«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – “АҚ КЕМЕ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр сахнасында – 15 жыл. Көп те, аз да емес. Облыстық қуыршақ театрының әртісі Сапар Мапенов – осынша ғұмырын театр өнеріне арнаған сахнагер. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Театрға жанымен берілген адам бірден танылады. Ол балаша ақкөңіл, мейірбан болады. Сапар Мапеновтің бойынан осы қасиеттерді тану қиын емес. 15 жыл ішінде дана ақсақал, мейірбан шаян, ақылды мысық, ақкөңіл бала және тағы басқа бейнелерді сомдап үлгерген сахнагер өзінің бенефисінде Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” повесінің желісі бойынша сахналанған “Армысың, ақ кеме, бұл мен ғой!” қойылымында басты рөлді сомдады.
Қуыршақ театрының сахнасында Шыңғыс Айтматовтың шығармасы тұңғыш рет сахналанды. Қойылым режиссері – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері Болат Әбдірахманов, ал музыкасын “Қызылжар” халық музыкасы ансамблінің көркемдік жетекшісі Виталий Смотров жазса, спектакльде Сапар Мапеновтен басқа Айгүл Қасенова және Елена Мишаченко ойнады.
Ыстықкөл жағасында тұратын баланың бастан кешірген оқиғаларына негізделген қойылым қайғылы аяқталса да, адам арманы мен қиялының мәңгілік екенін суреттейді. Қойылым режиссері Болат Әбдірахманов Шыңғыс Айтматов шығармасындағы Мүйізді Бұғы ана аңызын орынды пайдаланып, сол арқылы адам баласының жағымсыз тұстарын бейнелей алды. Бала өмірдегі бар қайғы мен қасіретті Мүйізді Бұғы ана жеңе алатынына сенеді. Бірақ адам баласының бойындағы қатыгездік өз дегеніне жетеді. Ғайып болған Мүйізді Бұғы ананың соңынан жүрегі пәк Бала да ғайып болады.
Мерейтой иесін құттықтауға келгендер арасында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков болды. Ол әртіске шығармашылық табыс тілей отыра, өңірлік театр өнерінің дамуына сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапаттады.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp