсатқа бөлінген 2 149 миллион теңгенің орнына осындағы жаңғырту жұмыстарын толық аяқтап шығуға небары 1 100 миллион теңге жұмсалды.
Ал қазір жүргізіліп жатқан 3-ші кезектегі жаңғырту жұмыстарына 3 039 миллион теңге бөлінді. Біздің оны шамамен 1,8 млрд. теңгеге атқарып шығу мүмкіндігіміз бар. Осы ұзындығы 57 шақырым жаңғыртылатын бөлікте диаметрі 500 миллиметрлік құбырлар ауыстырылады. Бұл буын Булаев топтық су құбырының қысым көп түсетін бастапқы жағында болғандықтан, ескілері жиі ақау беріп, Ақжар ауданына жететін кейінгілерінде тіпті су бармай қалған кездері болды. Жаңа жылға дейін осындағы жаңғырту жұмыстарын аяқтап, апатты жағдайлар орын алған тораптағы машақаттан құтыламыз, – дейді “Есіл су” РМК директоры Мейірбек Егенов.
Кәсіпорын басшылығына биыл келген Мейірбек Дүйсенбайұлының осы саланың білікті маман екені аңғарылады. Жаңа басшының бәрінен бұрын өз көңілі толатын бір ісі – кәсіпорындағы барлық төрт топтық су құбырлары желісінің жеке-жеке жаңғырту есептемелері берілген анықтамалық альбомдарын жасап шығарғаны. Оны дайындау барысында өзінің гидролог-инженерлік және жоспарлаушы, есепші мамандармен бірге 2-3 ай отырып, тапжылмай жұмыс істегендерін жасырмайды. Нәтижесінде кәсіпорынның төлқұжатына бергісіз құнды анықтамалық жасалды. Одан жаңғырту жұмыстарына қажетті барлық деректерді табуға болады. Тіпті, оңтайландыру есептемелеріне дейін енген.
Кәсіпорын директоры келер жылы өздерінің кемінде 30 млрд. теңгенің жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Қазір Преснов топтық су құбыры желісі бойынша 13,7 млрд. теңгенің жаңғырту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары сараптамадан өтіп, дайын тұр. Оған комитет қаржы бөліп, жер жұмыстарын жүргізуге ауа райының жағдайы келгесін бірден қолға аламыз, – дейді ол.
Сондай-ақ Мейірбек Егенов Су шаруашылығы комитетінде бүкіл аудан әкімдерін жинаған үлкен алқалы жиында ауылды елді мекендерді сумен қамтамасыз етуді одан әрі жақсарту мәселесі сөз болып, оған барлығы 57 млрд. теңге қаржы жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Бұл орайда, облыстың Петропавл қаласынан басқа барлық елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ететін “Есіл су” РМК-ға қойылар талап та зор болмақ. Кәсіпорын қазір облыстағы 208 елді мекенде 231 су тұтынушымен жұмыс істейді. Алдағы жылы тағы 235 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, оның 59-ы жергілікті су көздерінен ұңғылап су алу скважиналарын орнату арқылы шешілетін болады. Сонда барлығы өңір бойынша 443 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіледі деген сөз.
Облысымызда барлығы 700 ауылдық елді мекен бар. Оның 126-сы болашағы жоқ, өте шағын елді мекендер саналады, ал оларға ондаған шақырым бұрма су құбырларын тарту – өзін-өзі ақтамайтын қажетсіз іс. Ендеше, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту көзделетін қалған 574 елді мекеннің алдағы жылы 443-і ауызсумен қамтамасыз етілер болса, оның өзі ауыл тұрғындарының 77 пайызы таза ауызсуға қол жеткізеді деген сөз. Ол өңірдегі “Есіл су” РМК-нің Елбасы алға қойған міндеттер үдесінен шыға алатынын көрсетеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp