Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен “Дін тақырыбын БАҚ-та түсіндірудің негізгі қағидаттары” тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан аталмыш жиында “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Доценко өңір журналистері үшін үшінші рет өткізіліп отырған аталмыш жиын олардың діни тақырыпты жазудағы біліктілігін арттыруға септігін тигізеді деген сенімін білдірді.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сонымен бүгінгі таңда еліміздің ғана емес, әлемдік БАҚ өкілдері діни тақы-рыптағы ақпаратты сауатты жеткізуге мойын бұра бастады. Десек те, бұл тақырыптың аражігін ажыратып, қалам тартып жүргендер некен-саяқ. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Әсем Сембина БАҚ-та діни тақырыпты түсіндіру жөнінде әдістемелік ұсыныстар жасады. Сондай-ақ бүгін-ертең болмаса да, алдағы уақытта дін саласына қатысты журналистік топ ұйымдастырылатын болады, деді.
Семинар-тренинг барысында дін туралы қалай жазу керектігі түсіндіріліп, жергілікті басылымдар мен телеарналарда аталмыш тақырып жөніндегі ақпаратты жазған кезде журналистер жіберген қателер талданды. Ал облыстық прокуратура өкілі азаматтардың дін ұстану еркіндігі құқығын қорғау жөнінде өздері атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.
Үстіміздегі жылы 26 қазанға дейін діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтуі тиіс болатын. Әсем Сембина оның алдын ала қорытындысын айтты. Жалпы еліміз бойынша 46 конфессияның 4551 ұйымы болса, қазір 17 конфессияның 3088 ұйымы қалған. Яғни, діни ұйымдардың саны 32 пайызға қысқарған. Ал өңіріміз бойынша тіркеуден өткен діни ұйымдардың 64-і – ислам, 29-і – православие, 12-сі протестант дініне жатады.